Биыл «Шалқар» радиосының әуе толқынына шыққанына 60 жыл толды. Ұлттық радионың алпыс жылдық шежіресі – ел дамуының айтулы кезеңдері мен рухани жаңғыруының жарқын көрінісі. Арнаның өткені мен бүгінгі даму белестерінен сыр шертетін тарихи деректер мен соны мәліметтер осының айқын дәлелі іспетті.
1966 жылдың 1 қаңтарында кешкі сағат 19.00-де диктор, Қазақстанның халық әртісі Әнуарбек Байжанбаев «Эфирде – «Шалқар» бағдарламасы» деп ұлттық радионың тұсауын кесті. Осы кезде қырық пайыздай мөлшерде ғана қазақ тілінде хабар таратқан Қазақ радиосы қызметкерлері ұлттық тілдегі жаңа бағдарлама ашуды сол уақытта жоспарлайды. Бұл шалғайдағы ауылдар, шет жайлаған ел-жұрт, рухани қазынаға сусаған қаншама халық ел жаңалығын қазақ тілінде естісін деген мақсаттан туған ой еді. Әрі одақ көлемінде ұлттық радиобағдарламалар қаулап шыға бастаған кез. Осының бәрі себеп болып, Қазақ радиосының басы-қасында жүрген ардагерлер бастап, Ресейдің «Маяк», Украинаның «Промин» бағдарламаларындай хабар беретін радиостанса ашуға рұқсат алу мәселесін Орталық комитетте көтереді. Бұл бастаманы республика басшылары да қолдап, Орталық жаққа құжаттар мен ұсынысты жөнелтеді. Бірақ ол жақтан бірден жауап келе қоймайды. Арада біраз уақыт оздырып, қосымша құжаттар жасалып, Мәскеуге қос тілге бірдей жүйрік маман, соғыс ардагері, журналист Мифтах Жантикинді аттандырады. Ол екі айдай Мәскеуден шықпай жүріп, құжаттарды Алматыдан арнайы алдыртып, толық реттестіреді. Ақыры Қазақ радиосының «Соңғы хабар» редакциясы аясында «Шалқар» бағдарламасын ашу туралы бұйрыққа қол жетеді.
Сөйтіп, Қазақ радиосының «Соңғы хабарлар» редакциясының жанынан шыққан ақпаратты-сазды «Шалқар» бағдарламасы бірден жеке толқында эфирге шығарылды. Алғашқы кезде екі сағат хабар таратса, кейіннен сағат саны ұлғая түсіп, көп ұзамай тәулік бойы хабар таратты. Бертінге дейін Қазақ радиосы – республикалық бірінші арна атанып келсе, «Шалқар» – республикалық екінші арна атанды. «Шалқардан» ел ішіндегі ғана емес, сыртта жүрген бауырларымыз да қазақ үнін, әнін, күйін тыңдап, жүректеріндегі сағынышын басқаны анық.
Радиомыздың «Алтын қоры» ұлтымыздың халық ауыз әдебиеті және дала әуезі үндескен дәстүрлі әндеріне бай. Бүгінде «Алтын қорда» 1948 жылдан бері жинақталған 100 мыңнан аса үнтаспа сақтаулы. Қазіргі уақытта өткен ғасырдың 30-40 жылдарынан бері жинақталған «Алтын қордағы» бай үнтаспалар, ондағы аса құнды радиохабарлар мен музыкалық шығармалар цифрлық форматқа көшіріліп, «Шалқар» радиосының эфирінен күнделікті 22.00-23.00 аралығында беріледі.
«Алтын қорда» үнтаспалармен қатар, Қазақстан композиторлары шығармаларының 3 мыңнан аса ноталық нұсқалары – қолмен жазылған клавирлері мен партитуралары сақталған. Бұған дейін «Клавирлер жинағының» 1 және 2-томы жарыққа шықты. Жинаққа Мұқан Төлебаев, Ахмет Жұбанов, Латиф Хамиди, Қапан Мусин, Евгений Брусиловский сияқты композиторлармен қатар, Әбілахат Еспаев, Шәмші Қалдаяқов, Садық Кәрімбаев, Бекен Жамақаев сынды сазгерлеріміздің кең тараған әндерінің 50 шақты ноталық нұсқасы – клавирі кірді.
Егемендікті еншілеп, еңселі ел атанғаннан кейін радио тарихының жаңа парағы ашылды. Ұлттық радио халқымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, тілі, діні, әдебиеті мен мәдениеті жайында хабар таратады. «Шалқар» радиосының әуе толқынында бүгінде 35 хабар бар. 21-і таспа хабар, 14 бағдарлама тікелей эфирде шығады. Олардың ішінде жылдар бойы эфирге шығып, тыңдаушы талғамынан шыққан дәстүрлі хабарлар да бар. «Шалқар» радиосының хабарлары ел тұрғындарының 73 пайызға жуығын қамтып, тәулігіне 18 сағат әуе толқынына шығады.
«Шалқар» 2012 жылы 1 қазаннан Астана қаласындағы заманауи үлгіде салынған «Қазмедиа» орталығындағы Радиокешеннен де хабар тарата бастады. Орталықта жоғары деңгейдегі шығармашылықпен жұмыс істеуге барлық жағдай жасалған. Жетілген цифрлық технология орнатылған. Оны игеру арқылы радио мультимедиа сапына қосылды.
«Шалқар» радиосы 2017 жылы «Қазақ радиолары» ЖШС құрамына кіріп, қанатын кеңге жайды. Серіктестік құрамында қазір Қазақ радиосы, «Шалқар», «Classic» радиолары тыңдаушыларға қызмет етеді.
Радио эфирі 2020 жылғы қыркүйектен руханият ордасы – Алматы қаласынан шыға бастады. «Шалқар» ұлттық арна атына сай жаңа маусымынан бастап тек қазақтың дәстүрлі музыкасын, ұлттық мәдениеті мен әдебиетін, бабалар мұрасы – қазақтың әні мен күйін, ретро музыкасын, өткенімізден сыр шертетін «Алтын қордағы» асыл қазыналарын насихаттауға түбегейлі бет бұрды.
Радионың контенті де, музыкасы да таза ұлттық бағытқа көшті. Эфирден берілетін музыкалары: дәстүрлі музыка, халық әндері, күй, жыр, толғаулар, оркестрде орындалған шығармалар, термелер мен ретро музыка, т.б. Ал арнайы эстрадалық музыкаға арналған бағдарламада ғана эстрадаға өңделген халық әндері мен қазақы сипаттағы эстрадалық әндер беріледі.
«Алтын қордың» мүмкіндігімен бірқатар ролик сериялары эфирде қойылады. «Алтын қордағы тұлғалар дауысы!», «Алтын қордан ән тыңдайық!»,«Алтын қордан күй тыңдайық!», «Сөзтаным», «Асыл мұра» сынды роликтер сериясы бойынша «Алтын қордағы» тарихи тұлғаларымыздың дауысы, ел есінен шыға бастаған ескілікті ән-күйлер беріледі. Дәстүрлі әншілеріміз бен күйшілерімізді насихаттауға арналған «Күй-құдірет», «Ән-аманат» роликтер сериясы да – тыңдарман көңілінен шыққан дүниелер.
2023 жылы Алматыда «Шалқар» радиосының тікелей эфир студиясына Қазақстанның халық әртісі, диктор Әнуарбек Байжанбаевтың 100 жылдық мерейтойы құрметіне орай, дауылпаз диктордың аты берілді. Студияны заманауи тұрғыда жөндеу мен Әнуарбек Байжанбаев атындағы дикторлар байқауы «ASSYLTAS» қоғамдық қорының демеушілігімен жүзеге асты.
Бүгінде «Шалқар» радиосының мерейтойына орай екінші тікелей эфир студиясы жаңартылып, жаңаша жөндеуден өтті. Алматыдағы «Радио үйі» ғимаратында «Шалқар» радиосының толық жөндеуден өткен жаңа студиясы салтанатты түрде ашылды. Жаңа студияға қазақтың тұңғыш радиодикторы, Қазақ радиосының ардагері, КСРО-ның құрметті радисі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Мина Сейітованың есімі берілді. Салтанатты іс-шараға радио саласының ардагерлері, қазіргі қызметкерлері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Талай дикторға тәлім берген ұстаз, радио өнерінің көрнекті өкілі Мина Сейітованың есімін ұлықтау мақсатында ашылған студияның тұсаукесер рәсімінде Руслана Құдайбергенова, Сауық Жақанова сынды бірқатар аға буын өкілдері сөз сөйлеп, бастаманың маңызын атап өтті.
«Шалқар» радиосына 60 жыл» атты тарихи-танымдық кітап дайындалып жатыр. Атаулы датаға орай басқа да іс-шаралар жоспарланған. Алдағы биік белестерді ұлттық радио ұжымы осындай жақсы жаңалықтармен, қажырлы еңбегімен, үздіксіз ізденуімен бағындыра бермек.
Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,
«Шалқар» радиосының бас редакторы, Президенттің БАҚ саласындағы сыйлығының лауреаты