Тұңғыш Президент күні қарсаңында ашылды
Мағжан ақын «Түркістан – Ер Түріктің бесігі ғой» деп жырға қосқан киелі шаһарда «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында «Түркістан және Елбасы» көрмесінің ашылу рәсімін өткізді.
Қорық-мұражай иелігіндегі Қожа Ахмет Ясауи кешенінде киіз туырлықты қазақты өз алдына ел қылуға еңбек сіңірген, тарихта орнын белгілеген Қасым хан, Есім хан, Тәуке хан және Абылай хан сынды ардақтыларымыз мәңгі тыныштық тауып жатыр. Тағдыр тезі қазақты бодандықтан құтқармады. Абылай хан атойлап атқа мінген кезеңнен соң екі жүз жылдан астам бодандық қамытын киген қазақтың өз алдына азат ел болып, Тәуелсіздігін алғанына ширек ғасыр ғана болды. «Түркістан және Елбасы» көрмесінде еліміздің қилы тарихы өткенмен астасып осылай өріледі.
Біз «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайының директоры Жандос Әбубәкірден аталған көрменің мәні мен тағылымы туралы қысқаша айтып беруін өтінген едік.
«Еліміз Тәуелсіздігіне енді қол жеткізіп, егемен мемлекет ретінде еңсесін тіктеп жатқан жауапты кезеңде Елбасы Түркістан қаласының абыройын асқақтатар, күллі түркі жұртының басын қосуға бағытталған жобаларды бекітті. Тұңғыш рет киелі мекеннен Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті ашылды. Сонымен қатар, кесененің көрік-келбетін қалпына келтіруге күш жұмылдырып, 2000 жылы Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО деңгейінде атап өтуге барлық жағдайды жасады.
Елбасымыздың қасиетті шаһарға әр сапары жақсы жаңалығымен жанға жебеу, ойға демеу болып келеді». «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайының директоры Жандос Әбубәкір осылай деді.
Көрме экспозициясына қорық-мұражай қорынан 50-ден астам жәдігер қойылыпты. Оның ішінде 1985 жылы Қазақ КСР Министрлер Кабинетінің Төрағасы егемен, Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті тұсындағы, бауырлас Түрік Республикасының президенттері Тұрғыт Өзал, Сүлеймен Демирел, Ахмет Сезар, Абдулла Гүл, Режеп Ердоған, Өзбекстан Республикасының президенті И.Каримовпен Түркістандағы ресми кеңестері мен Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қазақ, орыс, ағылшын, түрік тілдерінде жарық көрген «Ғасырлар тоғысында», «Тарих толқынында», «Сындарлы он жыл», «Қазақстан жолы», «Казахстанский путь», «Бейбітшілік кіндігі», «Туған елім – тірегім», «Евразийский Союз: идеи, практика перспективы», «Kutup Yildizi», «Nursultan Nazarbayev» атты жарық көрген кітаптары жұртшылыққа ұсынылған.
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының тұрақты экспозициясында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қорық-мұражайға табыс еткен Құран Кәрім кітаптары, қазақы оюмен нақышталған зерлі шапаны тұр.
Көрмені тамашалауға жұртшылық көптеп келуде. Олардың қатарында Ясауи кесенесіндегі ұлы әруақтарға зиярат етіп келгендер де бар.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы