• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
29 Желтоқсан, 2016

Ел газетінде жылдың қорытынды жиыны өтті

337 рет
көрсетілді

Бүгін «Егемен Қазақстан» редакциясында басылым басшысы Дархан Қыдырәлі соңғы алты айдың қорытындысы бойынша есеп беру жиналысын өткізді. Оған газет ұжымымен қатар депутаттар, жазушылар, ғалымдар және басылымда көп жылдар қызмет атқарып, еңбек демалысына шыққан бірнеше ардагер журналист қатысты. Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі газет пен газет сайтының соңғы айлардағы жетістіктері, жаңалықтары жайлы баяндады. Мысалы, Ақпарат және Коммуникациялар министрлігінің қолдауымен жаңа даму стратегиясы жасалып, 1 қыркүйектен бастап газет жаңа дизайнмен, жаңа форматта шыға бастады. Газеттің ішкі мазмұнында да айтарлықтай өзгерістер болды. Сараптамалық материалдарға басымдық беріле бастады. Жаңа тұжырымға сәйкес жаңа бөлімдер мен айдарлар, жаңа беттер ашылды. Солардың ішінде сарапшылар бағанын ерекше атап өтуге болады. Бағанда сарапшылар, газет шолушылары мен елге танымал мемлекет және қоғам қайраткерлері салмақты материалдарын жариялайды. Жақында жеке желілік басылым болып тіркелген Egemen.kz сайты бірнеше айда ақпараттық интернет-басылымдар ішінде алғашқы 25-тің қатарына қосылды. Сонымен қатар алдағы жоспарлардың негізгілері ретінде газетті осы заман талаптарына сай әрі қарай жетілдіру, сайтты толыққанды ақпаратты портал ретінде жаңарту, ақпарат мәселелеріне арналған семинарлар өткізу, «Егемен» жанынан Журналистика академиясын ашу, Ардагерлер кеңесін құру жөнінде де айтылды. Жоспардағы тағы бір игі шара - «Егемен Қазақстанның» 100 жылдығына қарай басылымның 1919 жылдан бергі материалдарынан тұратын 10 томдық жинақтың шығатыны. Ол соңғы жүз жылдық тарихымыздағы маңызды кезеңдер бойынша томдарға бөлініп, әр кезеңнің айнасы бола алатын материалдарды жинақтамақ. Жиын барысында құрметті қонақтар да сөйлеп, ізгі тілектерін айтты. Газетті көп жылдар басқарған депутат Сауытбек Әбдірахманов «Егемен Қазақстан» басылымы мен оның интернет-сайтын жаңа сапаға көтеру бағытындағы жұмыстарға жоғары баға берді.