Осы күндері Еуразия аумағындағы ең ауқымды кинофестивальға қатысу мақсатымен Қазақстанға әлемге аты мәшһүр кинематография өкілдерінің жолы түсіп отыр. Міне, фантастикалық комедия жанрындағы аса табысты фильмдері арқылы даңқы шыққан голливудтық режиссер Чак Рассел де Алматыға келді.
Оның Джим Керри сынды актердың талантын ашқан «Маска», «Мумия оралады», Дуэйн Джонсон ойнаған «Сарышаяндар патшасы», Арнольд Шварценеггердің қатысуымен түсірілген «Стиратель» немесе «Кошмар на улице Вязов» сияқты киноленталарын тамашаламаған жан кемде кем болар?!
Ешқандай таныстыру мен жарнамаға мұқтаж емес режиссердің бұл қазақ жеріне тұңғыш қадам басуы.
– Мен Қазақстанға келгеніме қуаныштымын! – дейді әйгілі режиссер.
Чак Рассел осы уақытқа дейін Қазақстан мен «Қазақфильм» киностудиясы жайлы көп естіп жүрген көрінеді. «Мың рет естігенше – бір рет көрген артық» дегендей, ол біздің ұлттық киностудияның «Еуразия» кинофестиваліне шақыртуын қуана-қуана қабыл алыпты.
Осылайша, қадірлі қонақ Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясын аралап, озық кинематографиялық техникалармен жабдықталған түсіру алаңдарын, түрлі қызмет атқаратын студияларды өз көзімен көріп шықты.
Сондай-ақ, «Қазақфильм» киностудиясы» АҚ президенті Ермек Аманшаевпен кездесіп, өзінің алдағы киножобаларына «Қазақфильмнің» қатысуы әбден мүмкін екендігін алға тартқан ол бірқатар танымал актерлармен кездесіп, өзінің жаңа персонаждарына сай келетін адамдарды кездестіргенін де мәлімдеп үлгерген. Голливудтық режиссер жас қазақ режиссері Ахат Ыбраевтың картинасымен танысып, оң пікір білдірген де көрінеді.
Сонымен, алдағы уақытта ұлттық киностудиямыз әлемнің айтулы режиссерімен әріптестікке қол жеткізетін түрі бар. Ал фантастикалық комедия жанрын қайта жаңғыртуда Чак Рассел сынды майталмандардың тәжірибесі ешқашан артық болмайды.
Айнаш ЕСАЛИ, Алматы.
Суреттерде: Чак Рассел «Қазақфильм» киностудиясында