С.Мұқанов атындағы кітапханада «Ұлы Дала елі – Тәуелсіздіктің 25 негізі» акциясы аясында отбасы құндылықтарын ұлықтауға арналған шара өтті. Онда аймақ басшысы Ерік Сұлтанов көп бала тәрбиелеп өсірген «Күміс алқа» және «Алтын алқа» иегерлерімен, кәсіби әулеттермен кездесіп, алда келе жатқан айтулы мерекемен құттықтады.
– Елбасы бала тәрбиесіне, әке мен шешенің отбасындағы рөліне әркез үлкен көңіл бөліп келеді. Берік шаңырақ – қоғамымыздың өміршеңдігінің, тұрақтылығының кепілі. Отбасында ғана бала өзін барынша бақытты сезінеді. Тағдырдың бар қиындығынан сүріндірмей алып шығатын да, өмірге құштарлықты қалыптастырып, шабыттандыратын да – отбасы», дей келіп, Ерік Хамзаұлы алты бала тәрбиелеп өсірген бір топ анаға «Күміс алқа» белгісін тапсырды.
Бүгінде өңірде 4,9 мыңға жуық көп балалы ана тұрады. Олардың атынан сөз алған еңбек ардагері Қымбат Исманова жиналғандармен жүрекжарды лебіздерін бөлісті. «Отан отбасынан басталады. Тек іргесі берік шаңырақта ғана дені сау, қабілетті бала тәрбиеленеді. Елімізде жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға да жан-жақты көмек көрсетіледі», десе, «Левин» жеке кәсіпкерлігінің директоры Елена Левина төрт бала өсіргенін, үш немеренің әжесі екенін, олардың жетістіктері қуаныш пен мерейге бөлейтінін жеткізді.
Жиында балаларды асырап алу, қамқоршылық пен қорғаншылыққа, патронаттыққа алу жиілеп келе жатқаны да айтылды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы