• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
30 Желтоқсан, 2016

Жаңа нарық және жаңа мүмкіндіктер

404 рет
көрсетілді

«Масло-Дел» компаниясының өнімі Қытай нарығына шықты Май және сүт өнімдерін өндіретін отандық компанияны Қазақстанның Даму банкі қолдады «Масло-Дел» компаниясы 1999 жылы құрылған. Қазақстанның барлық аймағында кәсіпорынның 4 зауыты, 21 филиалы бар. Штат­тық қызметкерлерінің саны екі мыңнан асады. Өндіріс орны бүгінде өсімдік майын, сары май, маргарин, кетчуп, майонез, қоюлатылған сүт дайындайды. Азық-түлік өндіретін еліміздегі бұл ірі зауыттың жұмысы туралы компанияның негізін қалаған бас директор Павел СЕЛИВАНОВ айтып берді.   

Дағдарысты еңсеру тәсілдері

– Павел Геннадьевич, қазақ­стандық экономиканы тығы­рыққа тіреген 2016 жылды ком­па­нияларыңыз қандай нәти­жемен аяқтады? – Ең қызығы, бұл дағдарыстан біз сәтті шықтық. Оған бірқатар факторлар әсер етті. Біріншіден, қазақстандық нарықтан, әсіресе, сүт өндірісі секторынан бірнеше ресейлік компания кетті де, өзімізге орын босады. Екіншіден, біз сату техникасын, сауда сапасын жақсартуды қолға алдық. Үшін­шіден, кадр­ларымыздың біліктілігін арттыруды, әрбір қыз­меткерді жан-жақты оқытуды жолға қойдық. Мұның бәрі, әрине, өсіп-өркендеуімізге сеп болды. Жалпы, 2016 жылдың қараша айындағы жағдайды алып қарасақ, тауарлар тобы бойынша түсім кө­лемі – 50%-ға, сауда-саттық көлемі – 38%-ға өсті. Яғни, қараша айын­дағы көрсеткіш бойынша сау­дадан 25 миллиардтан астам теңге түскен. Ресейлік өндірушілердің азайғаны табысты болуымызды же­ңілдетті. Алайда, олар на­рықта болған күннің өзінде де, біз жақсы нәтижеге қол жеткізер едік. – «Масло-Дел» компа­ния­сының Қазақстан нары­ғындағы үлесі қанша? – 2016 жылы Қазақстан нары­ғындағы біздің өнімдердің құны 213 млрд теңгені құрады, яғни, бұл на­рықтың 11%-ы деген сөз. Ал белгілі бір тауарлардың үлесімен есептесек, мәселен, қоюлатылған сүтпен қамту бойынша, біз көш бастап келеміз. – Ал «Масло-Дел» компа­ниясының экспорттағы ахуалы қандай? – 2016 жылы экспорт көлемі екі есеге ұлғайды. Өткен жылы шетелге 2 млрд теңгенің өнімін сатсақ, биыл ол көрсеткіш 4,3 миллиардты құрады. Бұл нәтижеге экспортты қаржыландырған «Бәйтерек» холдингінің қолдауымен қол жеткіздік. Холдинг Қазақстанның Даму банкі арқылы бізге 3 жылға 6-8% жылдық өсіммен 3 млрд теңге қарыз берді. Сөйтіп, экспорт ахуалын жақсарттық. – Қай жаққа және қандай өнім экспорттадыңыздар сонда? – Біз басында, негізінен, Орта Азия елдерімен жұмыс істедік. Тә­жікстан, Қырғызстан, Өзбек- с­тан­­­­­­ға маргарин, қоюлатылған сүт саттық. Енді Қытайға жол ашылып отыр. Ол жақта біздің дайын май өнімдерімізді сататын еншілес кәсіпорын құрылды. Аспанасты еліне, әсіресе, маргариніміз қатты ұнаған сияқты. Осы сәтті пайдаланып, БАҚ арқылы Үкіметке өтініш білдіргім келеді. Біздің зауыттарды Қытай стандарттарына сай сертификаттау үшін қытайлық әріптестермен жұмыс істеп, жәрдемдессеңіздер екен. ҚХР Карантиндік және сертификаттау қызметі біздің өндіріс орындарына аудит жасауы тиіс. Егер сол тексерістен өтсек, Қы­тай нарығына сүт өнімдерін де тасымалдауға мүмкіндік туады. Әзірге, бұл тауарларды Қытайға жіберуге тыйым салынған. – Қазақстанның Даму бан­кі­нен алған қарызды неге жұм­са­дыңыздар? – Ол қаржыға, ең бірінші