республикалық конференцияға өзек болды
Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жаңа Қазақстанды қалыптастыру бойынша тағдыршешті шешімдері» атты IV республикалық ғылыми-тәжірибелік онлайн конференция болып өтті.
Конференция шеңберінде ҚарМТУ-да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша құрылған кен-металлургия кешенінің метанды энергетика зертханасы ашылды. Тұсаукесер рәсіміне Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков және конференцияның басқа да құрметті қонақтары қатысты.
Зертхананы ашудағы мақсат көмір қабаттарынан метан барлау мен алудың ғылыми негіздерін жасау болмақ. Кен-металлургия кешенінің метанды энергетика зертханасы таскөмір шөгінділері құрамынан метан барлау, Қарағанды бассейнінің көмір қабаттарынан метан зерттеу мен өндірудің ұзақ мерзімді келешегін анықтайтын стратегиялық бағдарламаның бір бөлігі болып табылады. Зертхана «Agilent Technologies» (АҚШ), «Carbolite Gero» (Ұлыбритания), «Eltra» (Италия), «Retsch» (Германия), «Radwag», «Geokrak» (Польша) сияқты әлемдік деңгейдегі компаниялардың 140 млн теңге тұратын жабдықтарымен қамтамасыз етілген.
Құрметті қонақтар үшін Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті бойынша экскурсия ұйымдастырылып, соның барысында олар «Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы-2» (ИИДМБ-2) бойынша мамандар даярлаумен шұғылданатын инженерлік бағыттағы орталықтардың, қазақстандық дәнекерлеу институтының, инженерлік бейінді зертхананың жұмыстарымен танысты.
Конференцияда «Нұр Отан» партиясының жанындағы Жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес төрағасының бірінші орынбасары О.Әбдікәрімов, Парламент Сенатының әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрайымы Б.Әйтімова, Н.Вахитова, Қ.Омашев, Парламент Сенатының депутаты С.Ершов, профессор, ҚазҰЖҒА академигі Н.Дрижд және басқалар баяндамалар жасады. Қазақстанның 15 базалық жоғары оқу орнының өкілдері онлайн режімде байланысқа қосылды. Айта кету керек, конференцияның жұмысына барлығы 10 мыңнан астам адам қатысты. Шараның ресми бөлігі аяқталар тұста конференцияға қатысушылардың Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа Үндеуі жарияланып, оны көпшілік бірауыздан қолдады.
Конференция шеңберінде ҚарМТУ-дің бас ғимаратында Қазақстанның көрнекті қоғам қайраткері, қазақтан шыққан тұңғыш заң магистрі, Алашорда Үкіметінің мүшесі, заңгер және этнограф Жақып Ақбаевтың 140 жылдығына арналған «Азаттықтың ұзақ жолы» атты дөңгелек үстел отырысы өтті. Шараның алдында, оған қатысушылар Жақып Ақбаевтың рухына тағзым етіп, оның Қарағандыдағы ескерткішіне гүл шоқтарын қойған болатын.
Конференция соңында қарар қабылданып, үздік баяндамашылар арнайы дипломдармен, алғыс хаттармен марапатталды.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