Кеше Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев пен Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай 28-29 қыркүйек күндері Астанада өткен Қостанай, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарының ауылшаруашылық тауарлары жәрмеңкесін аралап көрді.
Мемлекеттік хатшы алдымен «Думан» ойын-сауық орталығы жанындағы алаңда өтіп жатқан Қызылорда облысының жәрмеңкесіне келді. Облыс әкімі Болатбек Қуандықов Мемлекеттік хатшы мен Астана қаласының әкімін Сыр өңірінен әкелініп жәрмеңкеге қойылған ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің өнімдерімен таныстырды. Одан кейін Қанат Саудабаев пен Иманғали Тасмағамбетов «Отан-Ана» монументі маңайындағы алаңда қанат жайған Қостанай облысының ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерінің өнімдері қойылған жәрмеңкені аралады.
Келесі кезекте Астана қаласы әкімдігі алдындағы орталық алаңда ұйымдастырылған Оңтүстік Қазақстан облысының азық-түлік тауарлары жәрмеңкесін және өңір қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан өнер туындыларымен танысып, Мемлекеттік хатшы ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында өткізіліп жатқан елордадағы облыстардың мәдени күндерінің маңыздылығына тоқталды. Қанат Саудабаев 28-29 қыркүйек аралығында өткен үш облыстың ауылшаруашылық тауарлары жәрмеңкесінің әлеуметтік мәні мен маңызын ерекше атап көрсетті.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.