Еліміздің алыс түкпірлеріндегі бекеттерге аялдап, өңірлердің экономикалық ахуалымен, халықтың әлеуметтік жағдайымен танысып, оларға дәрігерлік, кәсіпкерлік, әлеуметтік, құқықтық, ауылшаруашылық мәселелері бойынша қабылдау өткізіп, сауалдарына жауап қайтарып, кеңес беру үшін жолға шыққан «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы Тараз қаласына келген еді. Көне қалаға бұл пойыз түннің бір уағында келіп тоқтаса да, керуенді қарсы алушылардың қарасы мол болды.
– Тарихы тереңнен бастау алатын біздің қаламызға алыстан келгендеріңізге шексіз алғысымызды білдіреміз, – деді салтанатты қарсы алу шарасында Тараз қаласының әкімі Нұржан Календеров. – Ұлы Жібек жолында орналасқан халықаралық сауда, ғылым мен рухани дүниенің аса маңызды орталықтарының бірі болған көне Тараз қаласының тұрғындары бұл пойызды асыға күтті десек, артық айтқандық емес. Лайым, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында қолға алынған бұл іс-шараның халыққа тигізер пайдасы мол болсын.
Пойыз штабының жетекшісі, профессор Әміржан Әлпейісов бұл шараның басты мақсаты – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен өз даму жолын тапқан Қазақстанның табыстарын паш ету, «Мәңгілік Ел» идеясын жан-жақты түсіндіру, өскелең ұрпақты отансүйгіштік, ізгілік қасиеттерге тәрбиелеу, түрлі мәдени шаралар шеңберінде мәдени қазыналарымызды дәріптеу, сонымен қатар, дәрігерлік, әлеуметтік мұқтаждықтарды шешуге көмектесу екенін баса айтты.
Сөйтіп, кеше күні бойы пойыз мүшелері бірнеше жерде қала тұрғындарымен кездесіп, бизнес, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, білім беру мәселелері бойынша кеңестер берсе, тағы бір топтар жергілікті халыққа түрлі көмектер көрсетті.
Тараз қаласының тұрғыны Елизавета Орынбаеваның бір баласы Ауған соғысында опат болыпты. Ал бір баласы қазір Шу қаласында тұрады. Бірақ қарт анасына қамқор болмақ түгілі, мүлдем хабарласпайды да екен. Кейуана бүгінде отбасылық жатақханада жалғыз өзі күн кешуде. Сондықтан «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалында өткен қабылдауға келген Е. Орынбаеваны қарттар үйіне орналастыруды сұрайды. Әлеуметтік қорғау саласының мамандары қарттар үйіне орналасудың өз тәртібі бар екенін айта келе, бірақ бұл мәселені жақын уақытта шешіп беруге уәде берді.
Ал Тараз қаласының тағы бір тұрғыны Елена Бугаеваның биылғы жылдың 3-4 қарашасында болған жойқын дауылдан үйінің шатыры ұшып кетіпті. Соны жөндеп, қалпына келтіруді өтінеді. Тараз қаласы әкімінің орынбасары Жақсылық Сапаралиев бұл мәселеден хабардар екен. Дәл қазір дауылдан зардап шеккен үйге келген шығын құны есептеліп, жөндеуге қаржы қарастырылыпты. Енді бір аптаның көлемінде мердігер компания үйді жөндеп беретін болады.
Сондай-ақ, Өзбекстаннан көшіп келген зейнеткер Жаннат Мұсаева жеке басын куәландыратын құжаттарды жоғалтып алғандықтан, Қазақстан Республикасы азаматтығын растайтын жеке куәлікке қолы жетпей жүр. Бұл мәселе бойынша көші-қон полициясы және әділет басқармасы, зейнетақы төлеу орталығының мамандары өз ойларын ортаға салып, қарияға заң бойынша жаңа құжат жасап берудің жолдары бар екенін айтты. Тіпті, жақын күндерде бұл мәселені шешуді Тараз қалалық әділет басқармасының мамандары өз мойындарына алды.
Дәл осылайша Мехри Ишанханова, Эльмира Момынова және басқа да азаматтарға мәселелері бойынша тұшымды жауаптар берілді.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық мерекесіне орай ұйымдастырылған бұл іс-шарада дәрігерлер қалалық емханаларда қабылдау жүргізді, көпбалалы аналарға көмек көрсетті.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы