1804 шары метр аумақты алып жатқан екі қабатты павильонның бірінші қабатындағы мультимедиялық технологиялар арқылы Оңтүстік Кореяның осы саладағы жетістіктерімен танысуға болады. Бұдан бөлек, авторлар Аслан есімді қазақ баласы туралы хикаяны дайындап қойған. Ол Теджон деген аралға аттанып, қурап бара жатқан ағаштарды құтқарады. Содан кейін Ара есімді қыздың көмегімен энергияның жаңа көзін табады.
Павильонның екінші қабатында осы елдің мәдениетімен танысуға мүмкіндік бар. Онда корей xалқының ұлттық тағамдарынан дәм татып, кәдесыйларын сатып алуға болады. Сондай-ақ, Оңтүстік Корея сериалдарының промо-көрсетілімі ұйымдастырылады.
Айта кетерлігі, Корея Республикасы ЭКСПО көрмелеріне 1970 жылдан бері қатысып келеді екен. Бұл мемлекеттің Теджон мен Йосу қалаларында да аталған көрме ұйымдастырылған.
Асхат РАЙҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»