• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
23 Қыркүйек, 2011

Дін және заң

2427 рет
көрсетілді

Сонымен, көп адамның көңілін күпті қылған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң жобасы қабылданудың алғашқы кезеңінен өтті. Сәрсенбі күнгі Мәжілістің жалпы отырысында ол толықтай мақұлданып, жоғарғы палатаға жол тартты. Осыған орай біз заң жобасын Мәжілістің қарауына дайындаған жұмыс тобының жетекшісі, депутат Рамазан СӘРПЕКОВТІ әңгімеге тартып, бірнеше сұрақтар қойған едік. – Заң жобасын әбден зерттеп, ұңғыл-шұңғылына үңілген адам­ның бірі өзіңізсіз. Саясаткер әрі заңгер ретінде оның маңызы қан­дай дер едіңіз? – Бұл заңның біздің қоғам үш­ін маңызы орасан зор. Ол азаматтық қоғамды қалыптастыруды ілгері жыл­жытуда айтарлықтай ықпал ете алады деп ойлаймын. Дін деге­ні­міз­дің өзі адамның тал бесіктен жер бе­сікке жеткенше өзімен бірге жү­ре­тін, жан-дүниесіне әсер ететін әле­уеті мол дүние ғой. Оған деген соңғы жылдардағы құрмет оның қай салаға да ықпалының күшті екенін көрсетеді. Сондықтан қандай да бір зайырлы мемлекет дінге қатысты өзінің ұлттық заңнамасын түпкілікті айқындап алуға міндетті деп есептеймін. 1992 жылы тәуелсіздік ал­ған­нан кейінгі аз уақыттың ішінде осындай заңның қабылдану себебі де сол. Өйткені, ол өз саласында қоғамды түрлі қыспақтардан қор­ғауға әсер етуі тиіс еді. Солай бол­ды да. Соның арқасында талай-талай кесапаттарды заң тала­бы­мен ауыз­дықтап, халыққа оның зардабын аз тигіздік. Демек, ол дер кезінде қа­был­данған құжат бо­лып шықты. Бі­рақ уақыт өзге­р­мей, алдыға жаңа талаптар қой­май тұра алмайды. Бұл – өмір заңы. Сондықтан осыдан 19 жыл бұрын қабылданған құжатты қайта қа­­­рап, толықтыру бұл табиғи нәрсе. Сөз ретіне қарай айта кетейін, қазір еліміздегі заңнамалық ба­за­мыз 350-дің үстіндегі ұлттық заң­дардан тұрады. Соның көбін біз жетілдіріп, қандай да болсын өрке­ни­етті мем­лекеттің заңнамалық нор­ма­ларына жақындатып келе жатыр­мыз. Осы­лар­дың ішінде Дін туралы заңды да жетілдіретін кез жеткен. Бірақ ол түрлі себептермен кешеуілдеп қал­ды. Соны пайдаланған түрлі, дәс­түр­лі емес діндердің ағымдары, олар­дың ішінде қоғам дамуына, ұлт­тық қауіпсіздігімізге, адамдар­дың денсаулығына кері әсер ететін секталар елімізде көбейіп, көңіл алаңдатарлық жағдайға жетті деп айтуға болады. 1992 жылы мәселен, бізде барлығы 300-ге жуық діни бірлестіктер болса, бүгінгі күні олар­дың саны 4551 болған. Солардың кейбірі қолданыстағы заңның әлсіз тұсын пайдаланып, елдің ішінде іріткі салуға әрекет ете бастады. Әсі­ресе, тіркелу мәселесінің бар­ын­ша солқылдақтығы, сырттан келетін миссионерлерге шектеулердің бол­мауы, олардың әкеліп, таратып жат­қан діни әдебиеттерінің мазмұнына ешкімнің назар аудармауы, міне, осы­­­ның бәрі діни бағыттағы ахуал­дың барынша күрделенуіне жол бер­ді. Тіпті, дін істерімен айналысатын өкі­летті органның да түрлі министрліктерге беріліп келуі бұл істерді реттеуде тұрақты мүмкіншілік ту­дыр­­мады. Осылардың бәрі, сайып кел­генде, жоғарыда айтқан кемшіліктерді туғызды. Тіпті түрлі ағым­дар­ға ерудің әсерінен бір ауылдағы екі көшенің, бір отбасындағы ері мен әйелінің, ата-анасы мен бала­сы­ның