Н.Ә.Назарбаев туралы әлемнің көрнекті саясаткерлерінің пікірлері осындай
Владимир ПУТИН, Ресей Федерациясының Президенті: – Біз Ресей – Қазақстан қатынастарын дамытуға Сіздің қаншалықты зор жеке ықыласыңызды бөлетініңізді көріп отырмыз. Осы тікелей ат салысудың арқасында біздің қарым-қатынастарымыз өте тиімді түрде әрі жедел қарқынмен дамып келеді. Екі мемлекет арасындағы тауар айналымының көлемі өсе түсуде. Сіз интеграциялық үдерістерде, әсіресе, оның ең мәнді нысандары мен түрлері бойынша сөзсіз көшбасшысыз. Қазақстанның қол жеткізген табыстары Сіздің атыңызбен тікелей байланысты. Сіздің еңбегіңізді өз отандастарыңыз ғана емес, миллиондаған ресейліктер де шынайы құрмет тұтады. Сіз еуразиялық кеңістіктегі интеграциялық үдерістердің нағыз архитекторы болып есептелесіз. Си ЦЗИНЬПИН, ҚХР Төрағасы: – Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің бастамашысы – Нұрсұлтан Назарбаев. Біз оның үлкен саяси көрегендігі мен аймақтық қауіпсіздік пен әлемдегі бейбітшілікті қамтамасыз етуді өзінің парызы санайтын қасиетіне тәнтіміз. АӨСШК-ні құру туралы идеяны алғаш рет Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясында жария еткен болатын. Бұл бастама бүгінде өз өміршеңдігін дәлелдеп, Азия елдері арасында беделі биік, абыройы асқақ, ауқымды ұйымға ұласты. Барак ОБАМА, АҚШ Президенті: – Өз тәуелсіздігін алған кезеңнен бері Қазақстан мәдени, конфессиялық және этностық алуандығынан қуат алуын жалғастырып келеді. Үкімет пен халық орасан әлеуетін танытатын нарықтық экономика құрды. Қазақстан халқы осы жетістіктерін орынды мақтаныш ете алады. АҚШ пен Қазақстан арасындағы стратегиялық әріптестік туралы үнқатысу қазіргі заманғы шақыруларды шешуге деген ортақ ұстанымдарымыздың куәсі болып табылады. Мен Қазақстанға Ауғанстандағы жағдайға байланысты нақты ұстанымы үшін ризашылық білдіремін. Сіздің ұлтаралық және діни төзімділікті ілгерілетудегі күш-жігеріңізді жоғары бағалаймын. Пан Ги МУН, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы: – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезіне қатысушылардың барлығына сәлем жолдау мен үшін зор абырой. Мен Президент Н.Назарбаевқа және Қазақстан Республикасының Үкіметіне осындай аса қажетті үнқатысуға бүкіл әлемнен діни лидерлерді жинағаны үшін алғыс айтамын. Толеранттылық, құрмет, бүкіл адамзаттың өзара түсіністігі мен тең құқылы болуы сияқты жалпыадамзаттық құндылықтар барлық діннің өзегі болып табылады, сондай-ақ, ол Адам құқықтарының бүкіләлемдік декларациясында бекітілген. Қандай болмасын дін жолын ұстанатын адамдарды бейбітшілікке және лайықты өмірге ұмтылыс біріктіреді. Үлкен бір отбасының мүшелері сияқты біз ортақ проблемалармен және қауіп-қатерлермен бетпе-бет келеміз, барлық дінге сенушілер ортақ іске өз үлесін қосқан жағдайда ғана оларды еңсеру мүмкін болмақ. Дэвид КЭМЕРОН, Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің бұрынғы Премьер-министрі: – Мен ең алғаш Сіздің елге сапармен келгеніме қуаныштымын. Біздің екіжақты қатынастарымыз жаңа деңгейге көтерілетінін зор қуанышпен атап өткім келеді. Оған елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік туралы келісім айқын дәлел болады. Қазақстан бүгінде Сіздің басшылығыңызбен қарқынды дамып келеді. Қазақстанның ықпалы алдағы уақытта да арта беретініне сенімдіміз. Біздер Ауғанстан бойынша бірлескен жұмысты белсенді түрде дамытудамыз. Қазақстан бұл мәселеде маңызды және оң рөл атқарады. Қазақстанның болашағы зор, ал Ұлыбритания осы болашақтың маңызды бөлігі бола алады. Ангела МЕРКЕЛЬ, ГФР Канцлері: – Жауапты міндеттерді әрі қарай атқаруыңызда Сізге зор табыстар мен сәттілік тілеймін. Экономикалық, қоғамдық және саяси реформаларды жүргізуде Қазақстан бұдан былай да Германия тарапындағы қолдауға сенім арта алатын болады. Александр ЛУКАШЕНКО, Беларусь Республикасының Президенті: – Біз әр жолы Астанада болғанда, өзімізге әлдене алуға тырысамыз. Бұл қалада озық технология, қызғылықты архитектуралық ойлар бар. Қазақстанды біз Беларусь үшін ең тиімді және перспективалы серіктес ретінде танып келеміз. Сіздің елде біз үшін әртүрлі жобаларды жүзеге асыруға ешқандай проблема жоқ. Бұл ынтымақтастығымыздың деңгейі жоғары екенін көрсетеді. Рим Папасы Бенедикт XVI: – Жоғары мәртебелі Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мырза! Қазақстан Республикасының ұлттық мерекесі Сізге және Қазақстан халқына бейбітшілік пен өркендеу игі тілектерімді жолдауыма қуанышты мүмкіндік туғызып отыр. Еліңіздің Тәуелсіздігінің мерекесіне орай, Жаратушы еліңіздің тұрғындарының неғұрлым үйлесімді әрі әділетті қоғам құруына қуат беріп, олардың отбасылық, әлеуметтік және ұлттық өмірлері нұрлы болып, мәдени және рухани құндылықтарды құрметтеуді нәсіп етсін деп тілеймін. Жоғары мәртебелі, Сізге және елдің барлық азаматтарына Жаратқаннан шапағат тілеймін. КИРИЛЛ, Мәскеу және Бүкіл Ресей Патриархы: – Өскелең ұрпақпен діни-ағартушылық жұмыс жүргізу білімді және үйлесімді қоғам құруға айтарлықтай үлес қосып, ұлтаралық қатынастардағы шиеленіс деңгейін төмендетуге жағдай жасай алар еді, бұл болашақта қазіргі заман бетпе-бет келіп отырған көптеген проблемалардан құтылуға көмектесері анық. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа дінаралық үнқатысуды қолдағаны, әртүрлі дін ұстанушылардың жүрегіне жақын бейбітшілік пен өзара көмек идеяларының жолын ұстанғаны үшін шынайы ризалығымды білдіремін. Абдулла ГҮЛ, Түркия Республикасының 11-ші Президенті: – Әр сапарымда өркендей түскеніне куә болып жүрген Астана қаласы – Қазақстанның динамизмі мен Президент Назарбаев мырзаның көрегенділігін бейнелейтін ең үлкен туынды. Астананың құрылыс жұмыстарына түрік компаниялары мен жұмысшыларының да үлес қосуын түрік-қазақ ынтымақтастығының ең әсем нышандарының бірі ретінде бағалаймыз. Ламберто ЗАНЬЕР, ЕҚЫҰ-ның Бас хатшысы: – Біз Қазақстанмен жұмыс істеу әдісін жаңартуды қалаймыз. Мұндағы қызметімді толықтай жаңғыртуға мүдделіміз. Сондай-ақ, қауіпсіздік тұрғысындағы іс-шаралардың аса маңыздылығын атап өткім келеді. Атлантикадан Владивостокқа дейінгі аумақта тұрақтылықтың сақталуын қадағалау басты міндетіміз. Қауіпсіздік шаралары кешенді түрде жүргізілуі үшін бірлесе қадам жасауымыз қажет. Эмомали РАХМОН, Тәжікстан Президенті: – Ашық-жарқындығы, шыншылдығы, тартымдылығы, адамға сүйіспеншілігі – мұның бәрі де Нұрсұлтан Әбішұлының табиғатына тән қасиеттер. Қазақ жұртының, елінің көп ұлтты халқының алдындағы, тарихтың алдындағы жоғары жауапкершілік сезімі оның бойынан әманда ажыраған емес. Ол ұлы ұйымдастырушы ретінде Қазақстанды Кеңестен кейінгі кеңістіктің дамыған мемлекеттерінің біріне айналдырды. Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық саладағы табыстары тағылым аларлық. Нағыз басшы ғана осындай нәтижелерге жете алады, бұл жағынан алғанда, Нұрсұлтан Әбішұлы – өз халқының даусыз басшысы. Франсуа ОЛЛАНД, Француз Республикасының Президенті: – Франция Орталық Азиядағы ірі экономикасы бар ел – Қазақстанмен ынтымақтастыққа мүдделі. Сіздердің елдеріңіз экономикалық даму жөніндегі мақсаттарын табысты жүзеге асырып қана қойған жоқ, ол сондай-ақ, өзінің көршілерімен тең дәрежеде үнқатысу жүргізіп, ірі саяси мәні бар оқиғаларға ықпал етуге мүмкіндік беретін маңызды саяси және дипломатиялық рөл атқарады. Милош ЗЕМАН, Чех Республикасының Президенті: – Қазақстан мен Чехия арасындағы түрлі саладағы ынтымақтастықты дамытудың маңызы зор. Бүгінде жаңа Жібек жолының әлеуетін ашу бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Біз Сіздің елдің қазіргі дамуына ғана емес, оның әлеуетіне де Орталық Азиядағы маңызды орын алатынын ескере отырып баға береміз. Алмазбек АТАМБАЕВ, Қырғыз Республикасының Президенті: – Қырғызстанда елеулі энергетикалық проблемалар бар. Осы және басқа да көптеген мәселеде бізге көмек көрсеткеніңіз, біздің жүрегіміз бен жадымызда әрдайым сақталады. Мұндай ықылас пен қолдауға бүкіл Қырғызстан халқы дән риза. Осы жылдар ішінде Сіздің ел қандай секіріс жасағанын біз көріп отырмыз. Ильхам ӘЛИЕВ, Әзербайжан Президенті: – Әзербайжан мен Қазақстанды көп ғасырдан бері жалғасып келе жатқан достық, тату көршілестік пен ынтымақтастық байланыстырады. Мен осы жақсы дәстүрлерге негізделген біздің мемлекетаралық қарым-қатынасымыз тату халқымыз бен елдеріміздің игілігі үшін болашақта да дамиды деп сенемін. Нарендра МОДИ, Үндістанның Премьер-министрі: – Қайта сайлануыңыз Қазақстан халқының Сіздің көреген көшбасшылыңызға деген сенімінің жарқын айғағы болып табылады. Сізге қарқынды дамып және өркендеп келе жатқан ұлт қалыптастыру жолындағы күш-жігеріңіздің табысты болуын тілегім келеді. Қазақстан Сіздің басшылығыңызбен ілгерілеу мен дамудың жаңа сатысына аяқ басатынына сенімдімін. Сіздің қолдауыңызбен түрлі саладағы ынтымақтастығымызды болашақта бұдан да жоғары деңгейге көтере алатынымызға сенімдімін. Хасан РУХАНИ, Иран Ислам Республикасының Президенті: – Халық жасаған таңдау біздің екіжақты ынтымақтастық аясында жоспарланған бағдарламаларды жүзеге асыруда жемісті жұмыс істеуімізге жақсы мүмкіндік береді. Сізге мықты денсаулық пен зор табыс, ал достас Қазақстан халқына бақ-береке тілеймін. Салман Бен Әбдел Әзиз ӘЛ САУД, Сауд Арабиясының Королі: – Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, біз Сауд Арабиясы мен Қазақстанның арасындағы бауырластық, достық байланысты жоғары бағалайтынымызды айтқым келеді. Бауырлас елдеріміз арасындағы өзара қарым-қатынастарды барлық салада бұдан әрі де нығайтып, дамыта беруге ниеттіміз. Тони Тан Кен ЯМ, Сингапур Республикасының Президенті: – Сингапур мен Қазақстан арасында жақсы достық қарым-қатынас орнаған. Сіздің басшылығыңызбен екіжақты ынтымақтастықтың нығая беретініне сенімдімін. Халықтарымыздың игілігі үшін өзара ықпалдастықты дамыту мақсатында бірлесіп жұмыс істейміз деп үміттенемін.
•
01 Желтоқсан, 2016
Нағыз көшбасшы
486 рет
көрсетілді