• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
03 Желтоқсан, 2016

«Тәуелсіз Қазақстан» пойызы – Таразда

125 рет
көрсетілді

Еліміздің алыс түкпірлеріндегі бекеттерге аялдап, өңірлердің экономикалық ахуалымен, халықтың әлеуметтік жағдайымен танысып, оларға дәрігерлік, кәсіпкерлік, әлеуметтік, құқықтық, ауылшаруашылық мәселелері бойынша қабылдау өткізіп, сауалдарына жауап қайтарып, кеңес беру үшін жолға шыққан «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы Тараз қаласына келген еді. Көне қалаға бұл пойыз түннің бір уағында келіп тоқтаса да, керуенді қарсы алушылардың қарасы мол болды. – Тарихы тереңнен бастау ала­тын біздің қаламызға алыс­тан кел­ген­деріңізге шексіз алғысы­мызды біл­діреміз, – деді салтанат­ты қарсы алу шара­сында Тараз қа­ласының әкімі Нұр­жан Кален­деров. – Ұлы Жібек жолында ор­на­лас­қан халықаралық сауда, ғылым мен рухани дүниенің аса маңызды орта­лықтарының бірі болған көне Тараз қа­ласының тұрғындары бұл пойыз­ды асыға күтті десек, ар­тық айтқан­дық емес. Лайым, ел Тәу­елсізді­гінің 25 жыл­дығы аясында қолға алын­ған бұл іс-шараның ха­лыққа тигізер пайдасы мол болсын. Пойыз шта­бы­­ның жетекшісі, про­фес­сор Әмір­жан Әлпейісов бұл ша­ра­­­ның басты мақсаты – Қазақстан Рес­пуб­ликасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылы­ғымен өз даму жолын тапқан Қазақ­стан­ның табыстарын паш ету, «Мәңгілік Ел» идеясын жан-жақты түсіндіру, өске­­лең ұрпақты отансүйгіштік, ізгілік қасиет­терге тәрбиелеу, түрлі мә­дени шаралар шеңберінде мәдени қазы­на­ларымызды дәріптеу, сонымен қатар, дәрігерлік, әлеуметтік мұқтаждықтарды шешуге көмектесу екенін баса айтты. Сөйтіп, кеше күні бойы пойыз мүшелері бірнеше жерде қала тұрғын­дарымен кездесіп, бизнес, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, білім беру мәсе­ле­лері бойынша кеңестер берсе, тағы бір топтар жергілікті халыққа түрлі көмек­тер көрсетті. Тараз қаласының тұрғыны Елизавета Орынбаеваның бір баласы Ауған со­ғысында опат болыпты. Ал бір баласы қазір Шу қаласында тұрады. Бірақ қарт анасына қамқор болмақ түгілі, мүлдем хабарласпайды да екен. Кейуана бүгінде отбасылық жатақханада жалғыз өзі күн кешуде. Сондықтан «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалында өткен қабылдауға келген Е. Орынбаеваны қарттар үйіне орналас­тыруды сұрайды. Әлеуметтік қорғау саласының мамандары қарттар үйіне орналасудың өз тәртібі бар екенін айта келе, бірақ бұл мәселені жақын уақытта шешіп беруге уәде берді. Ал Тараз қаласының тағы бір тұр­ғыны Елена Бугаеваның биылғы жыл­дың 3-4 қарашасында болған жой­қын дауылдан үйінің шатыры ұшып кетіпті. Соны жөндеп, қалпына келті­руді өтінеді. Тараз қаласы әкімінің орын­басары Жақсылық Сапаралиев бұл мә­селеден хабардар екен. Дәл қазір дауыл­дан зардап шеккен үйге келген шығын құны есептеліп, жөндеуге қаржы қарастырылыпты. Енді бір аптаның көлемінде мердігер компания үйді жөндеп беретін болады. Сондай-ақ, Өзбекстаннан көшіп келген зейнеткер Жаннат Мұсаева жеке басын куәландыратын құжаттарды жоғалтып алғандықтан, Қазақстан Республикасы азаматтығын растайтын жеке куәлікке қолы жетпей жүр. Бұл мәселе бойынша көші-қон полициясы және әділет басқармасы, зейнетақы төлеу орталығының мамандары өз ойларын ортаға салып, қарияға заң бойынша жаңа құжат жасап берудің жолдары бар екенін айтты. Тіпті, жақын күндерде бұл мәселені шешуді Тараз қалалық әділет басқармасының мамандары өз мойындарына алды. Дәл осылайша Мехри Ишанханова, Эльмира Момынова және басқа да азаматтарға мәселелері бойынша тұшым­ды жауаптар берілді. Мемлекет басшысының тапсыр­ма­сымен Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық мерекесіне орай ұйымдастырылған бұл іс-шарада дәрігерлер қалалық емханаларда қабылдау жүргізді, көп­балалы аналарға көмек көрсетті. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан» Жамбыл облысы