Концерт шымылдығын Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек ашты. Ол Астана қаласының рөлі ерекше екенін атап өтіп, елорданың еліміздің жетістігін, болашаққа ұмтылысын айқындайтынын жеткізді. «Барлық қазақстандықтар жақсы көретін Алматы – ел тарихына тәуелсіздіктің алтын бесігі ретінде енді. Президенттің тұрақты қамқорлығының арқасында Алматы заманауи мегаполиске айналып, еуропалық қалалармен бәсекеге түсе алатын деңгейге жетті. Алматының Астанадағы мәдени күндері аясында біз сіздерге еліміздің бай мәдени мұрасын ұсынамыз»-деді қала әкімі. Ол Президенттің халықаралық жоғары мәртебесінің арқасында «ЭКСПО-2017» көрмесінің Астанада өткізіліп жатқанын айтты. «ЭКСПО-2017» - бұл заманауи технология мен инвестиция тарту ғана емес, сонымен қатар сананы өзгерту, инновациялық ойлауды қалыптастыру. ЭКСПО –бұл Елбасы ұсынған рухани жаңғырудың бір жобасы» - деді Б.Байбек. Ол өз сөзінде халықаралық көрме аясында өткізіліп жатқан мәдени күндер барысында, яғни, 11-19 маусым аралығында 400-ден астам алматылық әртістер өз өнерлерін тарту ететінін хабарлады.
Солайша мәдени күндер «Алматыдан махаббатпен» атты концертпен басталды. Концертте «Досмұқасан» тобы, Нұрлан Абдуллин, Мәдина Сәдуақасова, Маржан Арапбаева, «Жігіттер», «Кешью» топтары, Айқын, Луина, Роза Рымбаева сынды елімізге танымал өнер жұлдыздары ән шырқады. Ал, Алматының мемлекеттік қуыршақ театры Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрында күніне екі рет қазақ және орыс тілдерінде «Құлыншақ пен бөлтірік», «Көңілді аюлар» атты үздік спектакльдерін қоятын болады. Сондай-ақ, «Алматының этно –ауылы» көрме жәрмеңкесі, «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің және «Асқар таулы Алматы» концерттері мәдени күндер аясында көрермендерге тарту етіледі.
Айгүл СЕЙІЛОВА, «Егемен Қазақстан»