• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Президент 01 Маусым, 2017

Қасірет қайталанбауы тиіс

243 рет
көрсетілді

Кеше Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешеніндегі ескерткіш тақтаға гүл шоғын қою рәсіміне қатысты. Іс-шараға саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының туыстары мен жақындары да қатысып, Елбасымен әңгімелесті.

Мемлекет басшысы рәсім аяқ­тал­ған соң БАҚ өкілдері алдында сөйлеген сөзінде бүгінгі күннің Қа­зақ­стан тарихында айрықша күн екенін атап өтті. «31 мамырды біз Саяси қуғын-сүр­гін құрбандарын жалпыұлттық еске алу күні ретінде атап өтеміз. Бір ғана Қазақстанның өзінде сол жылдары 103 мыңнан астам адам тұтқындалып, оның 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілді. Қазақ зиялыларының бетке ұстар өкілдерінің, республика басшылығының түгелге жуығы жойылды», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.      Қазақстан Президенті ел ішінде сол кезде қуғын-сүргінге ұшыраған адам­дарға арналған лагерьлер са­лын­ғанын еске салып, ондағы адам төзгісіз жағдайлар туралы әңгімеледі.  «Қазақстанның әр түкпіріндегі 11 лагерьде көптеген адамдар қинау мен азаптау салдарынан қаза болды. Сол лагерь­лерде миллионнан астам адам жазаланды. Саяси қайраткерлермен қатар олардың жұбайлары мен балалары да қуғын-сүргінге ұшырады. Кейбір нәрестелер сол лагерьлерде дүниеге келді», – деді Мемлекет басшысы.    Нұрсұлтан Назарбаев осы ауыр кезеңде Қазақстан ондаған этнос үшін туған мекеніндей болғанын, көптеген қиындықты бастан өткерген олар бүгінде біртұтас халыққа айналғанын атап өтті. «Халқымыз осы қайғылы оқи­ға­ларды есте сақтауға тиіс. Мұн­дай қасірет қайталанбас үшін оны бо­ла­шақ ұрпақ білуі керек. Бүгінде біз құ­қықтық жаңа мемлекет құрдық. Қазақ­станда азаматтардың құқықтары мен бос­тандықтары қорғалған. Біздің елде саяси қудалауға орын жоқ. Біз эволю­циялық даму жолын таңдадық», – деді Қазақстан Президенті.     Мемлекет басшысы бастан өткерген кезеңдерді Қазақстан халқы әрдайым есте сақтап, бүгінгі күннің қадіріне же­те білуі қажеттігін айтты.

Бауыржан Мұқанов,  «Егемен Қазақстан»