• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Әдебиет 03 Маусым, 2017

Мырзатай Жолдасбеков тараздық жастармен кездесті

294 рет
көрсетілді

Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті ғалым Мырзатай Жолдасбековпен кездесу өтті. Алаш ардақтысының 80 жылдық мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылған жиынға белгілі азаматтар, зиялы қауым өкілдері және оқу орнының профессор-оқытушылары мен студенттері қатысты.

Шарада ТарМПИ ректоры Дария Қожамжарова мерейтой иесін институт ұжымының атынан құттықтап, оның ұлт руханиятына, қазақ әдебиеті мен өнерінің дамуына қосқан өлшеусіз үлесін жеткізді. – Мырзатай Жолдасбекұлы – ұлттық идеологияны негіздеуде ұлтқа қызмет етудің соны үлгісін көрсетіп жүрген азаматтардың бірегейі. Ол – түп-тамырымыз саналар Түрік қағанаты кезіндегі Орхон-Енисей жазба ескерткіштерін қазақ ғалымдары арасында алғашқылардың бірі болып жаңаша зерттеп, оны қазақ тілінде сөйлетті. Ол – көпшілік «жыр алыбы» деп ат қойып, айдар таққан Жамбылдың шығармашылығын тыңнан түрен салып зерделей білді. Мырзатай Жолдасбекұлы – егемендіктің елең-алаң кезінен Елбасының қасынан, талай игілікті істің басынан табылды. Ұлағатты ғалым, тәлімді ұстаз, білікті басшы ретінде Сіз бірнеше буын ұрпақты тәрбиелеп, елімізде тәжірибелі филологтар мен тарихшылар мектебін қалыптастыра алдыңыз. Адамзаттың Абайы «Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан болады» дейді. Осы ретте Сіз сияқты ғалымның бізге шамшырақ іспеттес жол бастап жүргені жүрегімізге қуаныш ұялатады. Сіздің жүріп өткен сексен жылдық ғұмырыңыз – Сіз үшін жай жылдар жиынтығы емес, ізденіс пен еңбектің, талпыныс пен табыстың, үйрену мен үйретудің жылдары болды. Бүгінгі мерейлі жасыңызға тағы да ұзақ ғұмыр тілей отырып, жеткен жетістіктеріңіздің барлығын – еткен еңбегіңіздің жанғаны, мақсаттарыңыздың орындалғаны деп білеміз. Ұлттық мүдде жолында атқарылар маңызды істерге сөзімен де, ісімен де сүбелі үлес қосып келе жатқан еңбек жолыңыз бүгінде жемісті жалғасын тауып келеді. Сондықтан да, Сізді кейінгі буынға ұлағатты үлгі көрсетіп келе жатқан зиялы тұлғалардың бірі деп бағалаймыз, – деді Д. Қожамжарова. Сонымен қатар, институт басшысы М. Жолдасбековтың ел алдындағы елеулі еңбегін ескеріп, қоғам қайраткерін «Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының 50 жылдығы» мерекелік медалімен марапаттап, сый-сияпат көрсетті. Сондай-ақ, салтанатты жиында ғұмыры ғибратты, тағдыры тағылымды тұлғаны «Қазақстан – Тараз» Жамбыл облыстық телеарнасының директоры Мейрамбек Төлепберген, Д. Қонаев атындағы Халықаралық қордың Жамбыл облыстық бөлімшесінің төрағасы Аманкелді Қарентаев сынды азаматтар құттықтады. Ал, атақты композитор әрі өнер зерттеушісі, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Илья Жақанов түркітанушы ғалымның сазгерлік қыры төңірегінде кеңінен әңгіме өрбітіп, әсерлі естелігімен бөлісті. Қазыналы қарт Қаратаудың қойнауында, Таластың бойында, Ақтөбе атты ауылда дүниеге келген Мырзатай Жолдасбекұлы 1955 жылы Алматыға келіп, Қазақ мемлекеттік университетінің Филология факультетіне оқуға түседі. Ол білім мен ғылымның қарашаңырағы атанған ордалы оқу орнында Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан, Есмағамбет Ысмайылов, Бейсенбай Кенжебаев, Мұхаметжан Қаратаев, Нығмет Сауранбаев, Зейнолла Қабдолов секілді ғұлама ғалымдардан дәріс алып, ғылым жолына біржола бет бұрады. Көзіқарақты көпшілік қауым Мырзатай Жолдасбековті Түрік қағанаты кезіндегі Орхон-Енисей жазба ескерткіштерін қазақ ғалымдары арасында алғашқылардың бірі болып жаңаша зерделеп, қазақ тіліндегі аудармасын ғылыми айналымға енгізген, жыр алыбы Жамбыл Жабаев пен Кенен Әзірбаевтың шығармашылығын зерттеуге мол үлес қосқан, олардың ақындық мектебін жан-жақты талдаған ғалым, көптеген мемлекеттік қызметтерді атқарған қайраткер ретінде жақсы біледі. Жиын барысында мерейтой иесі ақпейіл ыстық ықыласы үшін жамбылдық жұртшылыққа ризашылығын білдіріп, тағылымы мол ғибратты әңгіме айтты. Әсіресе, жастардың санасына ұлттық рухты сіңіру, оларды ұлтжанды азамат болуға үндеу және төл тарихымызды қайта зерделеуде ғасырлар қойнауынан тамыр тартатын Қазақ мемлекетінің қалыптасуы мен дамуы жайында да сыр шертті. Кеш соңы педагогикалық оқу орнының өнер ұжымдарының концертіне ұласты. – Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында бастау алған «Жаныңда жүр жақсы адам» жобасы аясында өзінің ерен еңбегімен, терең білімімен, өрісті өнерімен озық шыққан тұлғалармен кездесулер ұйымдастыру қолға алынды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын жүзеге асыру мақсатындағы шара жастардың өмірге шынайы көзбен қарап, өз тағдырларына өздері иелік ете алатын азаматтар болуына мұрындық болмақ. Бүгінгі жиын да аталған жоба аясында өткізіліп отыр, – деді ТарМПИ-дың Ақпараттық-имидждік қызметінің жетекшісі Жандар Асан.