• RUB:
    5
  • USD:
    497.89
  • EUR:
    525.12
Басты сайтқа өту
05 Маусым, 2017

Өскен өлкеңе ту тігудің үлгісі

497 рет
көрсетілді

Көкшетау қаласынан солтүстік-батысқа қарай 75 шақырым қашық­тық­та орналасқан Баратай атты елді мекен бар. Осы ауылдың тумасы, кәсіпкер Абай Марамұлына  ілесіп, жуықта бейтаныс өлкеге біз де барып қайттық.

Ауылдың айналасы жасыл желекті орманды алқаппен көмкерілген көрікті мекен екен. Арқаның саумал ауасы мен салқын самалы тербей сыңсыған ақ қайыңның сұлу сыбдырына, жо­рға желдің жеңіл лебі сыдырта шай­қаған селеулі даланың бұйра тол­қыны қосылып, ұядай ауылдың сәніне салтанат сыйлайды. Ауыл ір­гесіндегі айдынды жағалай жайылып, шыбындай шұлғыған үйір-үйір жылқылар мен әукесі салбыраған мама сиырлар жердің көркі іспеттес. Қазақтың қай ауылына барсаңыз да ол өңірдің өзіндік тарихы, сыртқа беделді, ауылға абыройлы айтулы тұл­ға­лары жайлы естисіз. Баратай да ондай «атақтылардан» кенде емес екен. Ауылдан тіке батысқа қарай сегіз шақырым жерде Ақан сері Қорамсаұлының кіндік қаны тамған Қоскөл менмұндалап тұрса, туған жерін орыс-ойраттан қорғаған Ақан батыр Шотанұлы мен 1885 жылы Сібір қазақтары атынан император ІІ Александрдың таққа отыру салтанатына қатысқан сегіз адамның бірі – Шөбек Байсарин, Алаш ардақтысы Мәмбетәлі Сердалин, сондай-ақ ХХ ғасырдың басында Көкшетау өңірінде діни ағартушылықпен айналысқан әрі патшалық Ресейдің қазақты шоқындыру ісіне қарсы тұрған молда Наурызбай Таласов (Науан хазірет) осы елдің мақтанышы екен. Баратайлықтардың басқа жұрттан ерекшелігі – жоғарыдағы атақтыларын сырттай малданып, іштей мақтанып жалаң абырой тұтпай, күні бүгінге дейін олардың өнегелі өсиетін бұлжытпай орындайтындығында. Мысалы, Науан хазіреттен бері жалғасқан жақсы үрдіс ауылда адамы қаза болған шаңыраққа көрші-қолаңдары ешқандай ауырлық түсірмейді және мүрдені жерлеу рәсімдерін аста-төк мал сойып ысырапшылдыққа ұрындырмайды. Сырттан келген көңіл айтушыларды күллі ауыл өз үйлеріне бөліп әкетеді.  Осы бір жақсы шариғи үрдісті еліміздің басқа өңірлерінде неге жаңғыртпасқа. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауы тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық  дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» деуі жоғарыдағыдай жасампаз дүниелерге ел болып көңіл бөлуді ескертіп тұрған жоқ па! Ауылдың екінші бір ерекшелігі – елден шыққан кәсіпкерлер үнемі бас қосып, ауылдың жайын назарларында ұстайды екен. Ертеректе өмірден өткен баратайлық Марам Әлиев деген азаматтың үрім-бұтағы мектеп ауласына  адамдар саялайтын шағын бақ орнатып қойыпты. Одан басқа Көкшетау қаласының шетіне мың түп көшет отырғызып, Елбасымыздың рухани жаңғыру мақаласындағы: «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады» деген өсиетін ұрандамай-ақ орындап жатқанын байқадық.  Шап-шағын ауылдың келбеті де тартымды. Қопарыла көшкен ел,  қираған там, көңірсіген үйінді жоқ. Бірен-саран қалаға қарай жөңкілген отбасылардың үйін ауылдан шыққан кәсіпкерлер өздері сатып алады да, оңтүстік жақтан жердің емшегін еміп үйренген отбасыларды қоныстандырып, көкөніс шаруашылығын жандандыруда.  Біздің жолбасшымыз Абай Марам­ұлы: «Менің бар мақсатым – туған  ауы­лым­ды тоздырып алмау. Аталарымыз айтқандай, «ел көшсе, жер жетім, мал кетсе, бел жетім» қалатыны рас екен. Ел көшсе, мектеп жабылады. Нағыз «нәу­бет» сонда орнайды. Осыны ескеріп қала­дағы жетімдер үйінен балалар асырап алып, ауылға әкеліп орналастырудамыз», деді. Бұл жаңалық бізді елең еткізді. «Ол балалар қайда, көрсетіңдер?» дедік. Ағайынды ұлты орыс үш жеткіншекті бауырына басып мәпелеп отырған Сайран Ибраев деген азаматтың отбасына бардық. Балалардың үлкені әдемі сары қыз өзін Әйгерім деп таныстырды. Онымен қоймай Абайдың жырларын бірінен соң бірін төгілдірді... Ұйып отырып тыңдадық. Бұлар сияқты «қонақ» балалар ауылда көп екен. Бәрі қазақша сөйлейді, қазақша оқиды. Жеткіншектерді асырап алған отбасыларға кәсіпкерлер көмектесіп тұрады... Елбасымыз  көпшілікке үн тастап  «Туған жерге ту тігіңдер» деп жүргенінің үлгісі осы емес пе?!