арасы ашылып, кикілжіңге ба­руына жол берілді. Міне, осының бәрі қажетті заңның кешеуілдеп қал­­ғандығының салдары еді. Сондық­тан, осы мәселелерді реттеуге ба­ғыт­талған біздің заңымыздың маңы­зы өзінен-өзі көрініп тұр емес пе? – Дегенмен, жағдай осын­ша­лық­ты күрделі ахуалға жеткенше мемлекет қол қусырып қарап отыр­ды деп айта алмайтын шы­ғармыз? – Әрине, 2006 жылы Президен­тіміздің Жарлығымен Азаматтық қоғамды дамытудың мемлекеттік тұ­жырымдамасы бекітілген бола­тын. Соның ішінде дін істері жө­нінде заң әзірленуі қажеттігі тиісті мемлекеттік органдарға жүктелген еді. 2008 жылы бір топ депутаттың ынтасымен қолданыстағы дін ту­ралы заңнамаға өзгертулер мен то­лықтырулар енгізу жөніндегі заң жобасы әзірленді. Ол қалыптасқан тәртіп бойынша Мәжілісте қаралып, мақұлданды. Сенатта да бұл құжат барлық процедуралардан өтіп, қа­былданды. Бірақ оған Елбасы қол қоймастан бұрын халық арасындағы кейбір пікірлерге байланысты оның Ата Заңға сәйкестігін тексеру сұ­ра­лып, аталмыш құжат Конс­тит­у­ция­лық кеңеске жолданған болатын. Конституциялық кеңес 2-3 нормадан Конституцияға қайшылық тау­ып, 2009 жылғы қаулысымен заң­ның қабылдануына қарсылық білдірді. Осы жағдай болмаса, ол сол кезде-ақ толыққанды, біткен құжат сияқты еді. Өйткені, 2006-2008 жыл­­дары оны дайындау өте қар­қынды, жан-жақты жүргізілген болатын. Біздің бүгінгі заң жобасын оншақты күннің ішінде, өте жылдам уақытта қарап шыққанымыздың өзі де, біріншіден, сол заң жобасын терең талдағандықтың арқасында мүмкін болды деп айта аламын. Екіншіден, Конституциялық кеңес те өзінің сон­дағы қаулысында жаңа заң қа­был­данатын болса мына мәсе­лелер­ге көңіл аударылса деген ұсыныстар жасаған еді. Заң жобасын әзірлеген топ сол ескертпелерді ескерген екен. Соның арқасында біз заң жобасын тез арада қарастырып, пысықтап жібердік. Әрине, мен бұл құжат төрт құбыласы түгел сай заңнама деп айта алмаймын. Оның да кезінде жетілдіруді қажет ететін тұстары бо­луы мүмкін. Өйткені, әр нәрсенің төрешісі уақыт екені даусыз. – Заң жобасынан қоғамның күтіп отырған басты-басты мә­се­лелері бар екені анық. Олар: біз­дің қалыптасқан діни наным-се­німімізге, ата-бабадан қалып­тас­қан дәстүрімізге, отбасылық ын­ты­мағымызға кедергі келтіріп, түрлі жолдарға итермелейтін зи­ян­­ды діни ағымдарға тыйым сала ма деген үміт. Бұл құжат осындай әрекетке қол жеткізе алатын тетіктер тудыра ала ма? – Мұндай мақсат заң жобасын әзірлеушілердің де, жұмыс тобының мүшелері – біздің де ішкі мақса­ты­мыз болғаны анық. Сондықтан да құжатқа зиянды ағымдардың жұ­мы­сына өркениетті жолмен тосқауыл қоя алатын тетік енгізе алдық деп айта аламын. Ол – діни бірлестіктер мен миссионерлердің қайта тіркелуін талап етіп, реттейтін норманың енгізілуі. Демек, аталған ұйымдар мен адамдар қызметін мемлекеттік қайта тіркеу арқылы, іс-қимыл­да­ры­ның заңға сәйкестігін анықтау жо­лы­мен біз зиянды әрекеттері бар ағым­дарды екшей аламыз. Ал мемлекеттік тіркеуден өтпеген қандай да бір діни ұйым немесе миссионер тұяғын қимылдата алмайды. Нақ­тылап айтатын болсақ, біз діни бірлестіктерді 3 санатқа бөліп отыр­мыз. Олар – жергілікті, аймақтық және республикалық. Жергілікті жә­не аймақтық діни бірлестіктер об­лыстардағы әділет департаменті бас­қармасында, ал республикалық деңгейдегі бірлестіктер Әділет министрлігінде тіркеуден өтеді. Заң жобасында тіркеуден өту үшін діни бірлестікте қанша мүше болуы керектігі айқындалып және олардың бәрі кәмелет жасына толған Қазақ­стан азаматы болуы керек деген шарт енгізілген. Екіншіден, тіркелу үшін діни бірлестіктің жарғысы, тір­келуді күн тәртібіне қойып өт­кізген жиналыстарының хаттамасы, діни бірлестікке енуге ынта білдірген адамның сол жиналысқа тікелей өзінің қатысқандығы (осы талап заң жобасын талқылау кезінде жұмыс тобы мүшелерінің ұсынысымен енгізілді), үшіншіден ынталы болған адамдардың толық тізімі тапсы­ры­лады. Жарғының өзіне қандай талаптар қойылатындығы жөнінде заң жобасында арнайы бап бар. Онда міндетті түрде Қазақстан азамат­та­рының барлық құқықтарын, соның ішінде демалу құқығын бұзып мезгілсіз уақытта діни уағыз айтып мазаламауын талап еткен және тағы басқа нормалар қарастырылған. Со­нымен бірге олардың алдағы жүргі­зе­тін жұмыстарына қандай әдеби және басқа құралдарды пайдалана­тыны жөнінде мәлімет беріледі, ал бұлар тіркелу барысында мамандар­дың қатысуымен діни сараптамадан өтіп, зиянды немесе зиянды емес сипаттары анықталады. Осы жұ­мыс­тар үшін Дін істері жөніндегі агенттік өзіне бюджеттен бөлінген қаржы көлемінде дін саласында жүр­­­ген білікті мамандарды сарап­шы ­ретінде қаражат төлеп шақы­ра­ды. Сарап жұмысы бір айдың ішінде өткізіледі. Одан өткен соң да жарғыда кейбір күдік тудырған мә­селелер болса, үш ай мерзімге түзеп келуге қайтарылады. Егер осы мезгілде түзеп келмей, өздерінің әре­кеттерін жалғастыра беретін болса, ондай бірлестіктердің жұмысы сот арқылы тоқтатылады. Міне, ос­ындай жұмыстар арқылы біз қоға­мымыздағы зиянды діни ағымдарды ауыздықтап, оларды арамыздан аластармыз деген үмітіміз бар. – Ал түрлі зиянды ағымдарды уағыздайтын шетелдік миссио­нер­лердің жұмысын реттеуге қан­дай мүмкіншілік туғыза алады? – Біз миссионерлік жұмыспен Қазақстан азаматтары, шетелдік азаматтар және азаматтығы жоқ адамдар айналыса алады деп жаздық. Бұл – Ата Заңымыздың нормасына сәй­кес келеді. Мұнда біз көпкон­фес­сиялы мемлекет болғандықтан еш­кім­нің діни сеніміне шек қой­май­мыз деген қағидатты басшылыққа алдық. Бірақ олардың тіркелуіне қо­йылатын талаптар да діни бірлестіктерге қойылатын талаптарға ұқсас. Өзгешелігі: шетелдік миссионерлер келгенде заң жобасына сәйкес Қа­зақ­станда тіркелген қандай діни бірлестік сізді шақырды, қолыңызда мөрмен бекітілген шақыру қағаз бар ма деген бірінші талап қойылады. Ал егер шақыруы болмай, тек шетелдік озық тәжірибені тарату үшін келдім, біздегі діни бірлестік осын­дай жолмен жүргенде қоғам үшін пайдалы болды деген секілді мә­се­лелер айтса, оған да шектеу жоқ. Тек, заң талабы бойынша, қолында сол елде тіркелген діни бірлестіктің мүшесі және соның уағыздаушысы деген анықтамасы болуы керек. Егер осындай құжаты немесе ша­қы­руы бар адам болса, миссионер мұндағы әрекетінде өзін шақырған немесе діни мақсаты бір бірлестікке мүше болып тіркеледі. Бүгінге дейін миссионерлер келіп жататын және оның немен айналысып жүргенін ешкім қадағаламайтын. Ал