Елбасы өзінің белгілі бағдарламалық мақаласында «Туған жерге туыңды тік!» деген халқымыздың ежелгі дана тәмсілін бекерден-бекер ауызға алған жоқ. Одан әрі Нұрсұлтан Әбішұлы туған жерін сүйе алмаған адамның туған елін де жарытып сүйе алмайтыны туралы өзекті ойларын өрбітеді. Шын мәнінде де, «бажайлап қарасақ, бұл – мағынасы өте терең сөздер». Туған жерін көркейтіп, оны мекендеп жайлаған ел-жұртының даңқын асырып, мақтанышына айналған тұғырлы тұлғаларды ғана туған жерге ту тіккендер санатына қоса алсақ керек. Қазақ ұғымында ер мен жер ежелден егіз, біртұтас екендігін дәлелдеп айтып жатудың өзі артық. Алпамыс батырдың кіндік қаны тамған туған жері Жиделі Байсын екені, Қобыланды батырдың Қараспан тауын жайлағаны бала жасымыздан жадымызда жатталып, санамызға сіңіп қалғаны соншалық, бұларды бір-бірінен ажыратып жеке-жеке айтудың өзі мүмкін еместей көрінеді. Ерді айтсаң ойыңда туған жері тұрады, жерді айтсаң тіл ұшына ердің аты орала кетеді. Сондықтан да қазақы ділдегі ер мен жер бір-бірінен ешқашан ажырамас аққу ұғымдар, киелі түсініктер деп айшықтағанымыз дұрыс болар. Осы ойымызды ары қарай дамыта түссек, Мәди десек – Қарқаралы, Иманжүсіпті айтсақ – Ерейментау, Естайды шырқасақ – Маралды, Ақан десек – Қоскөл мен Сырымбет, Біржанға бассаң – Бүркітті мен Жөкейкөл, Жаяу Мұсаны гөй-гөйлетсең – Баянауыл, Балуан Шолақты асқақтатсақ – Бурабай, Ғазизді әуелетсек – Қараөткел, Кененді көсілтсек – Қордай, Ілияс ақынды жосылтсаң – ағынды Ақсу алдыңнан шығары хақ. Бұл ақтаңгер өнерпаздар осынау туған жеріне ту тіге отырып, туған жерлерінің мерейін асыра отырып байтақ қазақ даласының да ортақ мақтанышына айналуының өзі бір ғанибет емес пе. Иә, батыр ерлеріміз сан тараптан сұқтанған жауларға атамекеннің қарыс қадамын да бермей, кейінгі келешек ұрпаққа мирас етсе, өнерпаз бабаларымыздың ер тұлғасы туған жерді асқақтатқан әндері мен күйлерінде, ағынды жырларында бейнеленіп қалды. Олар бүкіл қазаққа әйгіленіп даңқы кеткен туған жерлерінің, жоғарыда айтып өткеніміздей, тудай желбіреген символдарына айналды. Міне, осының ғибрат-тағылымын бүгінгі өскелең ұрпаққа отаншылдық, елшілдік тәрбиесін беру орайында кәдеге жаратсақ, қанеки! Бұдан гөрі де тереңірек зерделесек, шын ер жершіл болады дер едік! Бұл арада жершіл деген сөзден үркудің жөні жоқ. Адал пиғылды ерлер қашанда тар өредегі пасық жершілдіктен аулақ, ондай міскіндіктен биік тұрады. Қапысыз қаратіл ақын Ғафу Қайырбековше қайырғанда, шын ерлердің жершілдігі – «жеті түнде мекенін айнымай тапқан аттың жершілдігі секілді, қиырда жүрсе де атамекенінің әр шөбін жаңылмай айтқан қарттың жершілдігі секілді, қанаты талса да жетпей қонбайтын құстың жершілдігі секілді, баласының кіндігі түскен жерін таппай қоймайтын ана деген күштің жершілдігі секілді» болады. Туған жерге ту тігетін, атамекенді ардақ тұтатын, әр талын аялап, онда жұмақ-бақ орнататын біздің ерлерге керегі, міне, нақ осындай жампоз жершілдік. Осы арада арғы тарихтан, бір әңгіме қозғайық. Кенесарының батагөйі Бөгембай би осынау шерлі жорық қырғыз жеріне қадам басар ақырғы кезінде ханның рұқсатымен, соңына бір қауым елді ертіп туған Зеренді төріне қайтып оралады. Қанша жұрт қырғыннан аман қалады, туған жерде ұрпақ өрбітіп, өмірді жалғастырады. Олардың бүгінгі ұрпақтары он сан ауыл. Бидің өз ұрпақтары негізінен Айдабол көлінің жағасындағы Бөгембай би ауылында тұрады. Елді сақтаған, жер киесін ақтаған ер бабамыз осы Бөкеңдей-ақ болар. Елде ескерткіші де орнады. Өнегесін туған жерде бүгінгі ұрпақ толғады. Жаңа Айдабол көлін айттық. Айдабол ауылы, Айдабол спирт зауыты бар. Бұрын білместікпен осы ауыл мен жер атауын қайдағы бір «Айда, бол!» деген бұйрық райдағы етістіктен, спирт зауытындағы жұмысқа байланысты шыққан деп жаңсақ ұғып келген екенбіз. Тергеп-тексере келгенде ол Баянауылдан келіп қонақтаған сүйіндік арғын ішіндегі атақты Айдабол бидің құрметіне қойылған атау болып шықты. Одан соң осы Зеренді баурайында, Қошқарбай тауының етегінде әйгілі жалайыр Шора құсбегі Дүйсен батырдың қонағы болып айлап ерулеген. Құсбегі құрметіне осындағы өзенді халық Шора өзені деп атап кеткен. Міне, осындай ел сыйлаған ерлер құрметіне қойылған жер атауларын түстеп-түгендейтін де уақыт жетті деп білеміз. Ер мен Жер. Бұл орайда айтылар әңгіме мұнымен түгесілмек емес. «Ер – туған жерінде» деген мәтелдің мәнін ұғар ерлеріміз көп болсын деп тілейік.
Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан»