Марафоншы Серік Секербаевтың отбасы Ертіс – Қарақұдық – Ертіс бағытындағы бірнеше шақырымдық жолды жаяу жүріп өтті.
Ағайынды Ермек, Алмас, Айбол Секербаевтар Ертіс ауданында туып-өсті. Әкелері Серік Исақұлы – жеңіл атлетикадан спорт шеберлігіне кандидат. Секең оқушы кезінен-ақ жүгіре бастапты. Тіпті, үйленіп отбасылы болғанда да жақсы әдетін жалғастыра берген. Ауладан, аудан орталығының көшелерінен басталған марафон оны Киев, Харьков, Алтай өлкесі, Новосібір, Омбы, Архангельск сияқты алыс сапарларға алып барған. Ұлдары Ермек, Айбекпен бірге Ертіс – Панфилов – Ұзынсу – Ағашорын – Майқоңыр – Байзақов – Қызылжар жолымен жүріп өтті. Желаяқ жігіттердің әкелері 35 жылдан бері спортпен достасып келеді. Ұлы Ермектің өзі 30-ға келді. Кішісі Айбек екі жарым жасында Астанада өткен «Алтын күз» марафонында екі шақырым жерге жүгіріп, жұртты бір таңғалдырған еді. Ал Ермек 5 жасында Киевте өткен жарыста жеңіс тұғырынан көрінеді. Содан бері талай шақырымдарды артта қалдырды. Он тоғыз жасында 42 шақырым қашықтықты бағындырады. Осылай басталған жетістіктер әлі жалғасуда.
Облыста ұйымдастырылған «Мерейлі отбасы» байқауында Секербаевтар «Әке жолын жалғаған» номинациясында бәйгелі болды. Ал ұлы Ермек «Қазақстан алюминийі» АҚ-тың гидрометаллургия цехында аппаратшы. Одан кейінгі Алмас №2 гидрометаллургия цехында жұмыс істейді, ал Айбол болса энергетикалық жөндеу цехында дәнекерлеуші. Марафоншылар отбасы шақырту келсе-ақ, барлық жарыстарға қатысады. Облыстық, халықаралық сайыстардың жүлдегері атанып, бірнеше дүркін чемпионы да болды. Мәселен, «Медеу» марафонында, «25-Сібір марафонында» 8-орынды иеленіпті. Шаңырақтың кенжесі Айбек те желаяқтар қатарына қосылмақшы.
– Жыл сайын Омбыда ұйымдастырылатын Сібір марафонына қатысамыз. Жанкүйерлер жақсы қолдау көрсетеді. Биыл да дайындалып жатырмыз, – дейді Серік аға.
Бір сүйсінерлігі, Секербаевтар жиі-жиі «Отбасылық марафон» өткізіп тұрады. Ертіс ауданы әкімінің орынбасары Ержан Рақымжановтың айтуынша, жерлестері Секербаевтар шаңырағын патриот отбасы санайды. Жеңістің 70 жылдығына орай Павлодардан Ертіс ауылына дейінгі 200 шақырымды екі күнде жүріп өтіпті.
Ал Серік ағаның өзі егер мүмкіндік болып, қолдау көрсетіліп жатса, аудан орталығында саламатты өмір салтына лайық дене шынықтырып, жүгіруден жалықпайтын, шынықса шымыр, өмірге құштар, батыл жастарды тәрбиелегісі келеді. Әкімдіктегілер бұл өтінішті құп алады деп сенейік.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Павлодар облысы