жаңа заң жоба­сы бойынша миссионердің әре­кет ете­­­тін аймағы, сондай-ақ қандай уа­ғыз айтып жүргені жөнінде оның өзі­не ғана емес, тіркелген діни бірлестігіне де жауапкершілік жүкте­леді. Заң жобасындағы жаңадан енгізілген та­лаптардың тағы бірі – миссионер жыл сайын өзінің әрекеті туралы Дін істері жөніндегі агент­тіктің ай­мақ­тағы мамандарына есеп беріп оты­рады. Жұмысы дұрыс екен­­дігіне ма­манның көзі жетіп, оның зиян­сыз­дығы анықталса, мис­сио­нер­дің қайта тіркеуден өтіп, келесі жылға әрекет етуіне рұқсат беріледі. Ал теріс пиғылы анық­та­лып, тек қар­жылық пайдасын көз­дей­тіні, бі­реу­лердің на­ным-сенім­де­ріне қия­­­нат жасайтын­ды­ғы белгілі болса, оның әрекеті сот­тың шешімімен тоқ­­­та­­­ты­лып, өзін Қазақстан аум­а­ғы­нан шы­ғару туралы шешім қабылданады. – Мәжілістің жалпы отыры­сын­да қандай баптар туралы қар­сы пікірлер айтылды? Олардың пайымдарының қателігі неде деп ойлайсыз? – Заң жобасының 3-ші бабы туралы пікірталастар болды. Онда мемлекет және діни рәсімдерді ат­қа­ру мәселелері қарастырылған. Со­ның ішінде Қазақстан Республи­ка­сында ресми түрде тіркелген діни ұйымдар өздерінің мінәжат орын­да­р­ын, ғибадатханаларын салуға, өз­де­ріне қажетті әдеби құралдарын пайдалануға мүмкіндіктері бар деп, ал оған мемлекет тарапынан немесе басқа да заңды тұлғалар немесе адам­дар тарапынан кедергі келтіруге жол берілмейтіндігі айтылған. Ал екінші тармақшасында діни бірлестіктер мен Қазақстан Республикасы азаматтары, шетелдік азаматтығы бар және азаматтығы жоқ адамдар дінге көзқарасына қарамастан заң алдында бірдей жауапты деп жа­зыл­ған. Бұл біздің Конституциямыздың талабына сәйкес келетін норма. Осы нормалар сұрақтар тудырып, кейбір депутаттар мемлекет діни мінәжат орындарын салуға араласуы керек деген секілді ойлар айтты. Бірақ Ата Заң талабына қайшы келетіндіктен ондай пікірлер қабылданбады. Сонымен бірге 7-баптың норма­ла­рына байланысты депутаттардың көптеген сұрақтары туындады. Онда қандай жерлерде құлшылық етуге тыйым салынбайтыны жазылған. Діни жоралар мен рәсімдер ғибадат үйлерінде және оған бөлінген ау­мақта, құлшылық ету орындарында, діни бірлестіктер мекемелерінде, зираттарда, жақын тұратын адам­дар­дың құқықтарына кедергі жасамай­тын болса тұрғын үйлерде, асханалар мен мейрамханаларда, қонақүй­лер­д­е жасалынады делінген. Сон­дай-ақ ауруханаларда, мүгедектер үйі мен қарттар үйінде, түрмелерде және түрмеге дейінгі оқшаула­ғыш­тарда отырған адамдар қажет десе ресми тіркелген діни бірлестік өкіл­дерін шақыруға құқы бар. Ал мемлекеттік мекемелерде, құқық және сот орындарында, әскери құрылы­м­дарда, адамның денсаулығын қорғау мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етумен айналысатын органдарда, зайырлы оқу орындарында құдайға құлшылық ету, миссионерлік қыз­мет­терді атқару, діни жораларды жа­сауға тыйым салынады делінген еді. Соған кейбір әріптестеріміз қарсы шығып, неге біз ешкімге кедергі жа­самасақ өз кабинетімізде намаз оқи алмаймыз деген ыңғайда сұрақтар қойды. Сондай-ақ, оқу орында­рын­дағы намазханалардың жабылатын­дығы да олардың қарсылықтарын тудырды. Намаз оқуға қарсы бол­ма­сақ та, ислам жораларын жасаған жерде