Көкшетаудағы №19 орта мектептiң базасында жабық ғимараттардағы туристiк көпсайыстан бiрiншiлiк өткізілдi. Аталмыш шараны Ақмола облыстық бiлiм басқармасына қарасты балалар мен жасөспiрiмдер туризмi, өлкетану және экология орталығының өкiлдерi ұйымдастырды.
Туриаданың бiрiншi кезеңiне қатысу үшiн спортшылар облыстың барлық аймағынан жиналды.
Шараны өткізудегі басты мақсат туристiк көпсайысты дамыту мен насихаттау, техникалық шеберлiктi шыңдап, мықты деген спортшылар мен командаларды анықтау және облыс пен қала құрамасын жасақтау болды.
Екi күнге созылған тартысты жарыстан соң мықтылар анықталды. Қазылар алқасының шешімімен Сандықтау ауданынан келген «Арыстан» командасы жеңімпаз тұғырына көтерілді. Екiншi орынды «Фирн-2» командасы жеңіп алса, жүлделі үшiншi орын Сандықтау аудандық балалар үйiнiң «Саяхат» командасы еншісіне тиді.
Жасөспiрiмдер тобында Көкшетаудың «Жас қайрат-2» командасы үздiк деп танылды. Екiншi орынды «Фирн-3» командасы жеңiп алды. Ал үшiншi орынға Ақкөл ауданынан келген «Ақкөл-3» командасы көтерілді.
Ересектер арасында Көкшетаудың «Жас қайрат» ұжымы бiрiншi орынды жеңіп алса, «Фирн» және «Фирн-4» командалары екiншi-үшiншi орындарды өзара бөлiстi.
Туриаданың үздiк деген спортшылары республикалық жарыстарға қатысу үшiн Ақмола облысы құрамасының сапына енетiн болады.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы