Бүгін Астанада өтіп жатқан «Ұлы дала» гуманитарлық ғылымдар форумында Халықаралық Түркі академиясының (TWESCO) басшысы Дархан Қыдырәліге Моңғолия Ұлттық Ғылым академиясының Құрметті докторы атағы берілді.
Моңғолия мен Түркі әлемінің арасындағы ғылыми ынтымақтастықты дамытуға қосқан еңбегі және көшпелілер мұрасын зерттеуге қосқан зор үлесі үшін тағайындалған марапатты Моңғолия Ұлттық Ғылым академиясының І вице-президенті, академик Гэлэгпил Чулуунбаатар тапсырды. Г. Чулуунбатардың айтуынша, Дарxан Қыдырәлі Академияның Құрметті докторы атағы берілген бесінші кісі. Айта кету керек, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласына арналған Форум жұмысына АҚШ-тан, Еуропа мен Азия елдерінен келген 200-ге жуық ғалымдар қатысуда.