Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасында Тұңғыш Президент күніне және ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған көрмелердің ашылу рәсімі өтті. Оған Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова, Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы директорының міндетін атқарушы Махмұт Қасымбеков, Парламент депутаттары, саяси және қоғам қайраткерлері, мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Жиында сөз алған Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіқалықова: «Тәуелсіздік жолының ширек ғасырлық белесінде еліміз әлемдік қоғамдастықта экономикасы дамыған, қазіргі заманғы өркениетті мемлекет ретінде қалыптасты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев белгілеген «Қазақстан жолын» бірлік пен тұрақтылықтың айшықты үлгісі ретінде төрткүл дүние мойындады. Көпэтносты халқымыздың бірлігі мен ынтымағы арқасында елдің тәуелсіздік тұғыры бекіді. Бүгінде терезесі тең, керегесі кең тәуелсіз Қазақстанның толайым табыстары мен жетістіктері бір-бірімен тамырласып жатыр»,– деді.
Гүлшара Наушақызы, сонымен қатар, мемлекеттік мереке – Тұңғыш Президент күні биылғы мерейлі жылы айрықша мәнге ие болып отырғанын, ал аталған көрме Қазақстан қоғамы мен халықаралық қоғамдастық үшін елеулі тарихи-мәдени іс-шара екенін айтты.
Бұл күні шара қонақтарының назарына 8 көрме ұсынылды. Мәселен, «Елбасы жолы» деп аталған көрмеге 50-ден астам мұрағат құжаты қойылған. Олар Президенттің батыл бастамаларынан және тәуелсіз елдің даму тарихынан сыр шертеді. «Тәуелсіз Қазақстан – тұғырлы ел» көрмесі елдің ширек ғасыр ішінде әлеуметтік-экономикалық тұрғыда қарыштап дамуының, әлем таныған мемлекет ретінде қалыптасуының, еңселі елорданы гүлдендірудің кезеңдерімен таныстырады. Мұндағы экспозицияға 50-ге жуық фотоқұжат қойылыпты. Сондай-ақ, шараға қатысушылар Елбасы кітапханасындағы аса құнды 550 жинақпен 3 кітап көрмесі арқылы танысты. Ол кітап көрмелері «Н. Ә. Назарбаев – Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы», «Елбасына естелікке қолтаңба», «Егемен елдің тәуелсіздік шежіресі» деп аталған екен. Ал «Әлем қадірлеген Елбасы» көрмесінен Қазақстан Президентіне шет мемлекеттердің берген жоғары наградаларын көре аласыз. Мәселен, коллекцияда Ұлыбритания, Жапония, Ресей, Ватикан, Франция, Ауғанстан, Қытай секілді елдердің тарапынан ұсынылған 41 награда бар.
«Ұлы Дала елі» деп аталған көрме де жұртшылықтың қызығушылығын туғызды. Онда Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Нұржан Қарымсақовтың елдің 25 жылдағы табыстары мен жетістіктерін қылқаламмен сөйлеткен 36 туындысы қойылған.
Бұл күні, сондай-ақ, «Көшбасшылық факторы», «Парламентаризм эволюциясы», «Бітімгершілік әрекеттердің жол картасы» секілді фильмдердің көрсетілімі өтті.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген
Ерлан ОМАРОВ,
«Егемен Қазақстан»