Алматыда Тұңғыш Президент күні салтанатпен атап өтіліп, Республика сарайының қабырғасына тарихи ескерткіш тақта орнатылды.
Алматыдағы ұлан-асыр той дүрмегінің ерекше зор болуының өз сыры бар. Бұдан ширек ғасыр бұрын – 1991 жылдың 10 желтоқсаны күні Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты ұлықтау рәсімі дәл осы зәулім сарайда өткен болатын.
Бізбен әңгімесінде Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, қоғам қайраткері Нұрлан Оразалин айтулы күнді былай еске алды:
– Бұл күн, бұл дәуір бүкіл иісі қазақтың басында ешқашан қайталанбайтындығымен де құрметті әрі қасиетті. Ол – 1991 жылдың 1 желтоқсаны. Сол күні баламалы негізде сайлауға түскен Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев халықтан 97,3 пайыз дауыс алып, теңдессіз көрсеткішке ие болды. 10 желтоқсан күні, бүгінгі салтанат өтіп жатқан Республика сарайында Қазақстан тарихында алғаш рет Тұңғыш Президентті ұлықтау рәсімі өтті. Араға алты күн салып Қазақстан өзінің Тұңғыш Президентінің үнімен күллі әлемге Тәуелсіздігін жария етті. Сол тұстағы Жоғарғы Кеңестің депутаты ретінде, қаламгер ретінде, қазақтың азаттығын аңсаған миллион санды азаматының бір өкілі ретінде осынау тарихи шараның басы-қасында жүрдім...
Осыдан 25 жыл бұрын осы ғимаратта өткен Қазақстан Республикасының тұңғыш сайланған Президентінің қызметіне кірісуін ұлықтау рәсіміне Жоғарғы Кеңестің 12-ші шақырылымының сол кездегі депутаттары Сұлтан Сартаев, Нығмет Жотабаев, Эрик Гукасов сияқты және басқа да көптеген азаматтар мерекенің құрметті қонақтары санатында шақырылыпты. Төрде отырды.
Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек мәртебелі қонақтар мен жиналған халық алдында сөз сөйлеп, сайлау мәртебесі мен құқықтық демократиясын сыйлайтын зайырлы елдердің бәрінде мұндай даталарды ешқашан да айналып өтпегенін еске салды. Елі үшін қызмет еткен тұлғалардың есімін ұлықтау шаралары әрдайым Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасының қолдауымен жүргізіліп келетіні де сондықтан, деді қала әкімі.
Қазақстан тарихына ерекше жыл болып енген биылғы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Желтоқсан оқиғасының 30 жылдығына орай еліміздің егемендігі жолында еңбек еткен бір топ азамат пен мемлекет қайраткерлерінің есімдерін қала көшелеріне беру туралы шешім қабылданғанын халық ду қол шапалақтап қарсы алды. Қазақ ұғымында жеті саны қашанда қасиетті саналған.
Салтанат үстінде шаһар әкімі Алматының ақсақалдар алқасы, зиялы қауым өкілдері мен қоғамдық кеңестің ұсынысы бойынша, сондай-ақ, әлеуметтік желілердегі көптеген ұсыныстар ескеріліп, қалалық онамастикалық комиссияның шешіміне сай қалалық мәслихаттың қолдауымен Алматы көшелеріне 7 азаматтың – Халық Қаһарманы, КСРО және халық артистері Роза Бағланова мен Әзірбайжан Мәмбетовтің, Ұлттық ғылым академиясының бұрынғы президенті, академик Шапық Шөкиннің, Ұлы Отан соғысының ардагері, Кеңес Одағының Батыры Василий Бенбериннің, белгілі қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Бәйкен Әшімовтің, еліміздің ғылым мен білім саласының қалыптасуына зор еңбек сіңірген ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик Тоқмұхамед Садықовтың және 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының құрбаны, батырымыз Ербол Сыпатаевтың есімдері берілгенін жариялады.
Бұдан соң бүгінгі тарихи оқиғаға орайластырылып, Республика сарайының қабырғасына орналастырылған ескерткіш тақта ашылды.
– Әр уақыт, әр кезең өзінің көсемін, ел көшін бастайтын азаматын таңдайды. Қазақтың тұңғыш Тәуелсіздік кезеңі Нұрсұлтан Назарбаевты таңдады. Одан қоғам да, халық та қателескен жоқ, – деді біздің сауалымызға орай жауап қайтарған Елбасының сол жылдардағы сайлауалды штабының жетекшісі, Тұңғыш Президентіміздің ұлықтау рәсімін өткізу жөніндегі комиссияның төрағасы, академик Мырзатай Жолдасбеков. – Мына халық нөпіріне назар салыңызшы. Бәрінің де көңіл күйі көтеріңкі. Бүгін Алматыда күн де ашылып, жаймашуақ, мамыражай болып тұр. Ал кеше қандай еді?! Жалпы, мен сізге айтайын, Нұрекең – Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев заты тегін адам емес. Ол кісінің сапарға шыққан сәтінде дауыл соғып жатқан жердің өзінде ол ұшақтан түскенде дауыл тоқтайды. Нұрекеңнің табаны тиген жерде табиғат тылсым күшке еніп тына қалады. Ол туралы талай рет айттым, жаздым. Естеріңізде болар, осыдан 25 жылғы Астананың табиғаты қандай еді, бүгін қандай... Осындай құдіреті бар жан. Бүгінгі Президент күні құтты болсын, айналайын қауым!!!
Мерекелі күнге арналған шат-шадыман концерт басталды.
Жаңа дәуірдің, жаңа заманның жаңа есімдері – бүгінгі эстрада өнерпаздары Ерболат Құдайберген мен Төреғали Төреәлінің екпіндете салған патриоттық сезімге, жастық жалынға толы әсерлі әндері жиналған жұртқа рух беріп, ақбас Алатаудың етегіндегі алып шаһардың аспанын жаңғыртты. Алтын күннің шапағына оранған ақ ұлпалы Алматының барлық бұрышында бұл күні Тұңғыш Президент күніне арналған мәдени шаралар сән-салтанатымен өтіп жатты...
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