Қазақстандық көпсалалы қайта құру және даму институтының сарапшылары Қарағанды облысындағы Шахан кентінде қазандық жарылысынан зардап шеккен тұрғын үйдің жай-күйіне баға берді.
Мамандар көпқабатты үйдегі үш кіреберістің (подъезд) салмақ түсетін құрастырылымы берік, яғни ол әрі қарай пайдалануға жарамды деген алдын ала қорытынды жасады. Қазір сарапшылар қазандық қиратқан №4 кіреберістің салмақ түсетін конструкциясын зерттеуде. Оның жай-күйін анықтайтын қорытынды жақын арада белгілі болады.
Үйдің техногендік сипаттағы төтенше оқиғадан аман қалған бөлігіне берілген алдын ала бағаға сәйкес, контейнер типтес модульді қазандықтың құрылысын бастау туралы шешім қабылданды. Қазандық үйдің сыртында орналасатын болады.