2015 жылы Еуразиялық Топ (ERG) басшылығының шешімімен оның құрамына кіретін «Еуразиялық энергетикалық корпорация» АҚ Ақсу электр стансасы ресурстарын пайдалану арқылы Рудный қаласы мен Қашар кентіне электр энергиясын тасымалдау мүмкіндігі туды. Нәтижесінде, Рудныйда электр қуатының тарифі 10 пайыздан артық төмендеп, үстіміздегі жылдың аяғына дейін баға өзгермей қалды. Енді компания басшылығы 2017 жылда да тарифті тұрақты ұстап тұрудың мүмкіндіктерін тапты.
Айтпақшы, бұл шешім қабылданбас бұрын қалаға электр энергиясы Екібастұз МАЭС-1-ден жеткізілетін және ондағы 1 кВт-ның құны Ақсу стансасының босату бағасынан әлдеқайда қымбат болды. Ал 2015 жылдың 1 сәуірінен бастап электр энергиясына ақы төлеу кезіндегі квитанцияларды толтырғанда тұтынушы 1кВт-тың бағасын жыл басында бекітілген 16,11 теңгенің орнына 14,46 теңге деп белгіледі. Осылайша, жыл қорытындысы бойынша жеке тұлғалар – 87 миллион, ал заңды тұлғалар – 97,6 миллион теңге, барлығын қосқанда 184 миллион теңге үнемдеді.
Үстіміздегі жылдың соңына дейін бұл үрдіс жалғасын табады. Электр энергиясына төленетін қаржы келесі жылы да үнемделетін болады.
– Біз төмендетілген тариф бойынша төлеуге үйреніп алдық. Ал еліміз үшін экономикалық қиын кезде, әдетте, бағалардың өсуін күтеміз. Кеншілер қаласының тұрғындары электр энергиясының төлемін арзан төлейтін болдық. Бұл біз үшін өте қуанышты жағдай, – дейді зейнеткер Валентина Маслова. – Сондықтан Еуразиялық Топ басшылығына халыққа жасап жатқан қамқорлығы үшін зор алғысымды білдіремін.
– Мен Ресейде тұратын таныстарыма бізде электр энергиясының тарифі төмендегенін айтқанда, олар маған сенген жоқ. Себебі, барлық жерде тек өсім байқалады. Енді мұндай баға келесі жылы да сақталатындығымен мақтана аламын. Бұл ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерекесі қарсаңында үлкен сый болып, қуанышымызды еселей түсті, – деп толықтырады тағы бір аға ұрпақ өкілі Мақсұт Алтынбаев.
Еуразиялық Топ үшін бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі басым бағыттардың бірі болып қала бермек. Рудный мен Қашарға тасымалданатын арзан электр қуаты бұл – тұрғындардың әлеуметтік әлеуетін арттыру, тұрмысын жақсарту бағытындағы жұмыстардың бір парасы ғана.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан»
РУДНЫЙ