кезекте шикізат сатып алдық. Біз негізінен майлы дақылдарды сатып алу мақсатында қаржы­ландырылдық. Өзіміздің қолдағы бар қаражатымыз тек ішкі нарықты қамтамасыз етуге ғана жететін. Ал Қазақстан Даму банкі берген қаржы тауарларымызды Қытайға экспорттауға мүмкіндік ашты. Басында біз ҚХР-ға экспорт көлемін ұлғайтамыз деп ойла­ған жоқпыз. Өйткені, шығын оңайлықпен ақталмайды. Ұзақ мерзімді қажет етеді. Мәселен, қытай компаниялары өнімдерді түрлі тексерістен өткізеді, содан кейін ақшасын кешіктіріп төлеуді өтінеді. Сөйтіп, 1 айдан 3 айға дейін созылып кетеді. Сондықтан, біз айналымдағы қаржымызды ондай тәуекелге тіге алмадық. Ал ҚДБ-ның көмегімен жағдай жақсарды. Ашығын айтқанда, Даму банкінің қолдауынсыз Қытайға тауарларымызды экспорттай алмайтын едік. – Павел Геннадьевич, Қазақ­станда осы жылы инфляция деңгейі өсті, баға қымбаттады. Сіздерге де өз тауарларыңыздың бағасын көтеруге тура келді ме? – Біз нарықтық экономика жағдайында өмір сүріп жатырмыз. Егер ахуалға ілесіп, бағаны көтермесек, ұтыламыз. Біздің мойнымызда да нақты міндеттер бар ғой. Жанар-жағармай бағасы өсті, қызметкерлер де жалақысын көтеруді сұрайды. Міне, сол мәселенің бәрін ескеріп, түйінін тарқатуымызға тура келеді. Оның үстіне соңғы жылдары ресей­лік өндірушілер тарапынан да айтарлықтай қысым болды. Мәселен, жылына 1,5 млн тоннаға дейін өсімдік майын экспорттайды олар. Батыс санкция салған уақытта бүкіл тауарын маңайдағы нарыққа жіберді. Яғни, бұрын өнімдерін Еуропаға сатушы еді, енді тек Қазақстан мен Өзбекстанға жөнелтті. Және бәсекелестерін ығыстыру үшін тауарларының бағасын арзан­датты. Біз баға соғысын жасамадық, жағдайға қарай өз тіршіл­ігімізді жалғастырдық. Егер бәсекелестеріміздің саясатымен санассақ, компаниямыздың халі нашарлайтын еді. – Компания шетелдік шикі­затқа қаншалықты зәру? – Біз сүт, майлы дақылдар өндіретін отандық өндірушілермен қарым-қатынас жасап, барынша импортқа тәуелді болмауға талпындық. Бизнестің осы моде­лімен көп жыл жұмыс істедік. 2003 жылдан бастап майлы дақылдарды өңдейтін зауыт, сүт қабылдайтын бекеттер сала бастадық (бүгінде бұл нысандар саны 20-ға жеткен). Сондықтан, біз сатып алатын шикізаттар тізімінде қазір тек елімізде жоқ заттар ғана бар. Мысалы, түрлі дәмдеуіштер, пальма майы сияқты экзотикалық майлар, орауыштар дегендей. Осылайша, компания өндірісіндегі импорт көлемі 8-10%-ды ғана құрайды. Бұл импортты азайту саясаты біздің табысты болуымызға көмектесті. – Қазір Қазақстанда ауыл шаруашылығына қатты көңіл бөлініп жатыр. Кәсіпкерлердің көбісі осы салаға ұмтылуда. Осы орайда, сізге отандық шикі­зат жеткілікті ме? Әлде өндіру­шілерді ынталандырып оты­руға тура келе ме? – Біз май өндірісінде арда­герміз, бұл сектор біз үшін жаңа емес. Сүт және май өндірісі саласында мықты сарапшымыз, мәселені терең түсініп, талдай аламыз десем де артық емес. Әрине, бәсекелестік орта нығаюда. Қазіргі сүт өндірісіндегі қуатымыз шикізат көлемімен тепе-тең. Яғни, шикізат жеткілікті. Егер, сүт қабылдауды ұлғайтсақ, онда зауыттың да қуатын арттыруға тура келеді. Жалпы, қазір расымен, ауыл шаруашылығы саласында көп өзгеріс бар. Соңғы жылдары мемлекет сүт өңдеуді кеңейту мақсатында тиімді кредиттер беріп жатыр. Бұрын тек сүт өндіретіндер енді оны өздері өңдей бастады.  

Ұлт денсаулығы және шаруа қожалықтарын қолдау

– Таяуда ғана нарыққа жаңа тауарларыңыз – O’Live атты рапс майын шығардыңыздар. Жал­пы, бұл өнім қазақстандық­тардың дәстүрлі ас-ауқа­тында жоқ. Сіздер сонда отандас­та­рыңыздың азық-түлік тізі­міне жа­ңалық енгізуді мақсат етті­ңіздер ме? – Біз рапс майын өндіреміз, өңдейміз, себебі, ол күнбағыс майына қарағанда пайдалы. Егер Еуропаға зер салсаңыз, олардың нарығында рапс майы 80 пайызды құрайды. Әсіресе, зәйтүн өспейтін солтүстік аймағында, мысалы, Германияда осы рапс майы кең таралған. Оның үстіне рапс майы арзан, әрі қышқылдылық жағынан күнбағыс майымен салыстырғанда жақсырақ. Қазақстанда күнбағыс майынан өзге май жоқ сияқты ұғым қалыптасқан. Көбісі оны майлардың эталоны санайды. Алайда, рапс майы елімізде өндіріледі, тұтынушыға пайдалы. Өйткені, оның құрамында 11 пайыз омега-3 қышқылы бар. Ертеректе балаға осы қышқылдың орнын толтыру үшін балық майын беретін. Қазір оны ешкім қолданбайды, ал рапс майы ағзаны омега-3-пен қамтамасыз ете алады. Түйіндей айтсақ, бұл май ұлт денсаулығына өте пайдалы. – Сіз өндірушілерді рапс өсіруге үгіттедіңіз бе? Әлде на­рықта осы майды өндіруге ұсы­ныс болды ма? – Компанияның даму тарихына көз жүгіртсек, кезінде майлы дақылдарды өзіміз өсірумен айналыстық. Біздің 145 мың гектар жеріміз болды. Жартысына майлы дақылдар ектік. Кейін өнімді өңдейтін зауыттар салуды қолға алдық. Ауыл шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтары рапс майының тиімділігін байқап, оны өсіре бастады. 2011 жылы біз бұл бизнестен кеттік, жерді саттық. Тек өңдеумен айналысуды мақсат еттік. Ол кәсіптен ұнамағандықтан, яки, пайдасы аз болғаннан алыстаған жоқпыз. Тек компанияның айналымында ауылшаруашылық өнімдері бастапқыда 10%, сосын 15%-ды құрады. Сондықтан, біз оларды өңдеумен, сатумен айналы­суды жөн көрдік. Яғни, біз шикі­зат өндіру миссиясын толық бағын­дырдық, сосын ол нарықтан кеттік.  – Алайда, сіздер жом өндіріп, сатудан бас тартқан жоқсыздар. Нарықта оны сатып алушылар бар ма? – Жом – өте құнарлы ақуызды өнім.  Құрамында 40-47% протеин бар. Ал мысалы, бидай жемінде ол 10-11% ғана кездеседі. Алайда, жыл сайын Қазақстанда өсірілген 500 мың тоннаға жуық жом толығымен шетелге экспортталады.  Өкінішке қарай, жомды отандастарымыз тұтынбайды. Олар малға жом емес, жем бергенді жөн көреді. Осы орайда, мал шаруашылығы саласы ақсап тұр. Жом малдың тез ет алуына, семіруіне сеп. Біздің компания 12 млн теңге шығындап, шаруа қожалығы иелері үшін малға жомның пайдасы туралы арнайы әдістемелік кітапша да жазып, шығарды. Зерттеу жасағанымызда, 2 ай бойы жом жеген сиырлардың сүттілігі 30%-ға артқан. Әрі қарай қарапайым арифметикамен есептей беріңіз. Қазақстанда 6 млн сауын сиыр болса, одан жыл сайын 5 млн тонна сүт жиналады. Ал, жом беру арқылы бұл көрсеткішті 7,5 млн тоннаға жеткізуге мүмкіндік бар. Ол үшін әрине, 2,5 млн тонна жомды сырттан сатып алуға тура келеді. Бағасы да арзан емес. Бірақ, есептесеңіз, протеин мен нәрлілік жағынан жемнен екі есе арзан, тиімді және сүттілікті арттырады. Өкінішке қарай, жомның пайдасын көп фермерлер ұғып жатқан жоқ. Сондықтан, біздің жом толығымен шетелге, оның ішінде Ресейге сатылуда. Әңгімелескен Марат АҚҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»