Облыс орталығындағы «Квазар» сауда үйінің ауласында қала тұрғындары әр сенбі сайын ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесіне жиналады. Облыстағы 12 аудан жер қара, күн жылыда қала тұрғындарын әні мен сәні жарасқан, қоржыны толы жәрмеңкеге шақыра бастады. Алғашқы болып, қалалықтарға Төлеген Бәстенов басқаратын Павлодар ауданы келген еді.
Бұған дейінгі өтетін жәрмеңкелерге облыстың барлық аудандары түгелдей қатысатын. Енді облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасына орай аудандар әр апта сайынғы жәрмеңкені кезектесіп өткізуді қолға алды. Бұлай кезектесіп өткізу әр ауданның қолда барын, өндірген өнімдерінің қаншалықты бағалы, татымды екенін көрсетсе, екіншіден, аудандар арасындағы бәсекелестік артады. Әкімдер де өз аудандары өткізетін жәрмеңкеге жауапкершілікпен қарай бастайды. Бұдан кейін «Квазарда» қалалықтар үшін қызу сауда болмай қайтсін. Ал, өткен сенбіде жәрмеңке көшін жалғастырып, баянауылдықтар келді. Таңғы сағат 7-нің кезі. Соның өзінде кісі деген қалың, көбі зейнеткерлер, аз қамтамасыз етілген отбасылар жәрмеңкенің жақсылығын көріп, бір қуанып қалды.
Айнала жұмыртқаға, құрт-май, ірімшікке, басқа да азық-түлікке лықа толтырып сөмке көтерген жұртшылық, көңілдері жайдары, келесі жәрмеңкеде басқа не әкелер екен десіп жатыр. Кең алаңда баянауылдық өнерпаздар ән шырқауда. Барлық жоғыңды осы жерден-ақ тауып аласың. Мұндағы баға қала дүкендеріндегі азық-түлік өнімдеріне қарағанда, 20 пайызға дейін төмен.
– Баянауылдың ауылдары облыс орталығына 1785 кило ет, 235 кило сары май, 165 кило қаймақ, 235 кило ірімшік, 90 кило тәтті қоспа, 125 кило құрт, 500 литр қымыз, 650 дана жұмыртқа, нан-тоқаш өнімдерін, тәттілер әкелді. Қара малдың, қойдың еттері, ауылдың сары майы, ірімшігі, қоспасы, жұмыртқасы, тағы да басқа қажетті азық-түліктер тұрғындарға арзанға түсуде, – дейді аудан әкімі Ернұр Әйткенов. Тағы бір таңқаларлығы, тасына да ағаш өсіп шығатын Баянауылдың шалғайдағы Қаратомар деген ауылынан ағаш егіп, жемісін көрген ауылдықтар алғаш рет 20 кило «Баянның алмасын» әкеп сатты. Қалауын тапса қар жанар деген осы. Аудан әкімі Ернұр Әйткеновтің айтуынша, баянауылдықтар енді 26 қазанда Астанада өтетін жәрмеңкеге 5 тонна ет, «Кең дала» серіктестігінің басшысы, кәсіпкер Гүлнәр Тоқпанова пісіретін дәмді нан-тоқаш өнімдерінен 1 тонна апарып саудаламақшы.
Фарида БЫҚАЙ, Павлодар.