Жалпы, жұртшылыққа кен орындарында мұнай өндіру тек белгілі бір компаниялардың ғана жұмысы болып көрінуі мүмкін, алайда, қақаған қыс пен шіліңгір шілдеде толас таппайтын бұл жұмыс бір кісідей жұмылған сан мыңдаған адамдардың еңбегі, бірнеше ірілі-ұсақты мекемелердің жұмылуының жемісі. Маңғыстау өңіріндегі мұнай өндіру ісінде, еңбек өнімділігінде компанияларға сервистік қызмет көрсететін кәсіпорындардың маңызы зор.
Бұл тұрғыда біз Бозашы бойындағы «Қаламқас» кен орны мен Жетібай кен орнына құрылыс бағыты бойынша сервистік қызмет көрсетіп келе жатқан «Oil Construction Company» ЖШС-ін атай аламыз. 2003 жылы «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-тың Жетібай, Өзен, Қаламқас, Қаражанбас сияқты атақты кен орындарын ашу, жайластыру және игеруде басты рөл атқарған «Маңғыстаумұнара» ЖШС, «Нефтестрой» ЖШС, «Маңғыстаумұнайжолдары» ЖШС сынды үш ірі кәсіпорынның бірігуі нәтижесінде құрылған мекеме қазіргі таңда 2000-ға жуық адамды еңбекпен қамтып отыр. Қаламқас құрылыс-құрастыру қызметі, Жетібай құрылыс-құрастыру қызметі, Көлік және арнайы техника қызметі, Өндірістік қамтамасыз ету базасы сияқты негізгі төрт бөлімшеден тұратын сервистік компания Қаламқас және Жетібай кен орындарына автомобиль және технологиялық жолдар салып, оларға қызмет көрсетуден бастап, бұрғылаудан шыққан ұңғылардың басына тербелмелі қондырғыларды қою, ток жүйесін орнату, жоғары кернеулі ток бағаналарын орнату, бұрғылауға дейінгі алаңшаларды жасау, шыны-талшықты құбырлар салу, күштік және энергетикалық жабдықтарды құрастыру, түрлі ғимараттар кешенінің құрылысы, құбыр оқшаулау, жалпы ұңғылауға қатысты құрылыс жұмыстарын толықтай атқарып келеді. Әлемдік деңгейде қаржы қыспағы орнап, дағдарыс дендегенге дейін өзіне жүктелген міндеттер мен жоспарларды мінсіз орындап келген сервистік серіктестік басшылығы заман талабына сай жаңаша қимылдау қажет екендігін ұғынды. Осылайша, мүмкіндікке қарай қызмет көрсету аясын ұлғайтып, қосымша қызметтерді қосып атқаруға кірісті. Бастама нәтижесіз емес, «іздегенге – сұраған» дегендей, ойға алған істерін орындатуға ынта білдірушілер табыла кетті. Аз уақыт ішінде Бейнеу кентінің ауылішілік және Жыңғылды – Таушық аралығына газ желілерін тартып, 170 шақырымдық Таушық – Қаламқас тасжолын қалпына келтіру, ағымдағы жөндеу жұмыстарына қатысты. «Өзенмұнайгаз» кен орнынан мұнай құюға және сақтауға арналған сыйымдылығы 10 мың текше метр және 5 мың текше метр қазандар орнатып берсе, «ҚазТрансОйл» АҚ-қа қалдық суды қалпына келтіру, тазалау қондырғысы мен алаңшасын салды, «Қаражанбас» кен орнында ток жүйесін салуға ат салысып, аталмыш компанияға қарасты «Тұлпармұнайсервис» ЖШС-не футбол алаңын салды. «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-тың бастамасымен Қаламқас әулиенің басына түнеухана салынып, осы аттас кен орны мен әулие арасына қатқыл табанды жол төседі.
«Қаламқас» кен орнында өздеріне жүктелген жұмыстарды мүлтіксіз орындап келе жатқан «Oil Construction Company» ЖШС-нің Қаламқас құрылыс-құрастыру қызметінде екі ауысыммен 500 адам еңбек етеді. Маңғыстау облысының аудан-қалалары мен Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарынан келіп жұмыс істейтін қызметкерлер үшін барлық жағдай жасалған. Жұмысшылар үшін заманауи үлгідегі шешіну-жуыну нысаны, екі асхана, төрт жатақхана, футбол алаңдар мен кәсіподақ ұйымының бастамасымен алынған тренажерлік жабдықтар, бильярд, теннис үстелдері, «Отау ТВ» жүйесімен қамтылған теледидарлар, орталық кітапхана, мәдениет үйі бар. Жұмысшылар өзара және ауқымды спорттық сайыстарға қатысып, жыл сайын мұнайшылар мерекесі қарсаңында өтетін «Үздік маман» байқауында бақ сынайды. Жарыстар жеңіссіз емес екен, мекеме төріне тізілген кубоктар мен мадақтамалар жарқын жүлделерден хабар береді.
