• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 09 Маусым, 2017

Көкірек көзіне сенеді

234 рет
көрсетілді

Көру мүмкіндігі бар болғаны 8 пайызды құрайтын Қарағанды қаласының тұрғыны велосипедпен Алматыға саяхаттап кетті. Өзінің әрекетімен ол мүмкіндігі шектеулі азаматтарға рух беріп, барлық шектеулер тек олардың санасында ғана болатынын дәлелдемек.

Дамир Кәрімов өзінің қоғам­дық жұмыстарымен белгілі азамат. Ол қоршаған ортаны қор­ғауды қолдайтын түрлі ак­ция­лар­ға белсене қатысып, Қа­ра­­­­ғанды­дағы «PosadiDerevo.kz» қоғам­дық қозғалысына же­текшілік етеді. Соны­мен қатар, ол велоси­педпен қысы-жазы жүретін облыс орталы­ғын­дағы  санаулы ғана адамдардың бірі.

– Мен туғанымнан тек 8 пайыз ғана көремін, – дейді ол. – Әлемді басқаша көрудің не екенін білмеймін. Мен кез келген адам секілді өз жұмыстарыммен айналысамын. Кезінде математика пәнінің мұғалімі маған: «Әлем басқаларына қандай талап қойса, саған да сондай талап қояды. Сондықтан сен өз-өзіңе жоғары талап қоюың керек», деген еді. Қазір сол ұстазымның айтқанын іс жүзіне асырып келемін деп ойлаймын.

Сейсенбіде таңғы 7:00-де Д.Кә­рімов жалғыз өзі велосипедке отырып, Қарағандыдан Алматыға аттанды. Оның есептеуінше, ол 5-6 күн жол жүруі тиіс. Ол шатырда түнеуді жос­парлауда. Өзімен бірге велосипедті жөндейтін сай­манд­арын, қаптөсек, бал, жаң­ғақтардан және кептірілген жемістерден құралған тағамдық қоспа алған.

– Тамақ пен суды жолдан ала саламын, онда тұрған еш қиындық жоқ деп ойлаймын, – деп жоспарларымен бөлісті ол. – Аш қалмасым анық. Менің алыс қашықтыққа велосипедпен саяхаттаған достарым жолда жүргізушілер тоқтап, су мен тамақ беретінін айтты. Алайда, көлікпен жеткізіп салуды ұсынса, бас тартамын. Мен барлық жолымды тек велосипедпен өтуді көздеп отырмын.

Дамир Кәрімов үшін бұл – ал­ғаш­қы алыс саяхат. Осыған дейін ол әрі барса 120 шақырым қашықтыққа шыққан екен. Алматыдан саяхатшы пойызбен оралуды жоспарлап отыр.

Мирас АСАН, «Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы