Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған ядролық қарусыз әлем жобасы халықаралық қоғамдастық тарапынан жан-жақты қолдауға ие болғаны мәлім. Тәуелсіздік тойы қарсаңында белгіленген жұлдызды
25 күннің бірі «Ядролық қарусыз әлем» атты тақырыптық күнге арналуы бұл мәселенің жаһандық ауқымдағы орны мен маңызын одан әрі көтере түседі.
Осыған орай, кеше Орал қаласындағы Достық үйінде тақырыптық кездесу өткізіліп, оған этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, өңірдегі жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Бұл іс-шара кезінде ортаға ой-пікір тастағандар Қазақстан басшысы тарапынан ұсынылған ядролық қарусыз әлем жобасы олардың бәрін таңғалдырғанын атап көрсетті. Әрі олар мұндай терең ізгілікке толы қадамды өзге әлемдік деңгейдегі саясаткерлердің қайталай қоюы да екіталай екеніне екпін түсірді. Сонымен бірге, Қазақстан ядролық қарудан өз еркімен бас тартуы арқылы әлемдегі ең бейбітшіліксүйгіш тұрақты мемлекет құрудың жарқын үлгісіне айналғаны туралы тұжырымдар жасады. Түйіп айтқанда, Қазақстанның әлем елдерінің қауіпсіздік кепілін иеленген бірегей ел қатарынан орын алып үлгергені ортақ әңгіменің арқауы болды.
Дөңгелек үстелде Орал қаласындағы еврей этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Феликс Баюканский бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау мәселесі Мемлекет басшысының ғана емес, сонымен бірге барша қазақстандықтардың, әр ұжым мен отбасының да төл парызы екеніне тоқталды. Мұндай қадамның бәрі сайып келгенде, Қазақстан халқының ауызбіршілігі мен ынтымағы арқылы ғана берік орныға алады, деді ол дөңгелек үстелде сөйлеген сөзінің қорытындысында.
Сондай-ақ, кеше облыс орталығындағы Достық үйінде өңірлік қоғамдық келісім мекемесі «Әлем. XXI ғасыр» манифесі тақырыбында кітап көрмесін ұйымдастырды.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
ОРАЛ