Кеше Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде Алматы қаласы бойынша мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің директоры Айгүл Байханованың қатысуымен Бес институттық реформаның «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру» атты бірінші бағытын жүзеге асыру бойынша брифинг өтті.
Департамент директорының мәліметіне қарағанда, Алматы қаласында үстіміздегі жылда 241 конкурс өткізіліп, оған 207 байқаушы қатысқан. Бұл ретте меритократия қағидасы бойынша 134 мемлекеттік қызметші жоғары лауазымдарға ие болғандығын айта кету керек. Және де жаңадан әкімшілік мемқызметке қабылданғандардың қатары 294 адам болса, мемлекеттік қызметтерін тоқтатқаннан кейін қайта тағайындалғандар саны 169-ға жеткен. Қазіргі таңда олардың барлығына тәлімгерлер бекітіліп берілген. А.Байханованың айтуынша, тоқсан сайын әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің қызметін бағалау жүргізіледі. Келтірілген мәліметтерге қарағанда, үшінші тоқсанның қорытындысы бойынша жұмысы «өте жақсы» деп табылғандардың қатары 18 пайыз, ал «тиімді» саналғандардың дені 73 пайыз және «қанағаттанарлық» деп табылғандар 9 пайыз болып отыр. Сондай-ақ, жаңа Әдеп кодексі нормаларының бұзылуына да департамент ерекше назар аударуда. Тарқатып айтқанда, әдеп нормаларын сақтамағаны үшін 4 мемлекеттік қызметші жауапқа тартылса, бұл жалпы жауапқа тартылғандардың 7 пайызын құрайды.
А.Байханова сөз реті келгенде жаңа реформа халықаралық және отандық сарапшылар тарапынан жоғары бағасын алғандығын ортаға салды. Қазақстан стратегиялық институтының зерттеулері көрсеткендей, сұрау салынғандардың 80 пайызы аталған реформаны қолдайтындықтарын білдірген. Жаңа моделдің өмірге келуі мемлекеттік қызметшілердің лауазымдық өсуіне үлкен мүмкіндік беріп отыр. Үстіміздегі жылы Алматы қаласында 4300 адам тестке қатысқан. Олардың 45 пайызы белгіленген деңгейді еңсерсе, бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 52 пайызға артық. Бір орынға конкурсқа түсушілер саны екі есеге артқаны мәлім болды. Департамент директоры Алматы қаласының барлық 201 мектеп мекемелерінде «Адал Ұрпақ» клубтары құрылғандығынан да хабардар етті.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»