Биылғы «Еуразия» кинофестивалінің халықаралық конкурсына қатысатын картинаның бірі «Қазақфильмнің» Short Brothers студиясымен бірігіп түсірген, режиссер Әділхан Ержановтың «Риелтор» атты толық метражды көркем фильмі.
Кеше ғана Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын аяқтаған жас режиссердің бұл жұмысы отандық кинематографиядағы фантастикалық, шым-шытырық оқиғалы комедияның ең алғашқы қарлығашы деуге сұранып-ақ тұр.
Ақиқатына жүгінсек, бастапқыда «Риелтор» картинасы тартымсыз, біздің қоғамның тек сүреңсіз жағын көрсетуге құмар, тек байқаулар үшін түсірілетін киноленталар қатарында көрінгені де рас. Алайда, сарказмға толы сатира біртіндеп көрерменді өзіне тарта бастайды. Режиссердің өз идеясын жеткізу барысында күтпеген шешімдерге бара алатынын түсіне бастайсың. «Риелтор» картинасы – стандартты сатира емес! Мистикалық жағдайда басталып, бірден Алматының түнгі клубтарындағы жынойнақ өмірге ұласып барып, көшпенділер заманынан бір-ақ шығаратын фантастикалық комедиядағы жасырын трагедияны оқу үшін көрермен де режиссермен деңгейлес, тіпті болмаса идеялас болуы қажет сияқты көріне береді. Жас режиссердің ұшқыр қиялына тек фильм аяқталғанда ғана тәнті бола бастайсыз.
Айтқандай, бұл фильм былтыр шілде айында Алматы облысындағы Іле өзенінің маңында және Алматы қаласында түсірілген. Биыл «Риелтор» фильмі прокатқа шығуы тиіс.
Қысқасы, фильм басты кейіпкері Дариктің (актер Дәурен Қасенов) айналасында өрбиді. Даңғаза өмірді жақсы көретін, отыздан асып, орда бұзбақ түгілі, бір қызды да бақытты ете алмаған жетесіз құмар ойындарының кесірінен қарызға батып қалғанын өзі де байқамайды. Құбыжық секілді Құрбан (актер Құрбан Мәметалиев) өз қожайынына сол қарызды қайтарып, болмаса Дариктің жанын жаһаннамға жіберу үшін жүрген жан. Алайда, оқиға өрби келе осы екі ортадағы еңгезердей жандайшаптың жүрегі жұмсақ, сәбидей аңғал екені көрінбек. Ал бұл белгілі болғанға дейін Дарик ауылындағы кемпір-шалдың 2 гектардай жері бар екендігі есіне түсіп, бір жаны үшін сол жерді шетелдіктерге сатпақшы болады да, аяқ астынан екеуі риелтор болып шыға келеді. Қызық та, шыжық та осы жерде жатқан ата-бабалардың басына қойылған ескерткішті орнынан қозғап, құлатудан басталады.
Ғажайып бір күштің көмегімен ықылым замандардан бір-ақ шығатын Дарик пен Құрбан уақыт қалтарыстарынан кімдерді кездестірмеді десеңізші?! Әртүрлі кейіпкерлер, сан алуан мүдделер.
Сценарий авторын жазған да режиссер Әділхан Ержановтың өзі. Ол бұған дейін де, яғни 1999 жылы «Хабар» АҚ «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» атты мультфильмдер сериалына жариялаған байқауда сценарий жеңімпазы атанған. Фильмнің қоюшы-режиссері – Азиз Жамбакиев. Қоюшы-суретшісі – Екатерина Ефименко
Айналасы 3-4 жылдың ішінде жас режиссердің «Автопортрет» «Қаратас», «Ағайынды Шорттар» атты көркем фильмдері халықаралық және отандық кинофестивальдерге қатысып, жүлделі орындардан да көрініп үлгерді. Ал «Бақытжамал» атты қысқа метражды картинасы 2007 жылы «Шәкен жұлдыздары» кинофестивалінің бас жүлдесін жеңіп алған болатын.
«Еуразия-2008» халықаралық кинофестивалінде режиссурадағы тың ізденістері арқылы ауызға ілігіп, арнайы марапатталған қазақ режиссерінің осы жолы да айы оңынан туып, жүлделі орындардан көрініп қалуы ғажап емес.
Айнаш ЕСАЛИ.
Алматы.