«Барымта барда малым бар деме» дейді халқымыз. Елімізде бертінге дейін белең алған мал ұрлығы төрт түліктің арқасында күн көріп жүрген ауылдағы ағайынның жанайқайына айналған еді. Осы келеңсіз құбылысқа Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы маусым айында Жамбыл облысының жұртшылығымен болған кездесуде ерекше назар аударып, Ішкі істер министрі мен өңірлердің әкімдеріне шұғыл шаралар қабылдауды, ал Парламентке тиісті заңнаманы қатайтуды тапсырған еді.
Нәтиже көп күттірген жоқ. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есеп жөніндегі комитетінің мәліметіне қарағанда, 2018 жылы қай өңірде болсын өршіп кеткен мал ұрлығының саны 5 636 болса, 2019 жылы 4 746-ға дейін азайған. Сол жылдың соңында Парламент Қылмыстық кодекске «Мал ұрлау» 188-1-бабын енгізді. Оған сәйкес мал ұрлағаны үшін қылмыскер мүлкі тәркіленіп, 3 мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде (биыл 12 млн 975 мың теңге) айыппұл салуға не сомасы сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына, не 5 жылға дейiнгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланатын болды. Алдын ала сөз байласу арқылы топтасып жасалған және ірi мөлшердегі мал ұрлығы үшін ұрыларды мүліктерін тәркiлей отырып, 3 жылдан 7 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы белгіленді. Бірнеше рет және мал қораға немесе қашаға кiру арқылы жасалған мал ұрлау үшін мүлкiн тәркiлеп, 5 жылдан 10 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру қарастырылды. Қылмыстық топ жасаған, сондай-ақ аса iрi мөлшердегі мал ұрлығы үшін кінәлілерді мүлкiн тәркiлеп, 7 жылдан 12 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы көзделді.
«Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» дегендей, мал ұрлығының көбейіп кетуіне ұрылардың бұрыннан келе жатқан ағайыншылық, бітімшілік жолымен татуласуы да мүмкіндік туғызған еді. «Алдына келсе, атасының құнын кешетін» қазекем баукеспелер ұрлаған малын қайтарып, кешірім сұраған соң, оларды аяп, түрмеге жапқызбайтын. Содан соң ондай «барымташылар» құныққан «кәсібін» жалғастыра беретін. Осындай көңілжықпастықты болдырмас үшін Қылмыстық кодекстің 68-бабына тиісті түзету енгізіліп, ұрыларды татуласуға байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатуға тыйым салынды. Мал ұрлығының алдын алу үшін олардың иелерінің жауапкершілігін күшейту қажеттігі де ескерілді. Осы мақсатпен Ауыл шаруашылығы министрі 2020 жылы 29 сәуірде «Ауыл шаруашылығы жануарларын жаюдың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» №145 бұйрыққа қол қойды. Онда малды иелерінің немесе олар уәкілеттік берген адамдардың қадағалауынсыз жаюға жол берілмейтіндігі және қараусыз жүрген түлік иесі анықталғанға дейін уақытша ұстау үшін қоражайларға қамауға жататындығы көрсетілді. Бұған қоса «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 408-бабына өзгеріс енгізіліп, ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзу ескерту жасауға немесе үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (биыл 12 975 теңге) айыппұл салуға әкеп соғады деп белгіленді.
Осылайша, мүдделі мемлекеттік органдар қолданған шаралардың және заңнаманы қатайту нәтижесінде 2020 жылы мал ұрлығының саны – 3 441-ге дейін, 2021 жылы – 2 271-ге дейін, 2022 жылы – 1 809-ға дейін, 2023 жылы 1 520-ға – дейін, 2024 жылы – 1 051-ге дейін, 2025 жылы 1 046-ға дейін кеміді. Осы қылмыс 2018 жылмен салыстырғанда 5,4 есеге жуық азайды.
Әйтсе де, өткен жылы мал ұрлығына қарсы күрес қарқыны бәсеңдеген сыңайлы. Өйткені бұл қаскүнемдік бұрнағы жылмен салыстырғанда небәрі 0,5 пайызға ғана кеміген. Тіпті 6 өңірде кейінгі кезде бұқпантайлап жүрген «барымташылар» қайтадан бас көтерген тәрізді. Нақты айтсақ, Солтүстік Қазақстан облысында бұрнағы жылы 3 мал ұрлығы тіркелсе, былтыр – 11-ге дейін (немесе 266,7 пайызға), Шығыс Қазақстан облысында – тиісінше 34-тен 48-ге дейін (41,2 пайызға), Ұлытау облысында – 15-тен 20-ға дейін (33,3 пайызға), Павлодар облысында – 56-дан 68-ге дейін (21,4 пайызға), Жамбыл облысында – 76-дан 90-ға дейін (18,4 пайызға), Жетісу облысында 101-ден 117-ге дейін (15,8 пайызға) көбейіп кеткен. Бұрнағы жылы мұндай кемшілікке Атырау және Қостанай облыстарында ғана жол берілген еді. Сондай-ақ төрт түліктің қолды болуы Алматы (211), Абай (108), Батыс Қазақстан (80) облыстарында сәл азайғанымен, өзге өңірлермен салыстырғанда әлдеқайда көп.
Кейбір сарапшылардың айтуынша, мал ұрлығының толық тыйылмай тұрғандығының бір себебі – ұсталған ұрылар сотқа дейінгі тергеу барысында өзара келісімге келіп, араларындағы біреуі бар кінәні өз мойнына алады да, сыбайластарын жазадан құтқарып жібереді. Ондай қылмыскер әрі салғанда 5 жылға сотталып, осы мерзімнің жартысын өтеген соң, шартты түрде бостандыққа шығады. Өзге қаскөйлер ешкім «маңдайынан шертпеген» соң, үйреншікті «кәсіптерімен» айналысып, мал иелерін зар илетуді жалғастыра береді. Бұл ретте құқық қорғау органдарының кейбір қызметкерлері, «Көрмес түйені де көрмес» дегендей, күмәнді «келісімпаздыққа» барып жатады.
Осы орайда Мәжіліс депутаты Анас Баққожаевтың: «Мал ұрлығының жазасын әлі де қатайта түсу керек. Қылмыстық кодекстің 188-1-бабында мал ұрлығы бойынша қарастырылған айыппұл салу, түзеу жұмыстарына жіберу, немесе бас бостандығын шектеу сияқты жазаларды тым жұмсақ деп санаймын. Оларды алып тастау керек. Біреудің жылдар бойы адал еңбекпен өсірген малын ұрлаған қылмыскер тек түрмеге жабу арқылы жазалануға тиіс», деген пікірінің жаны бар. Демек, Ішкі істер министрлігі мал ұрлығына қарсы күресте кейінгі жылдары қол жеткен ілгерілеуге тоқмейілсімей, қолданыстағы заңнаманың орындалуына жан-жақты талдау жасап, оны жетілдіру шараларын қарастырса игі. Ең бастысы, ауылдағы ағайынның ақ адал малын оңай олжа қылатын қаскүнемдерді құрықтау жұмысын бәсеңдетпеу қажет.