Мәжілісте 2017 – 2019 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасы қаралады, деп жазады strategy2050.kz.
Спикер Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Мәжіліс Бюросы өтті. Онда салалық комитеттердің ұсынысымен Палатаның алдағы жалпы отырысында қаралатын күн тәртібінің жобасы нақтыланды, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.
Жаңа заң жобасы бойынша, 2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджетті бекітуде мұнайдың құны бүгінге дейін белгіленген 35 доллардан 50 долларға көтеріліп, доллардың бағамы 360 теңгеден 330 теңгеге түсірілді. Ал металл құны 2016 жылғы көрсеткіштен 5,5 пайыз артық болады деп есептелді. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мәлімдеді.
Депутаттардың талқылауына бірінші оқылымға «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы шығарылатын болды.
Екінші оқылымда үш заң жобасы: қылмыстық-атқару заңнамасын жетілдіру мен азаматтық заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу және экологиялық мәселелерге енгізілетін жаңалықтар талқыланатын болады.
Күн тәртібінде Мәжіліске жаңадан келіп түскен заң жобасы да болды. Ол – «2017 – 2019 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы. Осы заң жобасы бойынша салалық комитетке қорытынды әзірлеу тапсырылды.