Жалпы бұндай бәйгелі жарысты өткізудегі басты мақсат – Қожа Ахмет Ясауи қалыптастырған хикметтерін кеңінен насихаттау. Осы арқылы оқушылардың интеллектуалдық пайым-парасаттарын қалыптастырып, рухани жағынан баи түсуіне мүмкіндік туғызу игі қадам болып табылады.
Қазіргі жаһандану заманында ықпал етпей қоймайтын сыртқы жағымсыз салт-дәстүрлердің жетегінде кетіп қалмаудың өзіндік бір тетігі десе де артық айтқандық емес. Осыны басшылыққа алды ма, іс-шараны Ақмола облыстық білім басқармасының «Облыстық оқу – әдістемелік кабинеті» КММ ұйымдастырып отыр. Міне осы мекеме ұйымдастырған облыстық байқауда Көкшетау қаласының №3 ДБАОММИ 10-сынып оқушысы Айжан Рыспекова жеңіп алды.
– Мен осы байқауда жеңіске жеткеніме қуаныштымын! Өте ұзақ дайындалдым. Мен үшін Қожа Ахмет Ясауи туындылары өте қызықты. Облысымыздың намысын Республикалық кезеңде лайықты деңгейде қорғаймын деген сенімдемін, – деп ағынан жарылды Айжан.
Бірінші орын Бурабай ауданы Атамекен орта мектебінің 9-сынып оқушысы Ділнар Дәулетханға бұйырса, Көкшетау қаласы №3 МГ 10-сынып оқушысы Диана Ниғметжанова мен Целиноград ауданы Қоянды мектебінің 9-сынып оқушысы Жанат Оқа екінші орынды иемденді. Ал Жақсы ауданының 9-сынып оқушысы Дана Шаймерденова, Красный Яр елді мекеніндегі №1 орта мектептің 9-сынып оқушысы Кенжебек Дәлелхан және Көкшетау қаласындағы №12 орта мектеп оқушысы Тоқтар Бағрам үшінші орыннан табылды. Енді облыстық кезеңнің жеңімпаздары үстіміздегі жылдың 21-22 қыркүйегінде Түркістан қаласында өтетін республикалық байқауға қатысатын болады.
Асқар Тұрапбайұлы,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы.