Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған Қырғыз мәдениеті және әдебиеті күні өтіп, онда Қырғыз мәдениеті мен әдебиеті орталығы ашылды.
Шараға Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев, Қырғыз Республикасы Мәдениет, ақпарат және туризм министрінің орынбасары Фархад Бекманбетов, Қазақстан Республикасындағы Қырғыз Республикасы істері бойынша Уақытша сенім жүктелген өкіл Кайнарбек Токтомушев, Қырғызстан Республикасы Кітап палатасының директоры Койчуман Момункулов, Қазақстан мен Қырғызстанның зиялы қауым өкілдері қатысты.
Қазақ-қырғыз халықтарының мәдениеті мен салт-дәстүрі бір-біріне өте ұқсас әрі ежелден терең байланыс тапқан. Сондықтан Қырғыз мәдениеті мен әдебиеті орталығының ашылуы бауырлас қырғыз халқының мәдениетімен, өнерімен және салт-дәстүрімен терең танысуға мүмкіндік береді. Жаңа орталықтың негізгі міндеттері – пайдаланушыларға ақпараттық-кітапханалық қызмет көрсету, мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізу. Орталықта Ұлттық академиялық кітапханасының қорындағы Қырғызстан туралы туындылар мен Қырғыз Ұлттық кітап-ханасынан сыйға тартылған жүз дана кітап қойылған. Бірқатар сөрелер қырғыздың әйгілі «Манас» эпосына, сондай-ақ, Қырғызстан мен Қазақстанның халық жазушысы, гуманист әрі философ Шыңғыс Айтматовтың шығармашылығына арналды. Бұдан бөлек, оқырмандар «Қазақ-қырғыз қарым-қатынасы» тақырыбы бойынша библиографиялық әдебиеттер тізімімен де таныса алады.
Қырғыз мәдениеті және әдебиеті күні «Шыңғыс Айтматов және оның әдеби мұрасы» атты кітап көрмесі, «Қырғызстанның кітап қазынасы» тақырыбындағы сирек кітаптар мен қолжазбалар көрмесі, «Алғашқы мерзімді басылымдар және олардың қазақ-қырғыз негіздерін қалыптастырудағы рөлі» тақырыбындағы мерзімді басылымдар көрмесі, «Жыр жолдарында дәріптелген достық» тақырыбындағы жас ақындармен әдеби кездесу, музыкалық мейманжайдағы «Қырғыз музыкалық мұрасы» тақырыбындағы кеш, қырғыздың «Манас» жырын жатқа айтатын ақын Баянғали Әлімжановпен шығармашылық кездесу тәрізді қызықты әрі танымдық іс-шаралар өтті.
Биылғы қазан айының аяғында Қырғызстан Республикасының Ұлттық кітапханасында Қазақ әдебиеті және мәдениеті орталығы ашылып, Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасы мен Қырғызстан Республикасы Ұлттық кітапханасының өзара Ынтымақтастығы мен серіктестігі туралы меморандумға қол қойылған болатын. Енді елордада Қырғыз мәдениеті және әдебиеті орталығының ашылуы бауырлас екі елдің рухани жақындасуына септесіп, көпшілік қауымның әдебиет пен шығармашылық арқылы бауырлас елдердің мәдениетімен де жете танысып білуіне мүмкіндік береді.
Берік САДЫР,
«Егемен Қазақстан»