Елбасының Жарлығымен барлық деңгейдегі әкімдердің жұртшылық алдында есеп беруі дәстүрге айналды. Мұның екі жаққа да тиімді жақтары бар екеніне көз жетіп келеді.
Алматы облысының әкімі Аңсар Мұсаханов облыстық мәслихат депутаттары алдында Мемлекет басшысының жыл сайынғы жолдауларындағы міндеттер мен өңірге жұмыс сапарымен келгенде берген тапсырмаларының орындалуы, экономиканы дамыту, жұмыссыздықтың алдын алу және Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығын өткізу мәселелері бойынша атқарылған жұмыстарды ортаға салды.
Өткен сегіз айда әкімдіктің 7 мәжілісі, 26 аппараттық кеңес өткізіліп, онда облыстың әлеуметтік-экономикалық, мәдени даму мәселелері қаралған. Жиындарда атқарушы биліктің жұмыстарына кешенді талдау жасалып, алдағы міндеттер айқындалған.
Өңір басшысы қай салада болсын, білікті мамандарды тартуға ерекше көңіл бөлінетінін жеткізді. Өйткені, оң үрдістердің етек алуы тың ойлы, жоғары кәсіби білікті мамандардың өз қызметіне деген жауапкершілігіне байланыстылығын қадап айтты. Осы мақсатта аудандар мен басқарма басшылары арасында ауыс-түйіс болды. Әсіресе, жастардың білімі мен біліктілігі назарға алынған. Әкімдердің жұмысының маңызды бір бөлігі азаматтардың өтініштерімен жұмыс істеу болса, облыс әкімінің қабылдауында болып, мәселесі оң шешілгендер қатары көбеюде.
Аңсар Мұсаханов мәслихат депутаттарының назарына өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, инвестиция тарту, білім мен денсаулық сақтау салаларындағы өткен мерзімде қолға алынған ұтымды істер мен тиянағы келтірілген жұмыстарды жіктеді. Мәселен, өнеркәсіп саласында 228,7 млрд. теңгенің, аграрлық секторда 87,6 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, халықтың әл-ауқатының артуына қол жеткізілген.
Шағын және орта кәсіпкерлік бойынша да өнім өндіру мен халыққа қызмет көрсету деңгейі едәуір жақсарған. Жас ұрпаққа білім беру, денсаулық сақтау салаларындағы жұмыс байыпты жалғасын табуда. «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында 49 су жүйесінің құрылысын жүргізу жоспарланған. Бөлінген қаржы тиімді жұмсалып келеді. Жастардың жаңашыл бастамалары қолдау тауып, бұл мақсатқа бюджеттен қомақты қаржы бөлінген. Еңбекшіқазақ ауданындағы Маловодное елді мекенін көктемде су басуына байланысты қалпына келтіру жұмыстары суық түскенше аяқталатыны да айтылды.
Әкім азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол берілмейтінін де жеткізді. Сонымен қатар, ірі жобалардың, үлескерлер мәселелерін шешу, жылыту маусымына дайындық, тағы басқа кешенді жұмыстарға тоқталып, өңір халқының әл-ауқатын көтеру басты міндеттердің бірі екендігін және оған баршаның атсалысуы қажеттігін міндеттеді.
Жиында депутат, «Бартоғай» су қоймасы және Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналын пайдалану жөніндегі мемлекеттік мекеме директоры Е.Сұлтанғазиев, Талғар агробизнес және менеджмент колледжінің директоры Н.Үмбетова, шаруа қожалығының басшысы В.Хельниченко, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Г.Иорданиди, Іле аудандық мәслихатының хатшысы Ф.Камалқызы және басқа да депутаттар сөйлеп, жұмыстарындағы оң нәтижелерімен бөлісіп, тың ұсыныс-пікір білдірді. Депутаттар облыс әкімінің жұмысына қанағаттанарлық деген баға берді.
Күмісжан БАЙЖАН,
Алматы облысы.