Тәуелсіздік жылдарында елімізде лицейлер мен гимназиялар және арнаулы мамандандырылған мектептер көптеп ашылды. Уақыт өте келе дарынды балаларға арналған білім берудің жаңа жүйесі теориялық тұрғыдан да, тәжірибелік тұрғыдан да одан әрі тереңдеп толыса түсті. Сөйтіп мұндағы білімнің сапасы мен деңгейі өркениетті елдермен теңесе бастады.
Еліміздің әр қиырында осы бағыттағы мектептер желісінің құрылуы, әрі ұзақ уақыт өтпей-ақ олардың әлемдік-элитарлық білім беру деңгейіне көтерілуі – тәуелсіздіктің басты нәтижелері мен жемістерінің бірі болып қала бермек. Осы салада еңбек етіп жүрген білікті педагог мамандардың айтуы бойынша дарынды балаларды іріктеп, топтап оқыту үрдісін орнықтырудың тиімділігі мен пайдасы өте мол. Бұл оларды болашақта алатын мамандығына алдын-ала әзірлейтін бейінді әрі бейімді білім беру қағидасы арқылы жүргізілетініне осы материалды газет өндірісіне әзірлеу барысында айқын көз жеткізе түстік. Осы орайда Орал өңіріндегі дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатты мысалға алғанды жөн көрдік. Бұл үшін ең алдымен аталған оқу орнының тәуелсіздік жылдары қол жеткізген биік нәтижелері мен көрсеткіштерін айтқан орынды деп санаймыз. Атап айтқанда, соңғы он жылдың аралығында тәуелсіздіктің алғашқы жылдарының бірінде ашылған осы мектепті бітірген түлектердің жоғары оқу орындарының грантын иелену көрсеткіші жүз пайызды құрайды. Бір жылда «Алтын белгіге» қол жеткізгендердің саны 23-ке дейін өскен. Ал ең жоғары 125 баллға ие болушылар оннан асып түседі. Мұнда Ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде барлық түлектердің жинаған орташа балы 120,7-ге жеткен.
Соның нәтижесінде негізінен шалғайдағы ауыл балалары оқитын мектеп-интернаттың жүзден астам түлегі «Болашақ» стипендиясы бойынша әлемнің ең таңдаулы университеттерінде білім алу мүмкіндігін иеленді. Оның бірқатары М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті жанындағы А.Н. Колгоморов атындағы физика-математика мектебін аяқтаған. Түлектердің тағы бір толқыны еліміздің ең жетекші элитарлық жоғары оқу орындарында оқып жүр.
– Алдыңғы жылы Білім және ғылым министрлігі ҰБТ моделінің республика бойынша рейтингін шығарды. Оның нәтижесінде біздің мектеп-интернат ҰБТ-дан ең жоғары көрсеткішке жеткен республикамыздағы ең үздік алты мектептің көшбасынан көрінді. Сонымен бірге елімізде соңғы 11 жыл бойы республикада түлектері тұрақты түрде жүзден жоғары көрсеткішке жеткен екі мектептің бірі әрі бірегейі атанды, – деді бізге Батыс Қазақстан облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаттың директоры, педагогика ғылымының кандидаты, «Құрмет» орденінің иегері Нәсіпқали Дәулетов.
Әрине, бұл арада біз мектеп ұжымының биік белестерін дәріптеуді емес, керісінше олардың осы нәтижелерге қалай қол жеткізгендерін оқырмандарға таныстыруды мақсат етіп қойған едік. Сондықтан осы мәселеге ойысар болсақ, мұнда оқушылардың қабілеті мен қызығушылығына қарай бағдарлы пәндерді жалпы білім беретін мектептермен салыстырғанда 2-3 есеге дейін тереңдетіп, сараптап оқыту тәжірибесі орныққан. Білім сапасын көтеруге мамандандырылған мектепте құрылған педагогикалық мониторинг тәсілінің тигізіп жүрген ықпалы мол екені аңғарылады.
Мұның басты элементі – бақылау. Осылайша оқыту жүйесін тұрақты әрі жүйелі түрде бақылап отыру арқылы оқушылар білімнің сапалық деңгейіне көтеріле алады. Әрі бұл арада орын алған кемшіліктер көрініп қана қоймай, оның себептері мен салдарлары айқындалатыны, әрі оны жоюдың жолдары белгіленетіні қандай жақсы. Мұндай үрдістен үйренетін тұстар да аз болмаса керек. Мектеп педагогтарының түпкі әрі негізгі мақсаты да осы екен.
Мұндағы оқушылар мектепті аяқтаған соң өздерін мемлекеттік Ұлттық Бірыңғай Тестілеу моделі күтіп тұратынын жақсы сезінеді. Сондықтан да олар белгілі бір пәннен күнделікті баға алу үшін емес, ҰБТ-да жоғары балл жинауды мақсат етуге дағдыланған. Апта, ай, тоқсан сайын әрі жыл аяғында негізгі пәндер бойынша жүйелі әрі тұрақты мектепішілік бақылаулар да оқушылардың күнделікті өткізілген материалдарды толықтай меңгеруіне ықпалын тигізген. Мұның өзі оқытудың тиімді тұстарын одан әрі жетілдіріп, кемшіліктерді жою жолдарын іздестіруге алғы шарт қалапты.
«Қысқасы мамандандырылған мектептегі бақылау жүйесі оқушыға да, оқытушыға да тың міндеттер қоя алады. Оларды жаңа жетістіктерге жетуге итермелейді. Білім беру үдерісін сырттай бақылау мен бағалау оны тікелей іске асырғаннан гөрі әлдеқайда тиімдірек», дейді мектеп басшысы Нәсіпқали Дәулетов. Соның нәтижесінде білім сапасының төмендігін немесе қалыпты екендігін тез байқауға болады. Бұл тәсіл мұғалімдердің бағаны көтеріп қою әдетін болдырмауға да ыңғайлы. Ең бастысы оқушының күнделікті материалдарды жан-жақты әрі терең меңгеруге ұмтылысын қалыптастыру үшін өте қолайлы.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
ОРАЛ