Қазақ елі осыған дейін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалықты абыроймен өткізіп, енді Ислам Ынтымақтастығы ұйымына төрағалық жасауда. Кеше елордамыз Астанадағы Тәуелсіздік сарайында ИЫҰ аясында Денсаулық сақтау министрлерінің үшінші Ислам конференциясы өтті. Бұл алқалы басқосуға 400-ден астам делегат, оның ішінде Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше 57 ел, бірқатар халықаралық ұйымдар, сондай-ақ бақылаушы елдердің өкілдері қатысты. Осы айтулы іс-шараның мақсатына келер болсақ, ұйымға мүше мұсылман мемлекеттері арасында денсаулық сақтау бойынша ынтымақтастықты дамыту және нығайту. 2009 жылдың наурыз айында Иран Ислам Республикасының астанасы Теһранда өткен осындай конференцияның қарарын орындау.
Конференция мұсылмандық рәсіммен қасиетті құран оқумен басталды. Бұған дейін төрағалық етіп келген Иран елінің делегация жетекшісі Нематти Пейман өткен 2 жыл ішіндегі атқарылған жұмыстарға жан-жақты тоқталды. Одан кейін ол Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы Денсаулық сақтау министрлерінің Ислам конференциясына төрағалықты Қазақстанға салтанатты түрде тапсырды. Оның төрайымы Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова болды.
Конференцияның салтанатты ашылуына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қ.Саудабаев, Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары М.Әшімбаев, Премьер-Министрдің орынбасары Е.Орынбаев, Сыртқы істер министрі Е.Қазыханов қатысты.
Алғашқы сөзді Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев алды. Ол Астана төрінде өтіп отырған халықаралық конференцияның ашылуымен құттықтай келе, бүгінгі басқосудың ислам елдері үшін мәні мен маңызы зор екенін айтты. Соңғы жылдары Қазақстанның бас қаласы Астана осындай халықаралық жиындардың, форумдар мен кездесулердің басты алаңына айналып келеді. Өткен жолы Қазақстан әлемдегі аса беделді де белгілі халықаралық ұйым Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық жасап, оны абыроймен жоғары деңгейде атқарып шықты. Осы өздеріңіз отырған мәртебелі залда ұйымға мүше елдердің Саммиті Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың төрағалығымен биік дәрежеде өткізіліп, күллі әлем Астанаға көз тікті. Мемлекеттік хатшы одан әрі сол жиында төрткүл дүниеге ерекше серпіліс әкелген Астана Декларациясы қабылданғанын атап өтті.
– Енді Қазақстан Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына төрағалық жасауда. Осыған орай әлем елдері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға барынша күш салудамыз. Ұйымға мүше елдер арасында өзара іс-қимылды жүзеге асыру бағытында ауқымды жобалар қолға алынуда. Денсаулық сақтау мәселесіне арналған бүгінгі халықаралық конференция осының айқын дәлелі, деген Қ.Саудабаев. Одан әрі тәуелсіздік жылдарында Қазақстан әлеуметтік салаға көңіл бөлуді басты бағдар етіп ұстап отырғанын, бұл орайда, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев халықтың денсаулық сақтау мәселесін ең басты орынға қойып, үнемі назар аударып, үздіксіз қамқорлық жасап келе жатқанына тоқталды. Осының нәтижесінде денсаулық сақтау саласына бөлінген қаржы жыл өткен сайын көбейтіліп, өсіп отыр.
Республиканың барлық өңірлерінде заман талабына сай емханалар мен ауруханалар, емдеу мекемелері ашылып, олар білікті де білімді маман кадрлармен толығу үстінде, деген Қанат Бекмырзаұлы Елбасының арнайы сәлемін айтып, шын көңілден шыққан құттықтауын оқып берді.
Президент Денсаулық сақтау министрлерінің үшінші Ислам конференциясының қатысушыларына арнаған хатында биылғы жылы Қазақстан әлемдегі беделді ұйымға – Ислам Ынтымақтастық Ұйымына төрағалық етіп отырғанын айта келіп, Қазақстан ислам әлемі елдері арасында өңірлік және халықаралық қауіпсіздік, экономика және әлеуметтік-мәдени даму саласындағы ынтымақтастықты нығайту жолында әрдайым мүдделілік танытатынына, бүгінгі таңда экономикадағы жаһандану үдерістері, шиеленісті жағдайлар мен қоршаған ортадағы ахуалдың өзгеруі, халықтың көші-қоны сияқты күрделі мәселелер денсаулық сақтау саласын халықаралық қарым-қатынастардың басты тақырыбына айналдырып отырғанына, денсаулық сақтау мәселесі әрдайым жаһандық деңгейдегі маңызды басымдықтардың бірі болып қала беретініне тоқталады.
Денсаулық сақтау саласының көптеген мәселелері халықаралық маңызға ие болуда және оларды бірлесіп қана шеше аламыз. Бүгінгі конференцияда жалпы адамзаттың денсаулығын сақтау проблемаларын қарастыруды ұсынамыз.
Біз ана мен баланың денсаулығын сақтау, СПИД індетінің алдын алу, туберкулезге қарсы күрес саласындағы мәселелерді шешу жөніндегі ынтымақтастығымызды арттыруды жоспарлап отырмыз. Конференция сындарлы пікір алмасу жағдайында өтетініне және оның қорытындылары тиісті межеден көрініп, болашақтағы басым бағыттар мен бірлескен іс-шаралардың тиімді тетіктерін айқындап беретініне кәміл сенемін. Конференцияға қатысушылардың жұмысына толымды табыс, ортақ шешімдер тілеймін, дейді Президент құттықтау хатының түйінінде.
Ислам Ынтымақтастық Ұйымы Бас хатшысы Э.Ихсаноғлының хатымен оның орынбасары Абдул Мойз Бухари таныстырды. Тәуелсіз Қазақ еліне деген өздерінің сүйіспеншілігін білдіріп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың осындай алқалы жиын өткізуге мүмкіндік туғызғанына алғыстарын білдірген хатта Ислам елдерінің арасындағы ынтымақтастықты жандандыра беру мәселесін алға тартыпты, Адам денсаулығы қашанда басты көрсеткіш болатынын, оның алдын алу жолдарын бүкіл жұрт болып қарастыру жағын, бұл үшін Ислам академиясымен күш біріктіру қажеттігін айта келіп, теорияны тәжірибеде жүзеге асыру мәселесін де қозғапты. Әсіресе, әлем жұртшылығын алаңдатып отырған СПИД, туберкулез, малярия кеселдері қаупінің алдын алу қажеттігін, бұл әлем жұртшылығына ортақ індет екенін айтып, ана мен бала өлімін азайту жолында ислам елдері ерекше ынта танытып жатқанын, бұған жаһандық қор арқылы 51 ел өз үлесін қосып отырғанын, ЮСАИД та белсенділік көрсеткенін тілге тиек етеді. Сондай-ақ қазір жұқпалы сырқаттардың бел алып отырғанын, бұған тұрғындардың 85 пайызы шалдығатынын, 2020 жылға дейін біз осы кеселдің алдын алып, азайту үшін бірлесе отырып жан-жақты қамтылған бағдарлама жасау қажеттігі де айтылыпты хатта. Сол секілді вакцинаны жеткілікті шығару мен оны егу жұмыстарын да бірлікте қолға алу керектігі аталып өтілген.
Ал Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ербол Орынбаев еліміздегі медицина саласына жасалып жатқан қамқорлықтар туралы айтып, оған бөлінген қаржы еселеп өсіп отырғанын, саламатты өмір салтын қалыптастыру жолында атқарылып жатқан іс-шараларға тоқталды. Ол сонымен қатар, Елбасы бекіткен «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аясында әр азамат медициналық мекемені өзі таңдауға, қалаған дәрігерлеріне қаралуға мүмкіндік алғанын жеткізіп, жеке емдеу мекемелерінің көбейгенін атап өтті. Мемлекетімізде білім беру ісін әлемдік деңгейде жүргізетін Нұрсұлтан Назарбаев университетінде медицина саласы бойынша білім алумен қатар, зерттеулер жүргізілетінін, ол Ұлттық медициналық холдингте тәжірибе жүзінде іске асатынын, Отанымызда 150 телемедицинаның жұмыс істеп жатқанын, адам өлімінің 12 пайызға азайғанын алға тартты. Денсаулық сақтау саласына инвестиция тарту ісінің де ілгері басып отырғанын, бұл тек қана қалада емес, өңірлерде де қарқын алғанын жеткізді. Туберкулез, өзге де кеселдердің алдын алу, медициналық қызметтің сапасын арттыру, жұртшылықтың талап-тілегіне сай болу жайын да назардан тыс қалдырмады.
Бұдан кейін Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов сөз алып, денсаулық сақтау саласы бойынша ислам елдерінің елордада бас қосып, осындай алқалы жиын өткізуі ерекше оқиға екенін айтты. Сондай-ақ ол бүгінгі күннің басты мәселесі адам денсаулығы болып отырғанын, қатерлі дерттердің алдын алу, бала мен ана денсаулығын сақтау туралы жан-жақты әңгіме қозғады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропа аймақтық бюросының өңірлік директоры Жужжан Жакаб, ислам елдері мен Еуропа денсаулық сақтау саласы бойынша бірлікте жұмыс істесе, өз жемісін беретінін тілге тиек етіп, жаһандық денсаулық сақтау мәселесін қозғады. Еуропа жұртшылығының арасында арақ пен темекіні жою қолға алынып жатқанын, бұл адам денсаулығына қатер тудыратынын айта келіп, адам денсаулығын сақтаудың бір тиімді жолы тамақтандыру ісін дұрыс жолға қою мәселесін, сол секілді қоршаған ортаны ластамау, ең бастысы, судың сапасын арттыру, ана мен баланың өмірін сақтау үшін, бірлесе жұмыс істеу қажеттігін жеткізіп, бұл мыңжылдық міндеттер деп білетінін тілге тиек етті.
Конференцияның күн тәртібі мен бағдарламалары бекітілген соң, ІІІ Денсаулық сақтау министрлері Ислам конференциясының төрайымы, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова баяндама жасады. Министрдің атап өткеніндей, Ислам әлемі елдерімен қатынастарды дамыту Қазақстан сыртқы саясатының маңызды басымдықтары болып табылады. Біздің еліміз бен Ислам елдері арасында халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған өзара түсіністік бар. Егер 2010 жылы Қазақстан халықаралық беделді ұйым – ЕҚЫҰ-ға төрағалықты ойдағыдай атқарған болса, 2011 жылы біздің еліміз тағы бір халықаралық беделді ұйым – Ислам Ынтымақтастығы Ұйымын басқарып отыр, деді министр. Осындай жоғары құрмет біздерден ерекше жауапкершілікті қажет етеді. Бұл конференция осы жыл аясындағы ерекше орны бар халықаралық шаралардың бірі болады деп ойлаймын.
Сөзін осылай бастаған Салидат Қайырбекова өткен кезеңдерде денсаулық сақтау саласындағы Қазақстанның қол жеткізген табыстарына тоқталды. Министрдің хабардар еткеніндей, соңғы 20 жылда Қазақстан денсаулық сақтау саласын жүйелі түрде дамытуға баса көңіл бөліп келеді. Аталған саланы қаржыландыру 10 есеге өсті. Тек 2005-2010 жылдары Денсаулық сақтау саласын дамыту және реформалау жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруға бөлінген қаржы 4,3 есеге артып, 566,9 млрд. теңгені құрады. Осының нәтижесінде медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасы нығайтылып, 500-ге жуық жаңа денсаулық сақтау нысандары пайдалануға берілді.
Ана мен бала денсаулығын қорғау әрқашан да Қазақстанның денсаулық сақтау саласындағы негізгі басымдықтары болып табылады. Елімізде әйелдер мен балаларды профилактикалық жағынан тексеру жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Оларды қажетті дәрі-дәрмек түрлерімен тегін қамтамасыз ету дұрыс жолға қойылған. Жүйелі осындай іс-шаралардың нәтижесінде елімізде ана өлімі 1,5 есеге, бала өлімі 15 пайызға қысқарды. Мемлекет тұрғындарды қажетті барлық медициналық қызмет түрлерімен қамту барысында қаржы аяп жатқан жоқ. Бұлардың бәрі тиісті бағдарламалар бойынша жүзеге асырылуда.
Мемлекеттік бағдарламалар аясында тиімді кардиологиялық және кардиохирургиялық қызмет құрылды, деп жалғастырды сөзін Салидат Қайырбекова. Тек 2010 жылдың өзінде 10 мыңға жуық кардиохирургиялық шара өткізіліп, 3 мыңнан астам жүрек операциясы жасалды. Бұл – 2009 жылмен салыстырғанда 1,6 мыңға көп. Осының арқасында соңғы 5 жылда қан айналымы жүйесі ауруынан қаза болатындар саны едәуір қысқарды. Аталған аурудың алдын алу мақсатында жақында Астанада әлемдік деңгейдегі жаңа кардиологиялық орталық ашылды. Орталықта жүрегі сырқат болып туған нәрестелерге операция жасалатын болады.
Министр баяндамасында сондай-ақ елімізде онкопатологиялық аурудан қайтыс болу деңгейінің айтарлықтай төмендегеніне де тоқталды. Оның келтірген мәліметтеріне қарағанда, онкопатологиялық аурудан қайтыс болатындар соңғы 6 жыл ішінде 18 пайызға, жарақаттану 26 пайызға төмендеген. Елімізде туберкулез ауруынан қайтыс болатындар саны 2 есеге қысқарған. Бұған еліміздің аймақтарында жаңадан іске қосылған туберкулезге қарсы медициналық мекемелердің ашылуы оң әсер еткен. Қазіргі кезде республикада жоғары технологияны дамытуға барлық жағдайлар жасалып жатыр. Оған мысал ретінде шешен Мемлекет басшысының бастамасымен Ұлттық медициналық холдинг құрылғанын келтірді. Аталған холдинг әлемдік деңгейдегі алты ірі медициналық орталықты біріктіретін медициналық кластер болып табылады.
Конференция делегаттары мен қатысушылары Салидат Қайырбекованың денсаулық сақтау жүйесін дамытудағы қолға алынып жатқан өзге де ауқымды жұмыстар туралы айтқан сөзін ризалық сезіммен мұқият тыңдады. Министрдің 2015 жылға дейінгі «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылған және жүзеге асырылатын іргелі шаралар жөнінде ортаға салған мәселелері де қатысушыларды қызықтырды. Бұл бағдарлама қазақстандықтардың өмір сүру жасын ұзартуға және азаматтардың денсаулығын жақсартуға бағытталған. Ауыл тұрғындарының медициналық көмекке қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін озық медициналық жабдықтар орнатылған көшпелі медициналық кешендер сатып алынған.
Денсаулық сақтау министрлерінің Ислам конференциясына төрағалық етуші ИЫҰ қызметінің денсаулық сақтау саласындағы көптарапты өзара іс-қимылды дамыту маңызды бағытының бірі екендігіне де назар аудартты. Салидат Қайырбекованың айтуынша, конференцияда Ұйымға мүше елдердің алдағы уақытта ынтымақтастығын нығайтуды көздейтін бірқатар қарарларға қол қойылмақ. Негізінен ол – ана мен баланың денсаулығына, жұқпалы аурулармен бірлесіп күресуге, халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге, полиомиелитті жоюға, тағы басқа да өзекті мәселелерге қатысты. Олар жиынның күн тәртібіне енгізіліп отыр. Сонымен қатар, конференцияда ИЫҰ-ға мүше мемлекеттердің денсаулық сақтау саласындағы 2012-2022 жылдарға арналған стратегиялық іс-қимыл бағдарламасының жобасы да талқыланады және Астана декларациясы қабылданады.
Бүгінде еліміздің денсаулық сақтау саласында жұқпалы ауру түрлері – туберкулезбен, ВИЧ/СПИД-пен, құс тұмауымен күрес негізгі басымдықтардың бірі болып табылады. Аталған жұқпалы ауру түрлерін жоғары технологиялық және жаңа диагностикалық әдістерді енгізусіз жою мүмкін емес. Ол үшін денсаулық сақтау мекемелері мен ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жақсарту қажет. Осыған байланысты Қазақстан министрі Ұйым елдері арасында аталған аурулар бойынша профилактикалық тәжірибелер алмасу жөнінде қазақстандық тараптың бірқатар ұсыныстарын атап берді.
Салидат Қайырбекованың атап өтуінше, ВИЧ/СПИД-тің таралмауына қарсы әрекет ету, туберкулез ауруын және одан қайтыс болатындарды төмендету үшін көпсекторалды шараларды күшейту, үкіметтер мен дін лидерлерінің, үкіметтік емес ұйымдар мен жеке сектордың арасында үнқатысу мен әріптестік орнатуға ықпал ету қажет. Ұйым елдері полиомиелит ауруының жаңа ошағының орын алмауы үшін қосымша шаралар қабылдау, полиомиелитке қарсы вакциналар өндіру көлемін еселеп арттыру, алдағы уақытта вакциналармен қамтамасыз етуде өзара ынтымақтастықты нығайту, бірлескен зерттеулер аясында диагностикалық құралдар мен медициналық қызметтер бойынша көмектер көрсету керек.
Баяндамашы ИЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты кеңейте отырып, Мыңжылдық дамудың мақсаты – балалар өлімін қысқартуға және ананы қорғауды жақсартуға қол жеткізу жайын да ортаға салды. Өйткені, ана мен бала өлімінің көрсеткіші арқылы әрбір елдің әлемдік рейтингі анықталады және ол негізгі индикаторлардың бірі болып табылады. Осыған баланысты қазақстандық тарап Ұйымға мүше елдердің аналарды, балаларды және жасөспірімдерді қорғау жөніндегі саясатын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының стратегиясына негіздеп, интеграциялау қажет деп есептейді. Министрдің хабардар етуінше, оған жүктілік және туу кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету, отбасын жоспарлау, жастар мен мектеп оқушылары арасында медициналық түсінік жұмыстарын жүргізу, тағы басқалар кіреді.
Бүгінде медициналық көмектер көрсетуде дәрі-дәрмектің жеткілікті және сапалы болуы басты мәселе ретінде күн тәртібінде тұр. Баяндамашы сөзі барысында осы мәселені де көпшілік назарына ұсынды. Оның айтуынша, жасанды дәрі-дәрмек құралдарын тарату ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді, тұтынушылардың дәрі-дәрмекке деген сенімін жоғалтады. Осыған байланысты Салидат Қайырбекова еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі қатаң шаралар қабылдап жатқанын, бұл өз нәтижесін бере бастағанын атап өтті. Қазақстандық тарап, деді ол осы мәселе туралы, мемлекеттер арасында сапасыз дәрі-дәрмек құралдарын өндірушілерге деген бақылауды күшейтуді, вакциналар өндіру көлемін арттыруда әріптестікті нығайтуды, сондай-ақ негізгі дәрі-дәрмек құралдарымен қамтамасыз ету мақсатында елдерде фармацевтикалық өнеркәсіпті дамыту жөнінде қосымша шаралар қабылдауды ұсынады.
Сөзінің қорытындысында министр қазақстандық тарап ІІІ Ислам конференциясына қатысушыларға Денсаулық сақтау министрлерінің ынтымақтастығы туралы декларация дайындап және оған қол қою жөнінде бастамамен шығатынын да жеткізді.
Түстен кейін Денсаулық сақтау министрлері Ислам конференциясының делегаттары мен қонақтары бірінші және екінші жұмыс отырыстарын өткізді. Бұл отырыстарда Денсаулық сақтау саласында 2012-2022 жылдарға арналған Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше мемлекеттердің іс-қимыл стратегиялық бағдарламасының жобасы талқыланды. Сонымен қатар, балалар өлімін азайту, ана денсаулығын жақсарту жөніндегі Мыңжылдықты дамыту мақсаттарына жетуде ИЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасында ынтымақтастық тақырыптары бойынша интерактивті сессия өтті. Онда ЮСАИД, СЕСРИК, ЮНИСЕФ сияқты халықаралық ұйымдардың өкілдері сөз алып, Ұйымға мүше елдер арасында денсаулық сақтау салаларына қатысты өзекті де өткір мәселелер жөнінде ой-пікірлерімен бөлісті.
Бүгін Денсаулық сақтау министрлерінің Ислам конференциясы жұмысын әрі қарай жалғастырады. Ондағы отырыстарда дәрі-дәрмек, вакциналар өндірісі және онымен қамтамасыз ету жайы, ВИЧ/СПИД-ке, туберкулез бен безгекке қарсы күрес туралы мәселелер талқыланады деп күтілуде.
Сүлеймен МӘМЕТ,
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.
* * *
КОНФЕРЕНЦИЯҒА ҚАТЫСУШЫЛАР ЛЕБІЗІ
Саид МОДАССЕР, Бангладеш Денсаулық сақтау министрінің орынбасары:
– Қазақстан Исламды дамытуда әлемде ерекше маңызды рөл атқарады. Қазақстан біздің елімізге қажетті материалдар мен ресурстар беру арқылы үлкен көмек көрсетті. Қазақстанда денсаулық сақтау саласын дамытуға баса назар аударылып келе жатқанынан біздер жақсы хабардармыз. Әлемдегі көптеген мемлекеттер денсаулық сақтау салаларын дамытуларында проблемалар жеткілікті. Ал Қазақстан өзекті осы мәселеге баса көңіл бөле отырып, оған жыл сайын аса қомақты қаржы бөліп отырады. Оның үстіне елде медициналық қызмет көрсету тегін.
Біз осы сапарда Қазақстан тарабымен медицина қызметкерлері және студенттер алмасу мүмкіндігін қарастыруды мақсат етіп отырмыз. Жалпы, Ислам елдерінде халықты медициналық мекемелермен, дәрі-дәрмекпен, қажетті жабдықтармен қамтамасыз етуде проблемалар да баршылық. Бұл проблемалардың бәрін болмаса да, бірқатарын шешуге осы конференция ықпал етеді деген ниеттеміз.
Мансұр Әл-ХУАСИ, БАӘ Денсаулық сақтау министрінің орынбасары:
– Конференцияда денсаулық сақтау саласына байланысты аса өзекті әрі ерекше маңызды мәселелер талқылануда. Бұл проблемаларды біртіндеп шешу мүмкіндіктері ортаға салынып жатыр. Жиынның Астана қаласында өтуінің өзіндік мәні бар екенін атап өткім келеді. Өйткені, Қазақстан жиырма шақты жылдың ішінде өзін әлемдік қоғамдастыққа жақсы жағынан таныта білді. Қазақстанда денсаулық сақтау саласына, ана мен баланы қорғауға мемлекет тарапынан ерекше қамқорлық жасалып жатқанына куә болып отырмыз. Оның барлығы елдің экономикалық әлеуетіне байланысты болса керек.
Ислам әлемі бұл конференциядан үлкен үміт күтіп отыр. Себебі, Ислам елдеріндегі денсаулық сақтау салаларында қалыптасқан өзекті проблемаларды бірлескенде ғана шешуге мүмкіндік туатыны белгілі. Сондықтан да біздер осында жиналып отырмыз. Ол үшін барша мұсылман елдері бір-бірімен тиімді ынтымақтастық орнатқаны жөн. Оның негізі қалана бастағаны көңілге қуаныш ұялатады.
Туре ФАТОМАТА, Гвинея Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің департамент директоры:
– Біздің делегация Астанаға кеше келген еді. Астананың көркі, қазақстандықтардың қонақжайлылығы өте қатты ұнады. Алған әсеріміз ерекше. Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше мемлекеттер Денсаулық сақтау министрлерінің конференциясы осымен үшінші рет өтіп отыр.
Гвинея Республикасында тұрғындарға медициналық қызмет көрсетуде проблемалар жетерлік. Елімізде бала мен ана денсаулығын қорғау аса қиын жағдайда. Әсіресе, аналар мен балалар өлімі көп. Басқа да ауру түрлері тыйылмай отыр. Бұл мәселелерді сәл де болса жақсартуға осы халықаралық жиын оң әсер етеді деген ойдамын. Конференцияда баршамызға ортақ өткір де өзекті мәселелер талқыланып жатыр. Онда біздің елдің делегация жетекшісі де сөз алып, сол проблемаларды қатысушылар ортасына салатын болады.
Жеткерген АРЗЫҚҰЛОВ, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры:
– Бұл конференция еліміздің медицина саласындағы үлкен оқиға деуге болады. Мен Камерун Республикасынан келген өкілдермен пікір алмасқанда көп нәрсеге қанық болдым. Қазір жүрек-қан тамырлары аурулары азаймай отыр. Соған орай біз адам ағзасын алмастыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз дегенде, олар еліңізде медицина жоғары дәрежеде екен деді. Бұл біз үшін үлкен абырой деп білемін.
Шынында, біздің Отанымызда маман да, қаржы да олардың құқын қорғайтын заң да бар. Тек халықтың сенімі мен көзқарасы жақсарса болғаны. Мұны айтып отырғандағы себебім, өзімізде мол мүмкіндік бола тұра кей азаматтарымыз көп жағдайда сырттағы елдердің еміне ұмтылатыны бар. Біздің мемлекетіміз Шығыс пен Батыс ара-жігіндегі алтын көпір секілді. Сондықтан да біз Шығыстың да, Батыстың да мықты жетістіктерін өзімізге пайдалана білуіміз керек. Ал мына жиын үстінде болатын пікір алмасулар теориялық және тәжірибелік жағынан да берері мол деп білемін. Ақылдасып істеген іс адамзатқа қашанда жетістік әкеледі. Ал медицина бойынша, бұл жиын адам өмірін ұзартуға, ұрпақ денсаулығының болашақта мықты болуына кең жол ашады.
Хамис Хусейн АЛИ, Ирак Республикасы денсаулық сақтау вице-министрі:
– Мен Қазақ елінің астанасында бірінші рет болып отырмын. Бұл өте қуанышты жағдай. Ал мына іс-шараға келетін болсақ, мемлекеттер арасындағы, әсіресе денсаулық саласы бойынша байланысты нығайтуға ерекше септігін тигізетініне еш күмәнім жоқ. Тәуелсіздігін алып, соның 20 жылдығын атап өткелі отырған мемлекетте осындай халықаралық конференцияның өтуін мен құбылыс деп санаймын.
Қазір Ирак елі өтпелі кезеңде тұр. Көптеген іс-шараларды, заң жобаларын, құқықтық нормаларды іске асыру жағы қарастырылуда. Ол бірте-бірте жетілдіріле беретін болады. Иракта адам ресурсы өте жоғары. Бірақ, ел аумағында болған соғыс мемлекетімізді біршама артқа шегіндіріп тастады. Көптеген қиындықтар бар. Біз сол қиындықтарды достарымызбен бірлесе отырып, шешуге тырысамыз.
Қазақстан елімен, Қазақстан азаматтарымен бірінші рет жүздесіп отырмын. Біз өзге де әлем елдерімен, оның ішінде Қазақстанмен де қарым-қатынас жасауға, бірлікте жұмыс істеуге ынталымыз. Осы күндері Ирактағы денсаулық сақтау мекемелерінде үлкен үрдістер жүріп жатыр. Алапат соғыс азаматтарымыздың денсаулығына да кері әсерін тигізді. Әсіресе, ісік аурулары көбейіп кеткені байқалады. Міне, осының бәрін бүкіл ақ ниетті азаматтармен бірлікте жолға қоюға болады деп ойлаймын.
---------------------------------
Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.