• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
30 Қараша, 2016

Отаншылдық отбасынан басталады

912 рет
көрсетілді

Тәуелсіздікті нығайтудың басты шарттарының бірі елдің бірлігін, халықтың ынтымағын, өзара туыстығын, бір-бірін сый­лауын қамтамасыз ету болып табылады. Мұны жүзеге асырудың бірден-бір жолы – жас ұрпақты ұлтына, жынысына, түр-түсіне, діни сеніміне, жас ерекшелігіне қарамастан, олардың ортақ Отаны – Қазақстанға деген ыстық ықыласын, сүйіспеншілігін, құрметтеу-қастерлеу сезімін қа­лып­тастыру керек. Бұл – жас­тардың еліне, жеріне, ортақ үйіне – Отанына деген шексіз беріл­гендігін, патриотизмін қалып­тастыру дегенді білдіреді. Патриоттық туа біткен қа­сиет емес, ол бір күннің, бір жыл­дың жемісі де емес. Ол тәрбие арқылы балабақшада, отбасында, мектепте, жоғары оқу орнында, жұмыс істеген ұжымда, бір сөзбен айтқанда, әлеуметтік ортада қалыптасады. «Тәрбие басы – тал бесік» деген мақал­дың тамырына бір сәт үңілсек, сол көп салалы тәрбиенің ең бастысы: отбасында – Отанды сүйетін, адамгершілігі мол, еңбекқор, өз Отанына, халқына адал қызмет етуге дайын саналы да сапалы азамат тәрбиелеу. Сонымен бірге, қазақтың әрбір ұл-қызы өз халқының тегін, тарихын білгенде ғана нағыз патриот бола алады. Осы орайда, еліміздің Мемлекеттік рәміздерін, олардың терең мағыналық сипатын біліп, қастерлеу – халықты бауырмалдыққа, сүйіспеншілікке біріктіреді, бірлікке, ынтымаққа, еңбекке жұмылдырады, патриот­тық рухын көтеруге шақырады деген тұжырымдар менің санамда берік орын алады. Бүгінгі күні жас ұрпаққа білім мен тәрбие берудің басты мақсаты - Отанның лайықты ұлдарын қалып­тастыру болып отыр. Отаншыл болу – бір-біріңе бауырмал болу. «Жақыныңды жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» дейді дана халқымыз. «Біріңді қазақ, бірің дос көрмесең, істің бәрі бос» дейді кемеңгер Абай. Түйсігі бар адамға осыдан артық айтылар ақыл болмас. Ынтымағы жарасқан елді көргенде, жаудың құты қашады. Бірлігіміз барда тас қамалдай берікпіз. Үш ғасыр бойына кісі қолына телмірген қазақ халқы бар мүддесін тек осы бастан кешіп отырған қазіргі кезеңде ғана, өзінің байырғы мекені – Қазақстанда ғана толығымен жүзеге асыра алады. Ендеше, қазақ баласы, қайда туып, қайда жүрсе де, ертеңгі ұрпағының болашағын өз атамекенімен тығыз байланыстырып, бүгінгідей әлем­дік деңгейдегі мүдде түгендесу кезеңінде туған топыраққа деген сүйіспеншіліктерін дәлелдеп, жас тәуелсіздіктің бұғанасын бекітіп, қабырғасын қатайтуға тікелей атсалыспағы шарт. Олай болса, отан­шыл бол, қазақтың жас ұрпағы! Ақжібек ҚОЖАХМЕТОВА, «Октябрь орта мектебі» ММ қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Қостанай облысы, Қарасу ауданы