• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
03 Желтоқсан, 2016

«Тарбағатай жұлдыздары» халықаралық ән фестивалі өтті

246 рет
көрсетілді

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Тарбағатай ауданында «Тарбағатай жұлдыздары» ән фестивалі өтті. Барқытбел бауырында төртінші мәрте өткен фестиваль биыл алғаш рет халықаралық деңгейде ұйымдастырылып, шет елдердегі қандастардың да басын қосқан өнер бәйгесіне айналды. Атап айтқанда, Ресей, Қытай, Монғолия және Қырғызстан, сондай-ақ, еліміздің Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Ақмола, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарынан 50-ден астам өнерпаз сайысқа түсті. Тәуелсіздік тойына арналған фестивальде орындаушылар халық әндері мен Қазақстан композиторларының туған жер тақырыбындағы шығар­маларын шырқады. Әсіресе, Ресейдің Ал­тай аймағы Қосағаш ауданынан және Қытайдың ШҰАР Алтай аймағынан келген қандастар «Ағажай, Алтай», «Қалқа» сынды әндерді нәшіне келтіре орындады. Алатаудың арғы жағынан келген айыр қалпақты ағайындар да асқан шеберлік танытты. Байқаудың екінші кезеңіне өткен 25 өнерпаз Қазақстан компо­зиторларының кең тараған патриоттық әндерін орындады. Оның ішінде Бішкектен келген «Залқар» тобының орындауындағы  Ш.Қалдаяқовтың «Ана туралы» әні тыңдарманды ерекше баурай білді. Сондай-ақ, С.Бәйтерековтің әйгілі «Әлия» әні байқауда бірнеше мәрте орындалды. Тарбағатай бауырын екі күн бойы ән-думанға бөлеген бай­қау қорытындысы бойынша фестивальдің Гран-при жүлдесін зайсандық Іспек Наурызхан жеңіп алды. Аудан әкімі Ділдәбек Оразбаев халықаралық фестивалді өткізуге ат салысқан өнер майталмандары мен кәсіпкерлерге шексіз ризашылығын білдіріп, байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан» Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы