Облыстардың Астанадағы күндері ел өңірлерінің тәуелсіздік тойы қарсаңындағы өзіндік есебіне айналды. Қостанай, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарында мемлекетіміздің мерейлі мерекесіне лайықты дайындық жасалып жатқандығы келісті көрінді.
Кеше Бейбітшілік және келісім сарайында Президент Қостанай, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстары жетістіктерінің көрмесімен танысты.
Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылында Қостанай облысының қол жеткізген нәтижелеріне арналған экспозицияда облыс әкімінің орынбасары Н.Сәдуақасов Мемлекет басшысына өңірдің экономикалық жағдайы мен әлеуметтік дамуы туралы баяндады. 2010 жылы облыста, 1993 жылмен салыстырғанда, жалпы өңірлік өнім 226 есе артып, халықтың жан басына шаққанда 975,4 мың теңгені құрады. 2010 жылы облыста 451 млрд. теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді. 2003-2009 жылдар аралығында жалпы сомасы 83,3 млрд. теңгенің 95 инвестициялық жобасы іске асырылып, жаңадан 5 мың жұмыс орны ашылды. 1993-2010 жылдар аралығында ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 112 есеге артты. 20 жыл ішінде облыста 2 млн. 165 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Халықты жұмыспен қамту деңгейі 84,2 пайыздан 94,3 пайызға дейін өсті. 11 жалпы білім беретін мектеп, 140 орынды 1 балабақша салынып, 3 жалпы білім беретін мектеп пен 6 балабақшаға қайта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Облыстағы денсаулық сақтау секторы 599 медициналық нысанмен толықты.
Қызылорда облысының қол жеткізген нәтижелеріне арналған көрмеде облыс әкімі Б.Қуандықов Мемлекет басшысына өңірдің экономикалық жағдайы мен әлеуметтік дамуы туралы баяндады. Он жыл ішінде облыстық бюджеттің көлемі 7,7 есе артты. 2010 жылы сомасы 33 млрд. теңгенің 27 жобасы іске асырылып, 938 жұмыс орны құрылды. 11 жоба Индустрияландыру картасы аясында жүзеге асты. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа арналған шығыстар 7,6 есе өсіп, облыстық бюджет көлемінің 10,5 пайызы болды. 87 білім беру нысаны, 73 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілді.
2010 жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 44,2 млрд. теңгені құрады. Облыста ұзындығы 811,7 шақырымды алып жатқан және облыстың барлық аудандарын қамтитын «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасы жүзеге асырылуда. Тұрғын үй мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2008-2010 жылдары 721 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
Оңтүстік Қазақстан облысының қол жеткізген нәтижелеріне арналған экспозициямен танысу барысында облыс әкімі А.Мырзахметов Мемлекет басшысына облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады. Жалпы өңірлік өнім 2010 жылы 1,1 трлн. теңгеге жетіп, 163 есе артты. Халықтың жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнім 121 есе өсті. 20 жыл ішінде негізгі капиталға инвестиция көлемі 225 есе өсті, облыстық бюджеттің көлемі 25 есе артты. 2010 жылы өнеркәсіп өнімінің көлемі 305 млрд. теңгені құрады. Облыста 280 жаңа кәсіпорын ашылып, 17 мың жұмыс орны құрылды. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 57 жоба жүзеге асты. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 1991 жылғы 10,5 млрд. теңгеден 2010 жылы 162,5 млрд. теңгеге дейін артты. Білім беру саласын қаржыландыру көлемі 2010 жылы 121,8 млрд. теңгеге, денсаулық сақтау саласын қаржыландыру көлемі 21,5 млрд. теңгеге көбейді.
Тұсаукесер аяқталғаннан кейін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Бейбітшілік және келісім сарайында Оңтүстік Қазақстан, Қостанай және Қызылорда облыстары өнер шеберлерінің гала-концертін тамашалады.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.
-----------------------------------------
Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.