басқа да діндерге рұқсат берілуі қажеттігін, оның бәрі аталмыш орындардағы еңбек тәртібінің сақ­талуына кері әсерін тигізеді деген ниетпен салынған тыйым еді бұл. Бірақ біз жұмыс тобында заң жо­басын жасаушылардың намаз оқы­ған адамдарға қолданылуы қажет деп тапқан жауапкершілігін алды­рып тас­тадық. Олар негізгі заң жо­ба­сы­мен бірге қаралатын «Қазақ­стан Рес­публикасының кейбір заң­на­малық ак­тілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өз­герістер мен толық­ты­ру­лар енгізу» атты ілеспе заң жо­ба­сында Әкім­ші­лік-құқықтық кодекске рұқсатсыз намаз оқыған адамдар үшін алғаш рет 50 АЕК, екінші рет қайталанса 100 АЕК көлемінде ай­ыппұл салынады деген толықты­ру­ды ұсынған еді. Біз барлық заңна­ма­ларымызды ізгілендіруге ниет етіп отырған кезімізде намаз оқығаны үшін жаза қолдану дұрыс болмас деген ұсыныс енгізіп, оны алдырып тастаттық. – Демек, аталған қызмет ор­ын­­дарында намаз оқуға бол­май­ды, бірақ оқысаң да ештеңе емес деген сөз ғой бұл? – Алдымен тәртіпті қалып­тас­ты­райық, өзін сыйлаған адам, дінін сыйлаған жан мешітке барып немесе үйге барып құлшылығын орын­дай берер. Діннен бас тартсын деген тү­сінік қалыптастырмайық дедік біз. – Қоғамдық палатада заң жо­басы талқыланғанда басқа бір діннің өкілі ешкімге кедергі келтірмей, жексенбі күні өз үйімде 2-3 адаммен бірге құдайға құлшылық жасасақ, бұл да заңсыздық бола ма деген сұрақ бергенде Қ.Лама Шәріп бұл да заңды бұзу болады деп жауап берген еді. Заң жобасы сол күйінде қалды ма, әлде өз­гертілді ме? – Бұл туралы әңгіме жоқ. Адам өз үйінде ешкімге кедергі келтірмей, ешкімнің құқығын бұзбай құл­шы­лы­ғын жасаса, ешкім оған тый­ым сала алмайды. Мысалы, ораза уақы­тын­да мұсылмандар үйлерінде ау­ыз­­ашар береді, тарауық оқиды, оған қалай кедергі келтіресің? Еж­ел­ден қалыптасқан дәстүр. Еш­қан­дай қар­сылық жоқ. Бәрі де бүгінге дейін қа­лыптасқан дәстүр бойынша атқа­рыла береді, тек жоғарыда айт­қан төрт орында ғана тыйым са­лынады. – Заң жобасы ертең қабыл­да­нып кетсе, оны толығымен іске асыруға жаңадан құрылған Дін істері жөніндегі агенттіктің құ­зы­реті жете ме? Соған көздеріңіз жетті ме? – Өте дұрыс сұрақ. Кез келген тамаша заң орындалса ғана халыққа тиімді болады. Ал толық жүзеге аспай жатса, ондай құжаттың халыққа пайдасы болмайды. Заңның орын­да­луына жауапты уәкілетті органымыз – Дін істері жөніндегі агенттіктің құрамында бүгінгі күні небәрі 80 қыз­меткері ғана бар екен. Оның жар­тысы осы Астанадағы агент­ті­к­тің өз­інде, ал барлық облыс орта­лық­та­ры мен Алматы қаласында 2-ден ға­на қызметкері бар көрінеді. Аудан­дық, ауылдық жерлерде мүлде жоқ. Негізгі діни жұмыс­­тар, келіп жатқан миссионерлер шеткері елді мекендерде жүріп жа­тыр, ал онда оларды бақылайтын уә­кілетті орган өкілі жоқ. Сондықтан біз Дін істері жө­ніндегі агенттікке ауыл­дар­да өк­іл­дерін, аудандық жерлерде өкілет­тік­терін ашу жөнінде ұсыныс енгі­зі­ңіздер, қазір Мәжілістің қоржы­нын­да 2014 жылға дейінгі бюд­жет­тің жобасы қаралғалы жатыр, біз сіз­дер­дің ұсыныстарыңыздың қаражат жа­ғы­нан сол бюджетте қамтамасыз еті­луіне ықпал етейік деген пікірлер айттық. Жағдай міне, осындай. Әңгімелескен Жақсыбай САМРАТ.