Жуырда Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай Астана қаласы әкімдігі мен «Қаһарман ұрпақ» қоғамдық қоры белгілі алаштанушылармен бірігіп «Тәуелсіз Қазақстан және Мұстафа Шоқай мұрасы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.
Мақсат алаштың айрықша тұлғасы Мұстафа Шоқайдың тарихи орнын және оның ел дамуына қосқан үлесін байыптау. Түркістан автономиясы мен Алаш Орданың ұлт тарихындағы, тәуелсіздік бастауындағы миссиясын алаш қайраткері, қаламгер М.Шоқай мұрасы арқылы зерделеу, оның адамзат өркениетіне сіңірген еңбегін жан-жақты қырынан қарастыру.
Жиынға тарихшылар қауымдастығының президенті, тарих ғылымдарының докторы, профессор М. Қойгелдиев, Парламент Мәжілісінің депутаты Ж.Сүлейменов, шоқайтанушы А.Кәкен, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Д.Қамзабекұлы, «Қаһарман ұрпақ» қоғамдық қорының президенті Қ.Елубаев, Байланыс және ақпарат министрлігі ақпарат және мұрағат комитетінің бас сарапшысы, эпистолярлық мұратанушы Ғ.Исахан, тағы басқа мәдениеттанушы ғалымдар мен жазушылар қатысып, баяндама жасады.
Шара барысында «Мұстафатану» – ғылымның бір саласына айналуы тиіс. Осы уақытқа дейін ел қыруар кітаптар шығарды. Онда М.Шоқайдың қайшылыққа толы өмірі там-тұмдап болса да айтылып жатыр. Бірақ біз оған қанағаттанбауымыз керек. Халқын, елін осындай бейбіт өмірге жеткізу жолында жанын пида еткен алаш ардақтысына әлі күнге толыққанды баға берілген жоқ», – деген пікірлер айтылды. Жиын соңында халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, ақын Қ.Бегмановтың жетекшілігімен әзірленген «Мұстафа Шоқайдың ізімен» атты деректі фильмнің тұсауы кесіліп, көпшілік назарына ұсынылды. Фильм желісінде Мұстафа Шоқайдың жаназасы шығарылған мешіт, Франциядағы қырқында асы берілген мешіт, Париждің Шель қаласындағы Мәриям Шоқайдың бейіті түгелдей қамтылған. «Біздің осы туындымызға Мәриям Шоқайдың күнделігі басты құжат болды», – дейді автор.
... Алаш ардақтысы үшін мұндай елеулі, мәдени шара жылына бір мәрте болса да өткізіліп тұрса, нұр үстіне нұр болар еді.
Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ, журналист.