Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қайрат Мәмидің төрағалық етуімен болған палатаның бюро отырысында Мәжілісте мақұлданған заң жобалары палата комитеттеріне бөлініп берілді, деп хабарлады Парламент Сенатының баспасөз қызметі.
Әлеуметтік-мәдени даму комитеті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша негізгі комитет болып белгіленді.
Қаржы және бюджет комитеті «2007 жылғы 6 қазандағы Кеден одағының комиссиясы туралы шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын зерделейтін болды.
Бюрода биылғы 22 қыркүйекте болатын Сенаттың кезекті жалпы отырысының күн тәртібі бойынша ұсыныстар да талқыланды. Алдағы отырыста «1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қатысушы мемлекеттер арасындағы Әскери-техникалық ынтымақтастықтың негізгі қағидаттары туралы келісімге толықтырулар енгізу туралы екінші хаттаманы ратификациялау туралы» және «1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қатысушы мемлекеттер арасындағы Әскери-техникалық ынтымақтастықтың негізгі қағидаттары туралы келісімнің шеңберінде жеткізілетін әскери мақсаттағы өнімдердің нысаналы пайдаланылуын бақылауды жүзеге асыру тәртібі туралы хаттамаға толықтыру енгізу туралы екінші хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобаларын талқылау жоспарланды. Сондай-ақ «Білім туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қарауға ұсынылды.
Жалпы отырыста, сонымен қатар, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметін жетілдіру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда қаралады.