Дәл осы күндері Алматының орталық көшелерінде алып қуыршақтар жүр. Өйткені, әлемнің әр түкпіріндегі танымал қуыршақ театрлары І Дүниежүзілік қуыршақ карнавалына қатысу үшін Алматыға келген.
І Дүниежүзілік қуыршақ карнавалының Қазақстанда өтуінің де өз жөні бар. Егер оқырмандарымыздың есінде болса, өткен жылы Алматы қаласындағы мемлекеттік қуыршақ театрының «Қаңбақ шал» атты қойылымы Прага қаласында өткен XIV Дүниежүзілік қуыршақ өнері фестивалінің бас жүлдесін жеңіп алған болатын. Осылайша еліміз І Дүниежүзілік қуыршақтар карнавалын өткізуге қол жеткізді.
Алматы қаласын қуыршақ өнерінің ордасына айналдырған ауқымды мәдени шараны өткізуге Алматы қаласының әкімдігінен бастап, мемлекеттік қуыршақ театры, Дүниежүзілік қуыршақшылар ассоциациясы және «Tanaris» кинокомпаниясы атсалысып отыр.
Сонымен карнавалда Швейцария, Португалия, Франция, Германия, Иран, Чили, Норвегия, Ресей, Испания, АҚШ, Италия, Румыния, Украина, Перу, Армения және т.б. елдерден келген қуыршақ театрлары тоғысып отыр.
Мұндай салмақты шара кездейсоқ ұйымдастырылып отырған жоқ. «Алматы-2011 Дүниежүзілік қуыршақ карнавалы» ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойына арналған.
Алматы көшелерінде кетіп бара жатқан алып қуыршақтар, қызыл-жасылды киінген ертегі кейіпкерлері қала тұрғындарын елеңдетіп, балаларды елітті. Өз әртістеріміз шетелдік әріптестерімен бірігіп, көшеде халықты балалық шаққа шақырды. Ал Куба делегациясының сальсо билері көпшіліктің делебесін қоздырып, карнавалды қызықты ете түсті.
Сонымен «Өмір мерекесі» ұранымен өткізіліп жатқан бұл шара күздің салқын күндеріне жылылық сыйлап жатқан жайы бар. Карнавал бағдарламасына халықаралық қуыршақ театрлары фестивалі, халықаралық қуыршақ фильмдері фестивалінің салтанатты шеруі, сондай-ақ балалар үйлері мен қарттар үйлері және емдеу мекемелері үшін қайырымдылық шараларын ұйымдастыру енгізілген.
Ең маңызды оқиға 1 қазанда Қазақстанның Тұңғыш Президенті атындағы саябақтан бастау алады. Ол күні саябақ 21 елден келген қуыршақтардың қатысуымен аспан астындағы үлкен сахна алаңына айналады.
Бір айта кететін жәйт, 25 қыркүйек пен 2 қазан аралығында Алматы қаласы мемлекеттік қуыршақ театры ғимаратында және «Artишок» театрында халықаралық қуыршақ театрлары фестивалі өтуде. Онда балаларға да, ересектерге де арналған қойылымдар көрсетілсе, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының кинозалында халықаралық қуыршақ фильмдері фестивалі өтіп жатыр.
Айнаш ЕСАЛИ.
Алматы.