Ақбас Алатау баурайында жоғары деңгейде ұйымдастырылған ХХVІІІ Дүниежүзілік қысқы Универсиада ойындарында солтүстікқазақстандық спортшылар арасынан Ринат Мухин жарқырай көрінді. Ол ерлер арасында өткен шаңғы жарысының 7,5 шақырымдық командалық эстафетасында күміс медаль олжалаған болатын.
Облыс әкімі байрақты бәсекеге қатысқан спортшылар мен олардың бапкерлерін қабылдап, үлкен құрмет көрсетті. Екі жылда бір рет ұйымдастырылатын дүбірлі додада жерлестеріміздің жақсы жетістіктерге жеткенін атап көрсетті. Мәселен, конькишілер Татьяна Климчук 5000 метр мен 3 шақырым қашықтықта бесінші, Роман Керч 500 метрлік қашықтықта жетінші, 1000 метрлік қашықтықта сегізінші нәтиже көрсетіп, үздік ондыққа енді.
Өңір басшысы Ринаттың барша қазақстандықтардың сенімін ақтай білгеніне ризашылық білдіріп, алғыс хатпен және ақшалай сыйлықпен марапаттады. Ал оның ата-анасы және жаттықтырушылары Александр, Сәуле Мухиндерге үш бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті.
Санаулы күндерден кейін Жапонияның Саппоро қаласында VIII қысқы Азия ойындары басталады. Онда шаңғышы Ринат Мухин, конькишілер Роман Керч, Дмитрий Бабенко, Елена Урванцева, Татьяна Климчук Қазақстан намысын қорғайтын болады.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы