КРЕДИТТІ ӨТЕГЕННЕН ГӨРІ, АЛҒАН ОҢАЙ
– Мұхтар Сапарәліұлы, Ұлттық Банк ағымдағы жылдың басынан бастап кредиттеудің тұрақты өсуін атап өтті. Бұл қуанарлық жағдай: экономика жандануда, халықтың тұтынушылық «арыны» ашыла бастады, бірақ көптеген ипотекалық драмалар әлі аяқталған жоқ және жаңа заемшылардың алдыңғылардың қатесін қайталамасына кім кепіл? Сондықтан да қарапайымынан бастайық. Бірінші қадам: кредит алмас бұрын нені есте сақтау қажет? – Банк заемын алудың жауапты шешім екендігін есте сақтау қажет. Сондықтан да банктен кредит алмас бұрын, кредитті өтегеннен гөрі алғанның жеңіл екендігін түсіну қажет. Өзін және отбасын қарызға батырмас бұрын, әлеуетті заемшы заем алу туралы шешім қабылдамас бұрын: • оны алудағы қажеттілігін және уақтылы қызмет көрсету мүмкіндігін бағалауы; • отбасы бюджетінің кіріс және шығыс бөліктеріне қарай, қаржылық мүмкіндіктерін есептеуі; • кредит бойынша алдағы төлемдердің шығыс бөлігінің өсетіндігін ескере отырып, өз бюджетіне талдау жасауы; • кредитті алудың банк заемы шартында белгіленген мерзімде борыштың негізгі сомасын қайтару, сондай-ақ заемды пайдаланғаны үшін пайыздар төлеу міндетін көздейтіндігін түсінуі қажет. Егер шартта көзделген төлемдер жүзеге асырылмаса немесе уақтылы және/немесе толық емес көлемде жүзеге асырылса, банк тұрақсыздық айыбы – айыппұл, өсімпұл төлеу туралы талап қоюы мүмкін.ҚҰЖАТТАРДЫ ОҚЫП ҮЙРЕНЕЙІК
– Екінші қадам. Құжаттарды оқу. Неге көңіл бөлу қажет? – Ең алдымен, банк заемы және оған қызмет көрсету талаптары туралы мұқият оқу қажет. Заем алу туралы шешім қабылдау үшін банк қызметкерлерінен кредитті жүзеге асырудың талаптары туралы жан-жақты ақпарат алу керек. Оның ішінде заем алумен және оған қызмет көрсетумен байланысты барлық төлемдер туралы ақпарат алу қажет. Есте сақтаңыздар! Шарт жасағанға дейін уақытылы, қажетті және шынайы ақпаратты алу құқығы заңнамамен: ҚҚА басқармасының «Банктiк қызметтердi көрсету және банктердiң банктiк қызметтердi көрсету үдерiсiнде туындайтын клиенттердiң өтiнiштерiн қарау ережесiн бекiту туралы» 2011 жылғы 28 ақпандағы № 19 қаулысымен бекітілген. Оған сәйкес қызмет көрсеткен кезде банк шарт жасасқанға дейiн клиентке: • ставкалар мен тарифтер туралы, қызметтердi көрсету туралы өтiнiш бойынша шешiм қабылдау мерзiмдерi туралы ақпаратты; • қызметтердi көрсетудi ұсыну шарттары туралы ақпаратты және оны көрсету туралы шартты жасасу үшiн қажеттi құжаттардың тiзбесiн; • шарт бойынша мiндеттемелердi орындамаған жағдайда клиенттiң жауапкершiлiгi туралы және ықтимал тәуекелдерi туралы ақпаратты; • клиенттiң туындаған мәселелерi бойынша консультациялар; клиенттiң қалауы бойынша – тиiстi шарттың үлгi нысанының көшiрмесiн бередi; • клиенттiң қызмет көрсету туралы өтiнiшiн банктiң операциялар жүргiзудiң жалпы талаптары туралы ережесiнде белгiленген мерзiмдерде қарайды; • шартқа қол қойғанға дейiн клиентке оның шарттарымен танысу үшiн қажеттi уақытты бередi; • клиенттi алынатын банктiк қызметтердi көрсету бойынша даулы жағдайлар туындаған кезде оның банкке, банктiк омбудсменге (ипотекалық заемдар бойынша), уәкiлеттi органға немесе сотқа жүгiнуге құқылы екенi туралы хабардар етедi. Осы мақсаттарда клиентке осы сатылардың орналасқан жерi, пошталық және электрондық мекен-жайлары және интернет-ресурстары туралы ақпарат берiледi; • сұрату бойынша клиенттi банктiң қаржылық есептiлiгi мен өзге де ақпаратының орналастыру көздерi туралы хабардар етедi; • клиент берген ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз етедi. Кредиттеу талаптарын мұқият зерделеу қажет. Ондағы банк жүзеге асыратын қызметтердің тарифтеріне жасалған сілтемелерге міндетті түрде назар аудару қажет. Сондай-ақ, банк қызметкерлерінен тарифтер туралы ақпарат алып, зерделеу қажет. Бірнеше банктердің осындай заемдарды беру талаптарымен де танысқан жөн. Банктердің орналасқан жері туралы ақпаратты комитеттің мынадай сайтынан алуға болады: www.afn.kz /Қаржы нарығы субъектілері үшін ақпарат /Банк секторы/ Екінші деңгейдегі банктер. Шартқа қол қоймас бұрын жобаны үйге алып кетіп, клиенттің міндеттерін белгілейтін талаптарды мұқият зерделеген дұрыс. Кредиттік шартта заемшыға таныс емес немесе түсініксіз талаптардың жоқ екендігіне көз жеткізу қажет.АҚША ҚАНША ТҰРАДЫ
– Адамдар көбіне ставкалардан шатысады. Оларды қалай салыстырған дұрыс, оңтайлы нұсқаны қалай таңдауға болады? – Консультация алған кезде банктерден шынайы тиімді салыстырмалы сыйақы ставкасының – заемның нақты құнының мөлшерін сұраған дұрыс. Басқа осындай жағдайларда шынайы тиімді салыстырмалы сыйақы ставкасы бар кредиттің құны да ең төмен болады. Банктер клиенттерден заем берумен байланысты түрлі қосалқы қызметтер үшін қосымша ақыны жиі алады. Мысалы, кредиттік өтінімді қарағаны, консультация берген, несие және басқа шоттарды ашқаны және жүргізгені үшін, кредит бергені үшін банктік алым, кредит қаражатын қолма-қол ақшаға айналдырғаны үшін, банктің кепіл құнын бағалағаны үшін алым, бұл көбіне сыйақының нақты ставкаларының мөлшерлерін бұрмалап, клиенттерді шатыстырады. Сондықтан да 2006 жылғы 1 сәуірден бастап банктерге заем берген кезде, оның ішінде клиенттің банктің түрлі төлемдерімен байланысты барлық шығыстарынан тұратын және түрлі банктердің сыйақы ставкаларын объективті бағалауға және салыстыруға мүмкіндік беретін шартта жылдық шынайы тиімді салыстырмалы сыйақы ставкасын ашып көрсету міндеттелді. Алайда бұл ставка заемшының өзге ұйымдарға: қажетті құжаттарды ресімдегені үшін нотариусқа, сақтандыру компаниясына және басқаларға төлемдер төлеуімен байланысты шығыстарын ескермейді. ҚҚК-ның жоғарыда аталған сайтында тиісті бөлімде тиімді жылдық сыйақы ставкасының, әлеуетті заемшы бюджетінің есебі орналастырылған, солардың көмегімен қажетті көрсеткіштерді әркім өзінше есептеуге болады.ТАҢДАУ ҮШІН ТҮСІНУ ҚАЖЕТ
– Заемшы заемды өтеу кестесін өзі есептеп, таңдай ала ма? Бірақ, шындығында, таңдау үшін айырмашылығын түсіну керек. Ал мұны халық терең түсіне бермейді. Сіз қандай кеңес берер едіңіз? – Барлық жағдайларда да берілетін бір ғана ұсыным бар: өз мүмкіндігіңізді дұрыс бағалай біліңіз. Заемды өтеу кестесі – шарттың ажырамас бөлігі. Оның жобасымен құжаттарға қол қойғанға дейін танысу қажет. Шарт, оның ішінде ипотекалық тұрғын үй заемы шартын және жеке тұлғамен шарт жасағанға дейін банк міндетті түрде заемшыға (сондай-ақ тең заемшыға да) заемды өтеу әдісімен танысып, таңдау үшін заемды өтеу кестелерінің жобаларын ұсынатындығы банк заңнамасында белгіленген. Олар бір кезеңділікпен, сараланған төлемдер әдісімен және аннуитеттік төлемдер әдісімен есептелуі тиіс. Бұл ретте банк ішкі ережелеріне сәйкес сол кезеңділік әдістерімен есептелген, заемды өтеу кестелерінің қосымша жобаларын ұсынуы мүмкін. Сараланған төлемдер әдісі: банк заемы бойынша берешек негізгі борыш бойынша төлемдердің тең сомасынан тұратын біртіндеп азаятын төлемдермен және негізгі борыш қалдығы кезеңіне есептелген сыйақымен өтеледі. Аннуитеттік төлемдер әдісі: берешек негізгі борыш бойынша біртіндеп ұлғаятын төлемдерден және негізгі борыш қалдығының кезеңіне есептелген сыйақы бойынша біртіндеп азаятын төлемдерден тұратын банк заемының барлық мерзімінде тең төлемдермен өтеледі. Алғашқы және соңғы төлемдер мөлшерлері басқаларынан өзгешеленуі мүмкін. Таңдауды клиент өзі жасайды. Егер кредиттеудің қандай да бір талаптары заемшыға түсініксіз болса, банк қызметкерлерінен түсінбеген сұрақтарды түсіндіруін және қажетті құжаттарды сұрау қажет. Егер клиент жеткілікті түрде түсінбесе, кредит алу туралы шешім қабылдауды кейінге қалдыруы қажет. Банк өтініш бойынша шешім қабылданған күннен бастап үш жұмыс күніне дейінгі мерзімде клиентке банк заемын беру туралы немесе бас тарту себептерін көрсете отырып, банк заемын беруден бас тарту туралы хабарлауы тиіс.БІЛІМДІ МЫҢДЫ ЖЫҒАДЫ!
– Шарт даналарының жобалары танысып, қол қою үшін берілді. Неге көңіл бөлу қажет? – Банк заемы шарты міндетті талаптарының мазмұнына банк заңнамасымен қойылатын талаптарға көңіл бөлу жөн. Соған сәйкес шартты оқу қажет. Мәселен, № 18 қаулыға сәйкес банк заемы шартында мынадай міндетті талаптар болуы тиіс: шарттың жалпы талаптары; заемшының құқықтары; банктің құқықтары; банктің міндеттері; банк үшін шектеулер; тараптардың міндеттемелерді бұзғаны үшін жауапкершілігі; шарт талаптарына өзгерістер енгізу тәртібі. Сондай-ақ ипотекалық заем бойынша жеке тұлға болып табылатын кепіл берушінің міндеттемелерді орындамауы туралы тапсырыс хатпен хабарламаны қолына тапсырған немесе жіберген сәттен бастап 25 күнтізбелік күн ішінде ипотекалық шарт тіркелген органда тіркелген, соттан тыс тәртіппен ипотеканы сатудан жазбаша бас тартуды ұсыну құқығы туралы талап. Шарттың жалпы талаптарында: оның жасалған күні; заемның және (немесе) заемшы берген өтініштің бизнес-жоспарына немесе техникалық-экономикалық негіздемесіне сәйкес келетін банк заемының мақсаты болуы тиіс. Бір айдан аспайтын мерзімге берілген заемды, төлем карточкасы бойынша кредит желісінің шеңберінде берілген шартты, овердрафт кредитін, сондай-ақ соның шеңберінде заем беру туралы шарт жасау қажет, заем алу үшін кредит желісін ашу туралы келісімді қоспағанда. Құжатта сонымен қатар: жалпы сома және заем валютасы; заем мерзімі; сыйақы ставкасының түрі (белгіленген немесе өзгермелі); жылдық пайызбен алғандағы оның мөлшері; шынайы жылдық тиімді салыстырмалы түрде есептелген ставка мөлшері көрсетілуі тиіс. Шартта сондай-ақ: егер бұл шартта көзделген жағдайда, сыйақының өзгермелі ставкасын есептеу тәртібі; Ислам банкі коммерциялық кредит берген жағдайда үстеме бағаның түрі (белгіленген немесе тауарды сатып алу бағасынан пайыздық көрсеткіште); өтеу тәсілі (қолма-қол, қолма-қол жасалмайтын