Еліміздің әр өңірінен көмейінен жыр саулаған суырыпсалма ақындардың қатысуымен «Асқақ рухты Атырау» атты айтыс өтті. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына арналған айтыстың өтуіне облыстық әкімдік ұйытқы болды.
Айтысқа қатысқан Алаш ақындарының арасында осалы жоқ. Бәрі де тәуелсіздік жылдарындағы елдің жетістігі мен жемісін, соның ішінде, Атыраудың да өркендеу өрісін жырына қосты. Әсіресе, Серікзат Дүйсенғазин, Мейірхан Сұлтанхан сынды ақындар өзіндік мақамымен, өрелі ойымен көрерменді бір желпінтіп тастады. Әр сөзін астарлы әзілге құрай білетін Мақсат Ақанов пен Жансая Мусина халықтың ыстық ықыласына бөленді.
Әлбетте, жыр сайысын жүргізген ақын Жүрсін Ерманның пікірінше, айтыстың да, оған қатысатын ақындардың да деңгейі өсе түскен. Еліміздің барлық өңірінде ақындар мектебінен тәлім алған жас ақындар айтыстарда топ жара бастапты. Ақындардың өзара сөз сайысын КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Асанәлі Әшімов төрағалық еткен қазылар бағалады.
Айтыстың бас жүлдесі – 2 миллион теңге қарағандылық Мақсат Ақановқа берілді. Оған бас жүлдені тапсырған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев: «Ақындар көтерген мәселенің бәрі де өзекті, біз алдағы уақытта да ақындарды қарсы алуға дайынбыз» деді. 1 миллион теңгелік сияпаты бар бірінші орынды Жансая Мусина жеңіп алды. Әрқайсысы 800 000 теңгені құрайтын екінші орынның екі жүлдесі Мейірбек Сұлтанxан мен Бауыржан Ширмеденұлына берілді. Серікзат Дүйсенғазин, Иранғайып Күзембаев және Жәнібек Садыров әрқайсысы 750 000 теңгенің үшінші жүлдесіне ие болды.
Бұл айтыс ақындардың елдік, ұлттық мүддені жырына арқау етіп, елді бірлікке үндеуімен көпшіліктің есінде қалды.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