Мекеме басшыларының айтуынша, «Қаламқас құрылыс-құрастыру» бөлімшесі базасында жолдар үшін арнайы асфальттар дайындалады және «Қаламқас» кен орнындағы төселген тасжолдар түгелге дерлік компанияның атқаруымен жүзеге асырылуда екен. Сондай-ақ, аталмыш кен орнындағы компанияның құрылыс бөлімшесіне асфальт жол салуға, құбыр тартуға, өзге де жұмыс бағыттарында қызмет ететін 140-тан астам техника түрі бар, жөндеу базасымен және техникалық қызмет көрсету орталығымен «Қаламқас» кен орнына орналасқан көлікжайда доңғалақ жөндеп, май бөлшектерін жуатын, аккумулятор жөндейтін цехтар бар. Қосымша жұмыс көздері есебінде, биылғы жылы компания қызметкерлері «Қаламқаста» күрделі екі қазан құрылысын жүргізсе, төрт қазанды күрделу жөндеуден өткізген. Бұған дейін олар неміс технологиясы негізінде, германиялық «Siemens» фирмасының жабдықтарын орнатқан газ-трубиналық электр стансасының құрылысына қатысып, «Қаламқас» кен орнының 40 пайыз электр энергиясымен қамтылуына қол жеткізсе, қазіргі таңда «ҚазТрансОйл» АҚ-қа жылу қондырғысын орнату және «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-тың еншілес кәсіпорны, техникалық қызмет көрсететін «ОйлТранспортКорпорейшн» мекемесіне 400 техникаға арналған гараж салу жұмыстарын қызу жүргізуде.
8 карьерден құм, ұлутас, мергель, шақпатас, шойтас, құмды малтатас сияқты құрылыс материалдарын өндіретін компания «Қаламқас» кен орнынан құм, мергель өндіріп келеді. Теңіз суының көтерілуі салдарының алдын алу мақсатында су бөгетін салып, оны тұрақты қадағалап отырады.
Еліміз ұлы мереке – Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық мерейтойының табалдырығында тұр. 25 жыл ішінде аяқтан тұрып, әлемдік деңгейде танылған Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуында тұтас халықтың, ірілі-ұсақты кәсіпорындар мен жекелеген еңбек адамдарының үлесі зор. Ел еңсесін тіктеп, тәуелсіздікті баянды етуге Маңғыстау даласының қиыр түбіндегі кен орындарында еңбек етіп жатқан құрыш білекті мұнайшылардың үлесі көп. Өз істерін жетік меңгерген мұнайшылар қай істі болсын шеберлікпен атқарып, жақсы істерге жұмылып келеді.
– Жатақхана бар, үш мезгіл тамақ беріледі. Жалақыны уақытында алып тұрамыз, жағдайымыз жаман емес, – дейді қазан құрылысы басында жүздескен мұнайшылар атынан қазан құрастырушылар Қайрат Ерекешов пен Мұрат Бисекешов. Салада 2001 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан олар – өз жұмыстарының бесаспап шеберлері. Олардың сөзін мұнай саласында 43 жыл еңбек өтілі бар Г.Харченко, қазан құрастырушы Д.Тихомолов, дәнекерлеушілер В.Пахомов және Б.Ұзақбаев қостай түсті. Бір ай немесе ай жарым уақытта үлкен сыйымдылықтағы қазанды салып бітіретін олар кезекті қазан құрылысын мұқият жүргізуде. Міндетті сервистік қызметтермен бірге, қосымша жұмыстарды атқарып, кіріс көздерін ұлғайта түскендіктен, қаржылық-экономикалық дағдарыстарға қарамастан, компанияда жұмысшыларға қысқарту жүрмеген, жұмыс орны тұрақты сақталып келеді.
Халыққа керегі – Тәуелсіздіктің тұрақтылығы, тыныштық және даму. Әлем елдерінде болып жатқан жағдайлар бізге өзімізде бар құндылықтарды қастерлеуге, бағалауға және оны сақтап қалуға мүдделі екенімізді ұғындырады. Ерен еңбегін ел дамуына, халық несібесіне арнаған мұнайшылардың әрбір жұмысы – тәуелсіз Қазақстанның келешегі үшін қаланған кірпіш екені анық.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы
Суреттерді түсірген автор