тәртіппен); заемды өтеу әдісі: аннуитеттік (тең төлемдермен өтейтін) немесе сараланған (негізгі борышты тең үлестермен өтеу) не банктің ішкі ережелеріне сәйкес басқа әдіс болуы керек. Бұдан басқа шартта заем бойынша берешекті өтеу кезектілігі; есептеу тәртібі және уақтылы өтемегені үшін тұрақсыздық айыбы мөлшері және сыйақыны төлеу болуы тиіс. Жеке тұлғаға заем берген тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсімпұлдың) шекті мөлшері, сондай-ақ оларды есептеудің «Банктер туралы» Заңда көзделген тәртібі көрсетіледі. Құжатта: заем берумен байланысты алынуы тиіс комиссиялардың толық тізбесі мен олардың мөлшерлері; заемды және сыйақыны өтеудің тәртібі (касса арқылы, қашықта тұрған терминал арқылы банк шотына және тараптардың келісімі бойынша басқалары), кезеңділігі; қамтамасыз етусіз берілген заемды қоспағанда, қамтамасыз ету; заемшы шарт бойынша міндеттемелерін орындамаған не тиісінше орындамаған жағдайда банк қолданатын шаралар; шарттың қолданылу мерзімі; заемшы заңды тұлға банкке ұсынатын есептіліктің түрлері және мерзімдері көрсетіледі. Сонымен қатар, құжатта заемшының (тең заемшының) өзі туралы кредиттік бюроға мәліметтер беруге және кредиттік бюроның банкке ол туралы кредиттік есепті беруге келісімінің бар екендігі туралы нұсқау болады. Сондай-ақ, тараптардың өз міндеттемелерін орындауымен байланысты ақпарат; банктің пошталық және электрондық мекен-жайы туралы ақпарат, оның ресми интернет-ресурсы туралы деректер болады. Осыған байланысты алған шарт жобасы мазмұнының мәтіндері ҚҚК-нің сайтында орналастырылған №№18 және 19 қаулылардың талаптарына сәйкестігін тексерген жөн. Банк заңнамасына сәйкес сыйақы және комиссиялар ставкасын, сондай-ақ банк қызметтері көрсетілгені үшін тарифтерді банктер дербес белгілейтінін есте сақтаған жөн.КРЕДИТ АЛДЫҢ ЕКЕН, ТӨЛЕ
– Егер банк заем беру туралы оң шешім қабылдаса, осымен қағазбастылық аяқталып, кассаға бара беруге бола ма? – Банк заемы шартына қол қою – ең жауапты кезең. Егер шартқа кредиттік мәміленің екі жағы да қол қойса, онда ол екі тараптың өзара келісімі бойынша жасалған болып саналады. Заемшының өзі туралы және жасалатын мәміле туралы мәліметтерді, сондай-ақ тараптардың өз міндеттемелерін орындаумен байланысты ақпаратты кредиттік бюроның деректер базасына беруіне жазбаша келісімінің болуы «Банктер туралы» Заңға сәйкес оны жасаудың міндетті талабы болып табылады. Шарт банк пен заемшы арасында мемлекеттік және орыс тілдерінде жазбаша нысанда жасалады, оған қажетті жағдайларда басқа тілдерге аударылған аудармасы қоса беріледі, ал шетелдіктермен шарт жасалған жағдайда мемлекеттік және тараптар үшін қолайлы тілде жасалады. Қарпі «Тimеs New Rоmаn», мөлшері кемінде 12 болуы тиіс, жол арасы бір жол, азат-жолдарымен болуы тиіс. Шартқа тараптардың қолы қойылған заемды өтеу кестесі қоса беріледі, онда жоғарыда аталған барлық ұстанымдар көрсетіледі. Сыйақы ставкасы өзгермелі шарт бойынша заемды өтеу кестесі оны беру күніне жасалады және кейіннен кезекті төлемдер мөлшері шартта көзделген тәртіппен түзетіледі және заемшыға (тең заемшыға) жіберіледі. Егер заемшы (тең заемшы) жеке тұлға болған жағдайда заем беру күні жасалған заемды өтеу кестесінде заемшының (тең заемшының) таңдаған әдісі туралы белгі қойылған, банк ұсынған заемдарды өтеу әдістерінің тізбесі де болады. Заемды өтеу кестесінің өзгеруіне әкеп соғатын заем талаптары өзгерген кезде жаңа талаптар ескерілген заемды өтеудің жаңа кестесі жасалады. Есте сақтаңыздар! Шартқа қол қоя отырып, Сіз оның барлық талаптарымен келісесіз және оларды орындау жөнінде, оның ішінде негізгі борыш сомасын белгіленген мерзімде қайтару және барлық тиісті төлемдерді төлеу жөнінде өзіңізге міндеттеме қабылдайсыз. Оларды орындамағаныңыз (немесе тиісінше орындамағаныңыз) үшін банк сотқа шағымдануға құқылы. Шарттың барлық талаптары Сізге түсінікті болған жағдайда, Өзіңіздің қандай төлемдерді, қай кезде төлейтініңізді түсінген және оны істей алатыныңызға көзіңіз жеткенде ғана шартқа (банктің өзге құжаттарына) қол қойыңыз. Шарттық қатынастардағы заңгерлік сауаттылық, заемшылар тарапынан мұқияттылық қана ақшалай қиындықтарға ұрынбауға мүмкіндік беріп қана қоймай, банктің өз міндеттемелерін сенімді орындауының кепілі болады.ТЕК МІНДЕТТЕР ЕМЕС, ҚҰҚЫҚТАРДЫ ДА БІЛУ КЕРЕК
– Міндеттер түсінікті. Заемшының қандай құқықтары туралы айтар едіңіз? – № 18 қаулыға сәйкес банк заемы шартына қызмет көрсету кезеңінде заемшының мынадай құқықтары бар: заемшы – кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес, тауарларды, жұмыстарды және қызмет көрсетулерді сатып алуға заем алған жеке тұлға шарт жасалған күннен бастап он төрт күнтізбелік күн ішінде банк есептеген (ол берілген күннен бастап) сыйақыны төлей отырып, тұрақсыздық айыбын немесе айыппұл санкцияларының өзге түрлерін төлемей заемды қайтаруға; егер негізгі борышты немесе сыйақыны өтеу күні демалыс күнге не мереке күніне сәйкес келген жағдайда тұрақсыздық айыбын және айыппұл санкцияларының өзге түрлерін төлемей, одан кейінгі келетін жұмыс күні төлеуге; өтініш бойынша 3 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде, өтеусіз, айына бір реттен жиі емес, шарт бойынша борышты өтеу есебіне кезекті келіп түсетін ақшаны бөлу (негізгі борышқа, сыйақыға, комиссияға, тұрақсыздық айыбына, айыппұлдарға және басқа да төленуі тиіс сомаларға) туралы ақпаратты жазбаша нысанда алуға; • шарт бойынша берілген ақшаны банкке ішінара немесе толық мерзімінен бұрын қайтару туралы өтініш бойынша – 3 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде жазбаша нысанда негізгі борышқа, сыйақыға, комиссияға, тұрақсыздық айыбына, айыппұлдарға және мерзімі өткен төлемдерді көрсете отырып, басқа да төленуі тиіс сомаларға бөлінген қайтарылуы тиіс соманың мөлшері туралы жазбаша нысанда өтеусіз мәліметтер алуға; • заем алған күннен бастап бір жыл өткен соң заемды тұрақсыздық айыбын немесе айыппұл санкцияларының өзге түрлерін төлемей толық немесе ішінара мерзімінен бұрын өтеуге; • алынатын қызметтер бойынша даулы жағдайлар туындаған кезде банкке жазбаша өтініш жасауға және «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» ҚР Заңында белгіленген мерзімде жауап алуға құқылы. Заемшы – жеке тұлғамен шарт жасалған күні белгіленген тарифтердің, комиссиялық сыйақылардың және заемға қызмет көрсету жөніндегі басқа да шығыстардың мөлшерлері мен оларды есептеу тәртібін банк ұлғайту жағына қарай біржақты өзгертуге құқылы еместігін