• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
30 Қараша, 2016

Агроөнеркәсіп саласына инвестиция салады

169 рет
көрсетілді

Алдағы күндері «АЛМЭКС» хол­динг­тік тобы еуропалық «Staay Food Group» (Голландия) компаниясымен бір­лесіп, ауыл шаруашылығы саласына маманданған «Astana Fresh» атты ортақ кәсіпорын аша­ды. Осылайша гол­ландиялықтар Қазақстанның агро­өнер­кәсіп кешендеріне инвестиция құю­ға шешім қабылдады. Бұл туралы Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының бас­па­сөз қызметі хабарлады. «АЛМЭКС» акционерлік қоғамы – еліміздегі ірі қаржылық холдинг. «Қазақ­стан Халық банкі» АҚ арқылы бұл топ ұжымдық және жеке клиенттерге Қазақстан, Ресей, Қыр­ғызстан, Грузия сияқты елдерде банк қыз­метін, ал өз елімізде сақтандыру қызметін ұсынып жүр. Қазіргі күндері «АЛМЭКС» холдингі мен голландиялық «Staay Food Group» ком­паниясы ынтымақтастық туралы ме­морандумға қол қойды. Ендігі жерде Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені мен тамақ өнеркәсібіндегі жобаларды дамытуға күш салады. Алғашқы кезеңде екі тарап бірігіп, Қазақстан мен жақын көршілерімізден жеміс-жидек пен көкөніс тасымалдайтын жүйе құру арқылы отандық фермерлермен арадағы ынтымақтастықты нығайтпақ. Бұл бастаманың жылыжай мен ашық топырақта жеміс-жидек және көкөніс өсіретін отандық ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілерге көмегі көп болады деп күтілуде. Екі тарап та «Astana Fresh» компанияс­ы фермерлер мен ауылшаруашылық өнім­де­рін тұтынатын ірі компаниялардың ара­сын жалғайтынына сенеді. пен «Staay Food Group» компаниялары нарықты зерттей келе, келешекте ортақ жылыжай ке­шендерін, көтерме-бөл­шек сауда ор­та­лықтарын салуды, «Staay Food Group» тәжірибесіне, білімі мен жаңа технологиясына сүйене отырып жаңа піскен жеміс пен көкөністі өңдейтін кәсіпорындар ашуды көздеуде. Екі тараптың да қазақстандық жоғары білім беру мекемелерімен әріптестік орнатуға талпынысы байқалады, олар ауылшаруашылық өнімдері мен тамақ өнімдерін өндіру салалары бойынша білікті мамандар даярлап, отандық білім ордаларының ғылыми-зерттеу әлеуетін тәжірибе жүзінде пайдалануға пейіл танытып отыр. «АЛМЭКС» пен «Staay Food Group» компаниясы қазақстандық фермерлермен қойын-қолтық жұмыс істесе іс нәтижелі болады деп есептейді. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