• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Қазақстан 09 Маусым, 2017

Көрме аясында Алматының мәдениет күндері өтеді

250 рет
көрсетілді

Әлемнің әр түкпірінен ағылған туристер мен түрлі халықтың өкілдері «Астана ЭКСПО-2017» көрмесінде біздің мәдениетіміз бен інжу-маржан мұраларымызды өрелі өнеріміз арқылы таниды. Еліміздің рухани-мәдени ордасы Алматының да шығармашылық өкілдері мен өнер ұжымдары Елордаға келіп жетті.

«ЭКСПО-2017» көрмесі аясында Астанада 11-19 маусым аралығында өтетін мәдени шараға құрамында эстрада майталмандары, қолөнершілер, түрлі шығармашылық ұжымдар бар 400-ден астам адам қатысады. Өнер бәсекесі алғашқы күні «Махабаббатпен, Алматыдан!» деген атпен «Қазақстан» Орталық Концерт Залында  шымылдығын түреді. Шарада елімізге танымал эстрада жұлдыздары Роза Рымбаева, Қайрат Нұртас, Мәдина Араппаева, Мәдина Сәдуақасова, Айқын Төлепберген, Луина, сонымен қатар, «Дос-Мұқасан», «Рензо», «Аюми», «Кешью», «Жігіттер» топтары, «Сарын» дуэті, «Салтанат» ансамблі, «Бала дауысы» балалар байқауының жеңімпаздары өнер көрсетпек.

       Алматының мемлекеттік қуыршақ театры Қ. Қуанышбаев атындағы музыкалық-драма театрында күніне екі рет «Құлыншақ пен Бөлтірік», «Веселые медвежата» атты үздік спектакльдерін қазақ және орыс тілдерінде ұсынады. «Аталған қойылым жаңашылдығымен, санқырлылығымен  көрменің кішкентай көрермендерін баурап алады» дейді театр ұжымы.

      Астананың «Жастар» театрында Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрының «Асқақтай бер, қазақтың сазды әуені» атты музыкалық кеші көрерменге жол тартып, «жан біткенді жадыратар» әсем сазды әуендер  сиқырлы сазымен көптің көзайымына айналмақ.

   «Этно-ауыл Алматы» көрмесінде үздік қолөнершілер мен суретшілер өз туындыларын ұсынып, шеберлік сыныптарын өткізеді. Шет елдерден келген меймандар қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан, таным-тарихымыздан сыр шертетін   түрлі бұйымдар арқылы ұлттық ерекшеліктерімізді тани алады.  «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі арнайы концерттік бағдарлама ұсынады. Сондай-ақ Халықаралық «Астана ЭКСПО – 2017» көрмесінің амфитеатрында мәдени күндердің «Асқар таулы Алматы!» атты қорытынды концерті өтеді. Бұл бағдарламада Асылбек Еңсепов, Рамазан Стамғазиев, Ерболат Шалдыбеков, Еділ Құсаинов, Бейбіт Мусаев, Ғазиза Габдахимова, Шолпан Даржанова, Сәуле Жұмабай, Азамат Асқаров, сондай-ақ, «Ұлытау», «Арт Дала», «Алашұлы» топтары, «Жетіген», «Сазген сазы», «Салтанат» ансамбльдері, Н. Ашировтың домбырашылары, «Арлан» театры және басқа да өнерпаздар өз өнерлерін ортаға салады.

    – Аталған көрмеге дайындық қарқынды жүрді. Халық әндері мен  халық композиторларының туындыларын, саф алтын мұраларымызды әлемге әйгілесек деген ниетіміз бар. Атақты Біржан салдың «Он саусақ», «Айтбай» сынды айтулы әндері, Ақан Серінің тамаша туындылары, Кенен Әзірбаевтың «Жаса Қазақстан» дейтін рухты әнінен бастап кейінгі компазиторларымыздың іріктеуден өткен тамаша әндері концерттік іс-шаралар барысында қазақы рухымызды бір аспандатып тастайды деп сенеміз. Домбыраның таңғажайып қоңыр үні елімізге келгендерді еріксіз баурап, қазақ деген халықтың өмірі өлеңмен өрілгенін, мәдениет пен жасампаздыққа ежелден-ақ іңкәр халық екенін дәлелдейді – дейді Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Рамазан Стамғазиев. 

         Үш ай бойы көрме қонақтарын ән мен күйге  сусындататын іргелі өнер ұжымдарының сапында Алматыдағы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармонияның ұжымы да бар. Бір кездері Ахмет Жұбанов сияқты қазақ өнерінің қаймақтары іргетасын қалаған өнер ошағының атынан әлемге белгілі ҚР мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрі, Нұрғиса Тілендиев атындағы академиялық фольклорлық-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрі, Бақытжан Байқадамов атындағы  Азиядағы тұңғыш  Мемлекеттік хор капелласы,  ҚР мемлекеттік үрмелі аспаптар оркестрі, сондай-ақ,  Ғазиза Жұбанова атындағы  мемлекеттік шекті аспаптар квартеті, мемлекеттік қарағайлы-үрмелі аспаптар квинтеті өз кәде сыйларымен  жетті.

   – Елорда төріне әр ұжым тиянақты дайындықпен келді. Әрбір оркестр біздің қазақ музыкасын, қазақ компазиторларының туындыларын классикалық деңгейде жұртшылыққа тарту етпек. Сол арқылы мәдениетіміздің тереңде жатқанын, Түркілерден қалған асыл сынық екенімізді жақсылап көрсетуіміз қажет. Біз сырттан келген қонақтарды таңғалдырсақ, тек қайталанбайтын төл шығармаларымыз арқылы таңғалдырамыз. «Біржан Сара», «Қыз Жібек» операларынан үзінділер қойылады. Өнерпаздарымыздың құрамында Нұрғали Нүсіпжанов, Мақпал Тоқтағанова, Біржан Бәзілжан сынды елге танымал  талантты азаматтарымызбен қатар  Расул Жармағамбетов, Нұрсұлтан Шатырхан, Фархат Кубеев сынды халықаралық конкурстардың лауреаттары бар. Ел намысы сынға түсетін шақта бар ерік-жігерімізді салып, қәл-қадіріміздің жеткенінше өнерімізді ортаға салатын боламыз – дейді Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының директоры Жеңіс Сейдуллаев.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