білу де маңызды. Банктің жасалған шарт шеңберінде комиссиялардың қандай да бір жаңа түрлерін біржақты тәртіппен енгізуге, сондай-ақ заем беру туралы талаптарда қамтамасыз ету болып табылатын мүліктің нарықтық құнын айқындау мақсатында тиісті шарттар жасау туралы талаптар көзделген жағдайда, заемшының, кепілзат берушінің сақтандыру ұйымын таңдауына құқығы жоқ. Банк заемшының өз өмірі мен денсаулығын сақтандыруға міндеттемеуі тиіс. Банк, заңнамада белгіленген жағдайларды қоспағанда, жасалған шарт шеңберінде жаңа заемдар беруді біржақты тәртіппен уақытша тоқтатпауы тиіс.ЕГЕР ЗАЕМДЫ ЕҢСЕРУ ҚИЫН БОЛСА
– Егер заемды уақтылы өтеу проблемалары туындаса ше? – Мұндай жағдайда болашақтағы ықтимал іс-қимылдар туралы банкпен тез арада кеңесу қажет. Заем шарты бойынша берешекті өндіріп алу мақсатында банк клиентке төлемдер енгізу қажеттігі және клиенттің міндеттемелерін орындамау салдары туралы хабардар етеді. Банк заемы шарты бойынша берешекті өндіріп алу туралы хабарламада шарт бойынша берешектің мөлшері туралы клиент үшін қысқаша ақпарат болады. Заемшыларға айтарым, банк заемының шартына қызмет көрсетумен байланысты хабарламаларды және еске салуларды клиентке, сондай-ақ кепіл берушіге, кепілшіге, кепілгерге және заемды қамтамасыз ету туралы шарттың тарабы болып табылатын өзге тұлғаға жергілікті уақыт бойынша сағат 21-ден сағат 9 аралығында тапсыруға болмайды. Хабарламадан туындайтын талаптарға қанағаттанбаған жағдайда банк клиентке «Банктер туралы» Заңның 36-бабында көзделген шараларды қолданады. Заемшы өзінің міндеттемелерін ұзақ уақыт бойы орындамаған жағдайда банк берешекті өндіріп алу мақсатында коллекторлық компаниялардың қызметіне жүгіне алады. Бұл егер шартта банктің мұндай құқығы көзделген жағдайда ғана жүзеге асырылады. Кепілзаты туралы шартта, сондай-ақ заңнамалық актілерде көзделген жағдайларда банк кепілдегі мүлікті сауда-саттық жасау арқылы мәжбүрлі, соттан тыс тәртіппен өз бетінше сатуға құқылы. Сонымен қатар, еліміздің заңнамасына сәйкес кепіл берушінің мүлікті соттан тыс сатудан бас тартуы көзделген. Ипотеканы соттан тыс тәртіппен сатудан бас тарту үшін ол банкке ипотекалық шарт тіркелген органда тіркеуден өткен жазбаша бас тарту жіберуі тиіс. Құжат банкке міндеттемелерін орындамау туралы хабарлама тапсырыс хатпен қолма-қол тапсырылған немесе жіберілген сәттен бастап жиырма бес күнтізбелік күн ішінде ұсынылады. Бұл құқықты Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес пайдаланған кезде жылжымайтын мүлікті банктің талаптарынан төмен сатқан кезде банк алдындағы міндеттемелердің орындалғанын, жылжымайтын мүлік сотпен сатылған кезде берешектің қалдығын банк заемшының басқа мүлкінен (банк шоттарынан, жылжымайтын мүлкінен және т.б.) өндіріп алуға құқылы екенін ескерген жөн. Заемшы ипотеканы соттан тыс сатудан және міндеттемелерін одан әрі орындаудан бас тартқан жағдайда банк кепіл ұстаушы ретінде ипотеканы сот тәртібімен сатуға құқылы. Жалпы алғанда, банк заемдары шарттары бойынша даулы жағдайлар туындаған кезде заемшы банкке, банк омбудсменіне, ҚҚК-ға немесе сотқа орналасқан жері бойынша банктің үстінен шағымдануға құқылы. – Мазмұнды әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Алла ДЕМЕНТЬЕВА.