• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
30 Қыркүйек, 2011

Келесі жеңістер көп күттірген жоқ

305 рет
көрсетілді

Бокстан Баку төрінде өтіп жатқан әлем чемпионаты жал­ға­суда. Сәрсенбі күні біздің құрамадан шаршы алаңға 81 кило салмақта Әділбек Ниязым­бетов шықты. Бұл кездесу Астана уақытымен кеш басталды. Сөйтіп, бокс кешінің ең соңғы кездесуінде Әділбек Ниязым­бетовке қарсы рингке молдова­лық Владимир Челес көтерілді. Челес Молдованың елішілік жа­рыстарында көзге түсіп жүр­гені­мен, халықаралық аренада айтарлықтай салмағы жоқ бокс­шы саналатын. Кездесу шын мәнінде біздің боксшының басымдығымен өт­ті. Бірінші раундта Ниязым­бетов қарсыласының осал тұ­сын іздеп, бірнеше әдемі соққы жасады. Одан кейін бапкерінің кеңесі бойынша психологиялық жағынан жеңу үшін соққылар дарытып, қарсыласын есеңгі­ре­тіп жіберді. Екінші раундта да осы жағдай қайталанды. Ал үшін­ші раунд таза қазақ бокс­шысының басымдығымен өтті. Сөйтіп, кездесу біздің бокс­шы­ның пайдасына шешіліп аяқ­талды, есеп – 16:11. Ниязымбетовтің келесі қар­сы­ласы осал боксшы емес. Оның молдовалыққа қарағанда шеберлігі басым, біраз турнирлерде атой салған. Дегенмен, Ниязымбетовтің оны да жеңуге мүмкіндігі бар. Ал одан кейінгі жекпе-жектер туралы әзірше айту қиын. Өйткені, осы сал­мақта ресейлік Нихомцев, ук­раи­налық Гвоздик бар. Оның үстіне, жаңа айтқанымыздай, Әділбек Ниязымбетов ересектер арасындағы әлем чем­пио­на­тына алғаш рет қатысып отыр. Ол 2008-2009 жылдары Қазақ­стан чемпионы, 2007 жылы Азияның жастар арасындағы, 2009 жылы Азияның ересектер арасындағы чемпионы болған. Осы чемпионатқа Данабек Сужанов пен Данияр Елеусінов те алғаш рет қатысып отыр. Барлық дебютанттың жастары шамалас. Басқа боксшыла­ры­мыз туралы айтсақ, алдымен ауызға екі дүркін әлем чем­пионы Серік Сәпиев оралады. Сәпиев соңғы әлем чемпио­на­тында қола жүлдеге ие болғаны белгілі. Осы жолы бұдан да биік сатыға көтерілсе деген тілегіміз бар. Аса ауыр салмақта Иван Дычко мен 91 килода Василий Левиттің де жарысты жалғас­тыруға мүмкіндігі жетерлік. Дычко алғашқы жекпе-жегін серб Миллутин Станковичпен өт­кізеді. Оны жеңсе, Бейжің Олим­пиадасының күміс жүл­де­гері Жан Жилейге қарсы қолғап түйістіреді. Айтқандай, осы қы­тай алыбын биылғы Азия чем­пионатында Досжан Оспанов ұт­қан болатын. Соған қа­рап, Дычко да намысқа тыры­сады ғой деп ойлаймыз. Ал Левит әуелі аме­ри­калық Уильямспен қолғап түйіс­ті­реді. Егер жеңе алса, француз Йоко Тониге қарсы шығады. Сөйтіп, кеше кешкісін 69 кило салмақ дәрежесі бойынша  Серік Сәпиев төртінші әлем чемпионатындағы алғашқы кездесуін өткізді. Оның осы жекпе-жектегі қарсыласы эквадор­лық Карлос Санчес болды. Жасыра­тыны жоқ, бұл бокс­шы­ның да халықаралық аренадағы жетістіктері ауыз толтырып ай­тар­лық­тай емес. Кездесуде со­ған сәй­кес Сәпиевтің басым­ды­ғы­мен өтті. Бірінші раунд­та-ақ Сан­чес Сәпиевтің соққы­лары­ның астында қалды. Екінші раундта эквадорлық одан әрі есеңгірей түсті. Үшінші раундта Санчес нокдаун алды. Осы­дан кейін-ақ экватор­лықтың бап­кер­лері жекпе-жекті рингке орамал тастап тоқтатуға мәж­бүр болды. Сөйтіп, біздің құрама әлем чемпионатындағы төртінші кү­ні үшінші жеңісіне жетті. Осы салмақта Сәпиевке қарсылас болатын бірнеше боксшының бар екенін атап өткен жөн. Кеше басқа жекпе-жектер де қызықты және тартысты өтті. Әсіресе, Иран мен АҚШ бокс­шыларының арасындағы кездесуді солай деп айтуға болады. Ал әзербайжандар тағы бір бокс­шысынан айырылды. Мұ­ның ал­дын­да Рагим Наджафов алғашқы кездесуінде жеңілген болатын. Бүгін шаршы алаңға 64 кило салмақтағы Данияр Елеусінов шығады. Оның қарсыласы – шотландиялық Джох Тэйлор. Дастан КЕНЖАЛИН, «Егемен Қазақстан» – Бакуден.